Қай салада болмасын, маманның білікті болмағы керек. Ал мамандардың біліктілігін арттырып, білімін жаңғыртып отыру олардың жұмыс сапасының артуына көмектесері сөзсіз. Әсіресе, алуан ағымдар қаптаған бүгінгі күні дін қызметкерлерінің неғұрлым білікті болуының маңызы аса зор екендігі айтпаса түсінікті. Мұсылман ретінде өзінің Алла алдындағы парызын өтеу үшін немесе жақын адамы дін жолына түскенде оның дұрыс-бұрыстығын білу мақсатында мешітке барып, жөн сұраған адамдарға діни ағымдардың ара-жігін ажырата көрсетіп, толыққанды жауап беріп, тура жолды сенімді түрде нұсқай алатын имам—заман талабына сай дінбасы.
Жақында облыстық орталық «Бекет ата» мешіті жанындағы қайырымдылық үйінде дін істері басқармасының тапсырысымен «Асар» ақпараттық-талдау орталығы өңіріміздегі имамдардың біліктілігін арттыруға арналған семинар ұйымдастырды. Екі күндік оқудың бірінші күнгі сабағын «Амал иманның шартына жата ма?», «Амал жасамаған адам кәпір бола ма?», «Тауассул және оның түрлері. Тауассул жасаушы мүшрік пе?», «Бидғат туралы», «Абдул Уаххаб еңбектеріндегі күпірлікпен айыптау негіздері» тақырыбында Ақтау қалалық мешітінің ұстазы Айыпқұл Қалымет өткізді.
— Қазіргі қоғамдағы негізгі дертке айналған, адамзат баласы болып шешімін таппай жүрген, мұсылмандарды кәпірлікпен айыптау, «олардың малы, ар-намысы біз үшін халал» деп ұрандап, жар салып жүрген адамдармен ағартушылық жұмысын атқаруға керекті болған мағлұматтар жайында әңгімелеп, оларды өзара талқылаудамыз деуге де болады,-деді ол.
Екінші күнгі сабақ «Усул фикх», «Шариғат мәселелерінде әріптердің ролі», «Көп мағыналы сөздердің шариғаттағы орны», «Ижмағдың түрлері» тақырыбына арналды. Оны Мұнайлы аудандық «Ар-Рахман» мешітінің ұстазы, найб имамы Асға Юнус өткізді.
Ұстаздардың айтуынша, бүгінде өңіріміздегі мешіттер имамдарының біліктілік деңгейі бұрынғыдан жақсарған. Олардың арасында Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті университетін тәмамдаған ұстаздар бар. Қазіргі имамдар Құранды ашып оқи алады және шариғат мәселесін де жақсырақ біледі.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА