©
Тәуелсіздік күні қарсаңында «ҚазАзот» ЖШС-де газ-піспекті электр станциясы іске қосылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Алик Айдарбаев қатысып, құттықтау сөзін жеткізді.
— Идустрияландыру картасы аясында салынған электр станциясы Маңғыстау облысы үшін өте маңызды жоба. Облыс экономикасының қарқынды дамуына қосымша электр қуаты қажет екені белгілі. Сондықтан да біз мұндай жобаларды қолдап, қуаттап отырамыз. Бұл жоба арқасында мекеме өнімін өсіріп, бәсекеге қабілеттілігін арттыратынына сенемін. Жоба табысты болып, жаңа жұмыс орындары құрылып, алдағы уақытта жарқын жетістіктеріңізге куә боламыз деген үміттемін,-деді облыс әкімі.
Әлемдік стандарттарға сай салынған электр станциясының қуаты 40 МВт-қа дейін жетіп, 16 жұмысшы қызмет ететін болады.
— Бұл жоба заманға сай жабдықтармен жасақталып, жоғары көрсеткіштер көрсетуге әзір. Озық техникаларді жетік меңгерген мамандар да іске білек сыбана кірісуге сақадай сай тұр. Осы нысанды салуға бар күшімізді жұмсап, жақсы нәтиже көрсетуге тырыстық. Бізге тапсырыс берген «ҚазАзоттың» жаңа жобасының бас мердігері болу – біз үшін зор құрмет, үлкен сын,-деді ресейлік мердігер компания - «Звезда-Энергетика» АҚ бас директоры Алексей Андреев.
Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ