«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының желілік кестесіне сай облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ильмұханбетова тұрғындарды қабылдады. Қоғамдық қабылдауға келген қос тұрғын банк алдындағы қарыздарын төлеуге көмек сұрап, арызданды.
Ақтау қаласының тұрғыны Алтынгүл Набиева кәсібін кеңейткісі келген сіңілісіне үйін кепілге қойып, банктен 2006 жылы АҚШ долларымен несие алып берген. 2009 жылдан бері доллар бағамы үш рет көтерілген кезде несиені төлеу қиынға түскенін айтады. Қарыздан толықтай құтылу үшін дүкенін сатуға қойып, кондитерлік цехын да жабуға шешім қабылдапты. Алайда, дүкенді сатып алуға қызығушылық танытқандар болмаған.
— Несиені АҚШ долларының бағамы 120 болған кезде алған болатынмын. Қазір 335 бағаммен төлеу мүмкін болмай отыр. Сіңілімнің басыбайлы баспанасы жоқ, кәсібі де тоқтап қалды. Теңгемен есептегенде айына 600 мың төлеу бізге қиынға соғады. Егер де қалған қаражатты банкке қайтармасақ, банк үйді алып кететінін айтты. Көмек сұрап барлық жерге бардық, ендігі үмітіміз-«Нұр Отан» партиясы. Банк алдында қалған 81$-ды дүкенімізді сатып немесе басқа да жолдары арқылы төлеуге көмек сұрап келдік. Сіңілім бір жылдары «Үздік кәсіпкер» аталымы бойынша да марапатталған болатын. Оны да ескерулеріңізді сұраймын, — дейді Алтынгүл Набиева.
Тұрғынның шағымын тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ильмұханбетова әкімдік жанындағы қарыз алушылардың ипотекалық тұрғын үй қарызын ипотекалық қарызды қайта қаржыландырудан бас тартулар алуға қатысты шағымдарды қарау жөніндегі комиссияға арыз жазуды тапсырды. Көтерілген мәселе аяқсыз қалмайтынын, шешімін табатынын жеткізді. Аталмыш комиссияға көмек сұрап 120 тұрғын хабарласқанын, оның 40-ны көмек көрсетілгенін атап өтті.
Жалпы желтоқсан айында облыстық партияның ғимаратында 8 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, 22 арыз қабылданған.
Венера МИРЛАН