Елбасының ғана емес, елдің мерекесіне айналған 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні ақмаржан Ақтау қаласында 49 сәби дүние есігін ашты. 31-і облыстық перинаталдық орталықта және 18-і Ақтау қалалық перзентханасында. Оның 28-і ұл, 21-і қыз бала. Жас аналарды мерекемен құттықтауға облыстық перинаталдық орталыққа облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр арнайы барып, сыйлықтарды табыстады.
— Бүгін біздің орталықта 31 бала дүниеге келді. Оның 19-ы ұл және 12-сі қыз бала. Осы күні өмірге келген барлық нәрестелердің денсаулықтары жақсы, жас аналар да өздерін жақсы сезінеді. Әр сәбидің өмірге аман-есен әкелу де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да барлық жағдайды жасап, жас аналарымыздың қасынан табыла білген акушер-гинекологтардың да еңбегі зор. Нәрестелер ата-аналарының қуанышы болып өссін деймін. Әр үйден сәбидің күлкісі кетпесін. Жалпы туу көрсеткіші жағынан біздің облыс республикамызда көш бастап тұрғанын мақтанышпен айта аламыз, - деген облыстық перинаталдық орталығының директоры Жамал Жаманбаева жыл басынан бері орталықта 7 мыңға жуық нәресте өмірге келгенін, оның 74-і егіз, 2-уі үшемдер екенін атап өтті.
Мереке күні сәбиін өмірге әкелгендердің қатарында Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылының тұрғыны Ақмаржан Балмағамбетова да бар. Алтыншы баласын босанған ананың денсаулығы жақсы, көңіл-күйі де көтеріңкі.
— Ұлымды таңғы сағат 8:30-да аман-есен босандым. Салмағы-4,240. Дәл осы Елбасы күнінде өмірге әкелгеніме өте қуаныштымын. Мерекеде бізге көңіл бөліп, арнайы құттықтауға келген басшыларға алғыс айтамын. Өзім алты баланың анасымын, үлкен қызым Зухра студент, болашақ ағылшын, француз тілінің маманы. Жолдасым Мереке мұнай саласында еңбек етеді. Мен тігіншілікпен айналысамын, үйдің ең кіші келінімін, - дейді 40 жастағы келіншек Ақмаржан Балмағамбетова.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="15409,15413,15412,15411,15410,15408"]