Қазіргі ақша билеген заманда мейірімділік туын көтеріп, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсету оңай емес. Әсіресе, сәби көңілін аулап, балақайларға риясыз қуаныш сыйлау, олардың алтын уақытын жақсылыққа толтыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бірақ «Ақтау қалалық жедел және шұғыл медициналық көмек стансасында» жүргізуші қызметін атқаратын Оралбек Асылбеков ерекше жан. Бүгінгі заманның батыры десек артық айтқандық болмас.
Оралбек аға азғана уақыт ішінде балалардың ең сенімді әрі жақын досына айнала білді. Оның бүлдіршіндерге көрсеткен қамқорлығы, жасаған жақсылығы тәнті етерлік. Осыдан бірнеше ай бұрын, яки жаздың басында Оралбек аға Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылындағы сауда үйінің жертөлесін жалға алып, үстел теннисі ойын залын ашты. Бұл ерекше жоба оқушылар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың бос уақытын пайдалы істерге жұмсау, спортқа тартуды мақсат етті.
— Оқу жылы аяқталған бойда оқушылар демалысқа шығып, далада бос сеңделіп, не істерін, қайда барарын білмей жүреді. Балалар уақыт деген алтынның қадірін білмейтіндіктен, пайдалы істермен шұғылданудың орнына компьютер ойындарына ден қояды немесе зиянды әрекеттерге бой алдырады. Сондықтан, балаларды спортқа тарту мақсатында осы қайырымдылық істі қолға алдым. Үстел теннисін оқушылар мен мүмкіндігі шектеулі балалар тегін ойнаса, ересектер ойнау үшін сағатына 600 теңге төледі. Жалға алу құны қымбат болғандықтан, әрине, қиындықтар көп болды. Жүрегінде дәндей иманы бар адамдар менің балаларға арнап жасағанымды түсініп, ақшаны көптеп тастауға тырысты. Мәселен, «Шегендеу» ЖШС 160 мың теңге аударып, адамгершілік үлгісін көрсетті. Қайырымдылық үшін қол ұшын берді, балалар жүрегінде үміт отын жақты, — дейді Оралбек аға.
Расымен де, оның бұл игі ісі назардан тыс қалмады. «Адам жақсысын жақта» демекші, қолы ашық, жомарт жандар көмегін аямады, қайырымдылық жасады, ал балалардың ата-аналары алғысын жаудырды. Алайда, Оралбек ағаның жарқын жобасы көпке созылмады. Спорт залы 4 ай жұмыс істеп, есігін жапты.
— Қаражатым жеткіліксіз болды. Амалсыздан спорт залын жабуға мәжбүр болдым. Құдай қуат берсе, әлі де қайырымдылық жасап, балаларды қуанышқа бөлегім келеді. Бірақ қаражат тапшы, үкімет басшылары әзірше үнсіз. Балалар мені іздейді, зал қашан ашылады деп сұрайды. Мен алдағы уақытта ашылады деп оларды жұбатып отырамын. Бүлдіршіндер жағдайына алаңдаған жандар әкімшілікке шығып, көмек сұраған екен. Енді мен үкіметтік емес ұйым болып ашылуым қажет. Сонда спорт зал да қайтадан ашылады,-деп атап өтті О.Асылбеков.
Оралбек аға далада қаңғып, алақан жайып, тиын-тебен сұрап жүрген, мүжәлсіз отбасылардан шыққан жалаңаяқ балаларды да шақырып алып, спортқа тартқан, ақыл-кеңесін беріп, имандылыққа баулыған. Және алтын жүректі ағаның игі істері бұнымен тынбаған. Басқұдық ауылында 112 мүмкіндігі шектеулі бала бар екен. Бала көңіліне демеу болып, балақайларды спортқа, салауатты өмір салтына шақырған ол 1 маусым – балалар мерекесінде осы мүгедек балаларға сыйлықтар тарту еткен.
Бүгінде Оралбек Асылбеков «Ақтау қалалық жедел және шұғыл медициналық көмек стансасында» қызмет етеді. Жұмысынан тыс уақытында қайырымдылықпен айналысып, әскери бөлімдермен тізе қосып жұмыс істеп, тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жастарды еске алу шараларына белсене қатысады. Ақындық қасиеті де бар. Мерзімді басылымдарда өлеңдері жарық көрген. Отансүйгіштігімен, табандылығымен көзге түскен оны облыстық әскери басшылары «Қазақстан патриоты» медалімен марапаттаған. Мұндай жетістіктерге жеткен Оралбек аға балаларға қамқорлығын ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арнаған тартуым дейді:
— Еліміздің ұлық мейрамы – Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, мемлекетіміздің мерейін асырып, өркендеуіне тамшыдай болса да үлесімді қосу – басты мақсатым. Егер әрқайсысымыз кішігірім көмегімізді тигізсек, жеріміз гүлденіп, еліміз өсері хақ. Бұл қайырымдылық жобасының көздегені де сол. Балалар - еліміздің жарқын болашағы. Ұлан-ғайыр жеріміздің гүлденуіне, қанат жайып өркендеуіне зор үлес қосатын олар спортқа тартылып, жақсы қасиеттерді бойына жинаса игі. Сондықтан қазірден бастап болашақтың тәрбиесіне тиісті көңіл бөліп, бос уақыттарын дұрыс нәрселерге жұмсағанын қадағалауымыз қажет, — деп түйіндеді сөзін Оралбек аға.
Ендеше, жаны жақсылыққа жақын Оралбек ағаның балаларға арналған тамаша жобасы қайта жанданып, кішкентай жүректерді бақытқа бөлейді деген үміттеміз.
Ханым ҚУАТ