Жеке сот орындаушылардың Маңғыстау өңірлік палатасы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жыл қорытындысымен таныстырды. 2016 жылдың басында жеке сот орындаушыларына келіп түскен құжаттардың саны 39 мыңнан асып, 47 млрд. 629 млн теңгені құраса, жыл соңында 16 мың құжатқа азайып, өндірілген қаражаттың көлемі 20 млрд. 100 млн теңгеге жеткен. Бұл туралы жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасының басшысы Жаңабай Кемелханов мәлімдеді.
Жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасы облысымызда ҚР жеке сот орындаушылардың республикалық палатасының филиалы ретінде 2014 жылы құрылған болатын. Ұйымдастыру кезеңі жалғасып, аймағымыздағы сот актілерін орындау құжаттарының 90 пайызы 2016 жылы өңірлік палатаға беріледі.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында сот орындаушылары мемлекеттік қызметшілерін сатылап қысқарту туралы міндетті жүктеген болатын. Осыған орай, еліміз бойынша жеке сот орындаушылар институтын дамыту қолға алынуда.
Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27 қадамында жеке сот орындаушылар қызметін жаңа деңгейге көтеру арқылы сот актілерін орындау саласын дамыту мәселесі айтылған. Елбасымыз «Бізге тарихымызда бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдау маңызды» деп заң саласын нығайтудың қажеттілігін айтып келеді. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап атқарушылық құжаттардың 90 пайызға жуық бөлігі жеке сот орындаушылардың орындалуына берілді,-дейді жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасының басшысы Жаңабай Кемелханов. Ағымдағы жылы жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасына 25 мыңнан астам жаңа орындау құжаттары түскен. Осы жылдың қараша айында жеке сот орындаушылар жалпы сомасы 20 млрд. 100 млн. теңгені құрайтын 16 мыңнан астам сот актілерін орындаған. Соңғы кезде күшіне енген сот актілерін көзге ілмей, заңға бағынғысы келмейтін азаматтардың қатары артып, соның салдарынан орындау құжаттары көбейген. Ал, өңірлік палатада мамандар жетіспейді.
Облыста жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасында қазір 33 қызметкер жұмыс істейді. Ұжымға 20 сот орындаушысы қажет етілуде. Бүгінде мамандардың жүктемесі шамадан тыс артық болып отыр. Басты мақсатымыз – тұрғындарға заңды түсіндіру, күшіне енген сот шешімдерін орындау. Өңірлік палатаға келіп түсетін орындау құжаттары жыл санап артып барады яғни күшіне енген сот шешімдерін мойындап, оны орындаудан бас тартатындар көбейді. Бұл кейбір азаматтардың ел заңын сыйламағандығынан деп ойлаймын,-дейді Жаңабай Кемелханов.
Жеке сот орындаушы заңды бұзып, қандай да бір әрекетке барған тұрғындар мен заңды тұлғаларға қатысты шығарылған сот шешімдері мен қаулылардың орындалуын қамтамасыз етеді. Әкімшілік айыппұл, мемлекеттік баж салықтарын, азаматтардың адал еңбекақысын төлеуден жалтарғандар және сондай-ақ, өз перзенттерінің алдындағы қаржылық жауапкершіліктен қашқандар сот орындаушылардың қарауына жатады. Биыл республика бойынша күшіне енген сот актілерінің 90 пайызы жеке сот орындаушылардың құзырына берілген. Жеке сот орындаушылар заңға қайшы әрекет еткендердің мүлкіне, қызмет ету лизенциясына, банктік есеп-шоттарына уақытша шектеу қойып, көлік жүргізіп, шет ел асуларына тиым салады. Пәтерге қатысты дау-дамайда шұғыл шешім қабылданбайды. 15 қараша мен 15 сәуір аралығында тұрғындар пәтерден шығарылмай, мәселенің барынша бейбіт жағдайда шешілуіне мүмкіндік беріледі. Жеке сот орындаушылары сот қаулыларындағы талаптарға мойынсұнбағандарды бірден жазаламай, алғашында бірнеше рет ескерту айтылып, хат жіберілетінін айтады. Бұдан кейін ғана мәжбүрлеу әрекеттері қолға алынады екен.
Жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасының басшысы Жаңабай Кемелхановтың айтуынша, мекемеде бүгінде мамандар жетіспейді. Жеке сот орындаушысы лауазымына жасы 25-ке толған, жоғары заңгерлік білімі бар, жеке сот орындаушысында үздіксіз тағылымдамадан өткен, атқарушылық құжаттарды орындау бойынша қызметпен айналысу құқығына лицензиясын алған ҚР-сының азаматтары тағайындалады. Биылғы жылдан бастап жеке сот орындаушылардың айрықша құзыретіне заңды және жеке тұлғалардың пайдасына тиесілі атқарушылық өндірістер өткен. Сондай-ақ, жеке сот орындаушылар халыққа нәпақа, жалақы, зейнетақы және жәрдемақы өндіру мәселелері бойынша кепілденген мемлекеттік құқықтық көмек көрсете алады.
Елбасымыз Ұлттық жоспарда мемлекеттік сот орындаушылардың санын 2017 жылға қарай 66 пайызға кезең-кезеңмен қысқартуды тапсырған болатын. Республикалық палата негізінде жеке сот орындаушылардың кәсіби білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында ұдайы оқыту мен тағылымдамадан өткізу қарастырылуда. Статистикалық мәліметтер бойынша, ҚР Әділет министрлігі соңғы жылдары осы салада 2400-ден астам лицензия берген. Елімізде бүгінде 900 жеке сот орындаушысы қызмет етеді. Олардың атқаруында 1,4 трлн. теңгенің 670 мыңнан астам атқарушылық құжаты бар көрінеді.
Облысымыздағы жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасының мамандары 2016 жылы еңбекақыны өндіру бойынша 172 істің 156-сын аяқтап, 126 млн. 641 мың теңге көлемінде қаражатты қайтарған. Сондай-ақ, 6 469 іс бойынша мемлекет пайдасына 363 млн. 285 мың теңге өндірілген. Қазіргі таңда тек нәпақа өндіруге қатысты 5 781 сот шешімі орындауда екен.
Анар ШАМШАДИНОВА