©
Бұрын өмірге он бала әкеліп, тәрбиелеп отырған аналар «Алтын алқа», ал сегіз баланың анасы «Күміс алқа» иегері атана алатын. 2010 жылдың қаңтарынан бастап бұл критерий өзгеріп, «Алтын алқа» үшін жеті, «Күміс алқа» үшін алтыға дейін төмендеген. Мұнымен қоса көп балалы аналардың жасы да төмендеп, жасарып қалды.
Өткен жұма күні облыс әкімдігінде Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы 27 қыркүйектегі №34 Жарлығы бойынша көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапаттауға арналған салтанатты шара өтті. Оны құттықтау сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева әр обасынан бастап бүкіл мемлекеттердің қалыптасыуында аналардың өлшеусіз үлесі бар екендігін атап айтты.
— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ең әдемі әйел — ол көп балалы ана» деген болатын. Сол айтпақшы, осы отырған аналардың барлығы әдемі және жап-жас, - деді ол. - Балаларды өмірге әкеліп, оларды дұрыс тәрбиелеп, білім беріп, оқытып, елдің пайдасына жарайтындай етіп қатарға қосу аналардың зор қажыр-қайрат талап ететін үлкен еңбек екені белгілі. Соған қарамастан сіздер бала тәрбиесіне де, жұмысқа да, үй шаруасына да үлгеріп жүрсіздер. Сіздер сияқты аналарды Елбасы Жарлығымен марапаттау жыл сайынғы дәстүрімізге айналған. Бүгінде Маңғыстау облысы бойынша «Алтын алқа» иегері атанған 6472 ана, «Күміс алқа» алған 7411 ана бар. Біздің өңіріміз бес жылдан бері бала туу жөніндегі көрсеткіш бойынша өзге аймақтардың алдында, бірінші орында келеді. Бұл да сіздердің еңбегіңіз және тыныштықтың, бейбітшіліктің арқасы. Қазір балабақша мәселесі шешілген. Енді бұрынғыдай балабақша кезегінде ұзақ уақыт тұрмайды, бала өмірге келгеннен-ақ балабақшаға тіркеліп қояды. Біздің алдымызда балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту міндеті тұр. Отан отбасынан басталады. Балаларыңыз отансүйгіш еңбекқор, тәрбиелі азаматар болып жетілсін.
Көп балалы аналарға игі тілегін арнаған Бану Ғаниқызы жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелегені үшін төрт ананың кеудесіне «Алтын алқа» алқасын тағып, алты бала туып, тәрбиелегені үшін он бір ананы «Күміс алқа» алқасымен марапаттады.
Халық санының өсуіне өзіндік үлестерін қосып жүрген «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері ескерткіш суретке түсті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ