«Мұнайлы аудандық Азаматтық бастамасы» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының 2016 жылғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы және «Мұнайлы ауданында үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық орталығының қызметін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Сезім нұры» тақырыбында аудандағы зағип жандар арасында шахматтан турнир өткізді. Аудандағы зағип жандарды қоғамнан тыс қалдырмау мақсатында ұйымдастырылған шахмат турниріне аудандағы мүмкіндігі шектеулі зағип ақсақалдар мен жастар қатысты.
Тартысты өткен жарыста Маңғыстау селосынан келген Досмұхаммедов Айтжан ақсақал І орынға ие болса, Басқұдық ауылынан келген Сәрсенов Абдурахман ІІ орынды, ал Маңғыстау-2 ауылының азаматы Сапаров Қуаныш ІІІ орынды жеңіп алды. Жеңімпаздар арнайы алғыс хаттар және сыйлықтармен марапатталды.
«Мұнайлы аудандық Азаматтық бастамасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дәрібаева Райхан жарысқа қатысушыларды ел тәуелсіздігінің мерейлі мерекесімен құттықтап, шараға белсенді қатысқандарға алғыс айтып, алдағы уақытта да осындай белсенді болуға шақырды.
— Мұндай іс-шаралар аудан көлемінде жиі өткізіліп тұрса, зағип жандардың қоғамға деген көзқарастары өзгерген болар еді,-деп, ойын білдірді «Мұнайлы аудандық зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Досмұхамбетов Асқар. — Бүгінгі шара өте жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар да дән риза.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА