©
Халқымыз бір бала атаға жете туса, бірі өте, бірі кете туады дейді. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміздің сойы бөлектеу. Әңгіме барысында байқағанымыз, Жанарбектің жанарында әкесіне жететін, не өтетін ұлдың жарқылы бар. Өйткені ол жарқ етіп әлем сахнасына шыққалы еңсесін тік тұтумен келе жатқан Тәуелсіз елдің құрдасы.
Жанарбек Якупбаев азаттықтың ақ таңы атқан 1991 жылдың 26 желтоқсанында теміржолшылар отбасында дүниеге келді. Әкесі, анасы, бүкіл отбасының айлық жалақыдан өзге күнелтісі болған жоқ. «Ішемін, жеймін, киемін» дейтін жасқа жетіп қалған 3 балалы жанұя және бір жанмен осылайша толыққан болатын. Жетпіс жыл билік құрған Одақ ыдырап, жаңа отау тіккен жас шаңырақтың қиын-қыстау күндері еді бұл. Сәби жүрегі сол қысыл-таяң шақтардағы халық бірлігін ананың ақ сүтімен сіңіріп, әкенің тәрбиесінен алып өсті.
— Халқымыздың асыл мұраты - Тәуелсіздіктің құрдасы болғаным кеудемді ерекше қуанышқа бөлейді. Себебі мен талайлар зарығып күтіп, жете алмаған бақыт бұйырған бала болып дүние есігін аштым. Ата-бабалардың арманы ақиқатқа айналған — Тәуелсіз елмен бірге тудым. Бірге есейдім. Егемендіктің алғашқы жемістерін көріп, аялы алақанының астында қанат қатайттым. «Бүгінім тыныш өтті, ертеңім не болар екен»,- дейтін кейбір қақтығыстар елінде тұратын қаракөздер сынды емес, еркін елдің ерке перзенті болып өстім. Білім алдым, өзім сүйген салаға жұмысқа тұрдым, үйлендім. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында тағдыр маған тағы бір тарту жасады. Жузетта есімді қыздың әкесі атандым. 1970 жылдары Францияда осы есімді атақты скрипкашы болыпты. Қызымыздың есімін соған ырымдап, Тәуелсіз мемлекетіміздің атын әлемге әйгілі ететін ару болып жетілсін деген мақсатта қойдық.
Жалпы адам баласы неге ұмтылса, жан-дүниесі соған бағытталып, қол жеткізеді ғой. Өзім де, атам, әкем мен оның ағалары да теміржолшылар. Ес білгелі еститініміз теміржол төңірегіндегі әңгімелер. Титтейімізден көрген көлігіміз - пойыз. Осыларды балалық сәттен біліп, көріп үйренгесін бе, жұмысқа келгенде көп қиналмадым. Әйтпесе жаздың аптабы мен мен қыстың қыраулы күндерінде темірдің тілін табу анағұрлым жеңіл шаруа да емес-ті. Темір жол қауіпті аймақ болғандықтан өз қауіпсіздігің де бар, — дейді Жанарбек.
Әкесі Жұмабек Якупбаев Маңғыстау пайдалану вагон депосының техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы, анасы Ғалима Қайырқызы теміржолда оператор. Ағаларының бірі - Жеткізген депоның инженері болса, Жалғасхан Маңғыстау станциясының кезекшісі. Өзі вагон қараушы, жөндеуші. Дегенмен Жанарбектің міндеті тек вагон қарау, жөндеумен шектелмейді. Темірмен сырласа жүріп, неше түрлі әзіл-қалжыңды жадына тоқиды. «Маңғыстау теміржол жастары» атты жайдарман командасының атынан шығып, маңғыстаулық теміржолышлардың намысын қорғайды. Маңғыстау теміржолынан құралған әзілкештер тобындағы бес жігіттің бірі, футбол, баскетбол командаларының мүшесі. Өткен жылы шаңырақ көтерген оның келіншегі де болашақ теміржолшы. Осы салада білім алады.
— Төртінші перзентіміз туылған, Тәуелсіздіктің ілкі кездері әлі көз алдымда. 1990 жылы Маңғыстау станциясына жұмыс бабымен ауысып келгенмін. Бір бөлмелі үйде тұрамыз. Айлықты 3 айда алсақ аламыз, алмасақ бірдеңе қылып күнелтеміз. Сонда да өз мамандығымызды қиып, өзге жерден нәпақа іздеп кетуге қимадық. Ақша болған күнде де дүкенде тамақ болмайды. Үйде кішкентай балалар. Таңмен таласа нан алуға кетеміз. Сағаттап кезек күтпесең, нансыз қаласын. Қалтаңдағы қаржыға да табылмайды. Ал қазір қалай, қаланы былай қойып, ауыл дүкендерінде азық-түліктің түр-түрі толып тұр. Барлық қажеттіні сататын әмбебап дүкендер, қызмет көрсететін орындар, дәріхана, емхана дейсіз бе, тойхана, бәрі бар. Жарық көшелер, үйіңе дейін келіп тұрған ауыз су. Сол кездері қара суға жарымаған сәттеріміз де болды. Су тапшылығын сезінген аймақтардың бірі біз едік. Темірден бөшке жасатып, су құйдыратынбыз. Темірдің тоты шығып, су сарғайып кетсе де ішуге мәжбүр едік. Үйдің қалған бар қажеттілігін техникалық сумен өтедік. Мұнан ашынған жұрт теміржолға шығып, пойызды тоқтатпақшы да болған. Теміржолшылар түсінік жүргізіп, ереуілдің алдын алғанбыз. Ол кезде ұшақ жоқ, автомобиль жолдары да қазіргідей емес, негізгі көлік - темір жол. Бүгінгідей қайда барамын десең де мүмкіндік мол емес. Соның салдарына бір ғана мысал, Бейнеу ауданындағы жақын туысымыз қайтыс болғанда бір облыстың ішінде тұрып бара алмадық. Теміржолды көктемгі су шайып кеткен тұс болатын. Қазір теміржолмен жүретін бағыттар артып, көлік қатынасы да жақсарды. Барлығы әрине, Тәуелсіздіктің, еңбектің арқасында.
Тәуелсіздікті, бүгінгідей заманды кешегі өткен ақсақалдарымыз аңсап, арманда кетті. Түрікменстанда тұрғанда өзіміз де, жеріміз, еліміз туралы «Шалқар» радиосынан естіп, мауқымызды басатынбыз. Әуе толқынын тыңдап отырып «Шіркін-ай, ата жұртымыздың топырағын иіскеп, суын ішсек қой» деген қиялға бататынбыз. Міне, сол тілегіміз орындалды, елге қауыштық, Егемендігін көрдік. Ұрпағымыз тарихи Отанымызда туып, жетіліп келеді, — дейді Жұмабек аға.
Әулетте неше теміржолшы болса соның барлығы дерлік вагон қарау, жөндеу жұмысынан бастаған. Бұл кәсіп оларға атадан мирас болса керек. Жанарбектің атасы Жақып Дауытбаев та Түрікменстандағы болат жол шаруашылығына дәл осы бағыт бойынша еңбекке араласқан. Еңбегі сол жаққа сіңсе де перзенттерін жеткізіп, елге оралтып дүниеден өтіпті. Онан тараған 4 ұлдың төртеуі де Маңғыстау темір жолының дамуы жолында тер төкті. Бейнеу теміржолында жұмыс жасаған Әзім, Серік Жақыпұлдары бүгінде бақилық. Қоныс Жақыпұлы Ақтау портында вагон қараушы. Кенжесі Жұмабек аға екен.
«Әке көрген оқ жонар..»,-демекші, осындай жанұядан нәр алып, алдынғы буынға қарап бой түзеп келе жатқан жас теміржолшы Жанарбек те Тәуелсіздіктің қадірін бір кісідей білетін, айбынын асқақтатуға барын салатын жастар қатарынан. Бүгінде колледжде алған білімін тәжірибеде қолданып, онымен ғана шектелмей, Алматыдағы жоғары оқу орнында жетілдіруде. Алдағы жоспары - саласының қыр-сырына қаныққан, майталман маманы болу.
Шахида ЖҰМАН