Өлкемізде ел басына күн туып, неміс басқыншылары тұтқиылдан еліміздің тыныштығын бұзған зұлмат жылдарда парыз бен намысты алға қойып, елі мен жері үшін аянбай күрескен қайсар мінезді жауынгерлеріміз бен тылда тынымсыз еңбек еткен ата- әжелеріміздің ерен еңбегіне қапысыз құрмет көрсету үрдісі жарасымды жалғасын тауып келеді. Осы үрдіске үн қосқан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы, «Каспий- Берекет» ЖШС және Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ұжымы Қарақия ауданы, Мұнайшы ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Күбір Тілешовті Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтай барды.
Ұрпаққа ұран болған ерен ерлікке тағзым етіп, ардагерлерді ардақтау салтын жалғаған аталмыш университеттің басшылары мен мемлекеттік қызметкерлер Ұлы Жеңістің 70,71 жылдық мерекелерінде Күбір атамыздың шаңырағында қонақта болып, сый-құрмет көрсеткен-ді.
–1942 жылы 16 қыркүйекте 18 жасымда әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Өзім сияқты жастармен бірге қып-қызыл майданға кірдік те кеттік. Сөйтіп, Жапонияны күн-түн демей жаудан азат еттік. Соғыс біткеннен кейін Түрікменстанның шекара күзетінде әскери борышымды өтедім. 1947 жылы елге оралған соң, теміржол саласында еңбек еттім. Бүгінде 2 ұл, 4 қызымнан өрбіген немере, нементайларымның ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатырмын. Бұрын қазіргідей тыныш, бейбіт, молшылық заман болған жоқ. Кейінгі ұрпаққа айтарым, Тәуелсіздікті қастерлеп, қадірлеп, аялай біліңдер, – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Күбір Тілешов.
Ш.Есенов атындағы КМТИУ-дің тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Гүлсара Жолдасбаева Тәуелсіздікті аманат еткен ата-баба ерлігіне кейінгі ұрпақ мәңгі қарыздар екендігін, сол зұлмат жылдарды көзбен көрмесе де, зарықтырып жеткен Жеңістің, баянды еткен бейбіт күннің қадір-қасиетін ұмытпайтынын жеткізіп, қарияға мықты денсаулық тіледі. Аталмыш жоғары оқу орнының кәсіподақ комитетінің төрайымы Дәмет Татанова Ұлы Жеңісті жақындатуда майдан даласында кеудесін оққа тосып, Отан үшін от кешкен ардагерге ұзақ ғұмыр тілеп, суреттер жиынтығынан құралған альбомды тарту етті. «Каспий- Берекет» ЖШС директорының орынбасары Мақсат Бекжұмабаев қарияны алда келе жатқан мерекемен құттықтап, азық-түлік қоржынын табыстады.
Қонақтарды жылы шыраймен қарсы алған атамыз қонақтарға алғысын білдіріп, көңілі бір марқайып қалды. Осы шаңырақта айтылған мерекелік лебіз, ілтипат пен шынайы пейіл қарткөңілді жадыратты.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ