©
2016 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облысымызда жалпы бюджетке түскен салықтар мен төлемдердің көлемі 391,1 млрд. теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,3 млрд. теңгеге артық. Сондай-ақ, 2015 жылдың түсірілімін өсу қарқынымен салыстырғанда мемлекеттік бюджет 24,1 млрд. теңгеге, республикалық қазына 19,3 млрд. теңгеге, ал, жергілікті бюджет 4,7 млрд. теңгеге өскен. Бұл туралы облыстық әкімдіктің орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Жансұлу Бабаева мәлімдеді.
2016 жылдың 1 қазаны бойынша мемлекеттік бюджет жоспары 126,4 пайызға орындалған. Яғни жоспарланған 184,3 млрд.теңгенің орнына қазына қоржынына 233,0 млрд. теңге түскен. Ал, аймағымызда осы жылдың 10 айында салық берешегінің сомасы 37.4 млрд. теңгеге жеткен.
— Оның ішінде заңды тұлғалардың берешегі 36,3 млрд. теңге, жеке кәсіпкерлер 0,7 млрд. теңге, ал, жеке тұлғалардың қарызы 0,3 млрд. теңгені құрады. Жылдың басымен салыстырғанда берешек 4,8 млрд. теңгеге өсті. Салық тексерулерінің актілерімен қосымша есептелінген сомасы 2,7 млрд. теңге, камералдық бақылау нәтижелері мен өткен кезеңдегі салық төлеушінің қосымша берілген салық есептілігінің формасы 1,3 млрд. теңгеге жетті. Мемлекет алдындағы берешегі үлкен көлемді құраған мекемелердің қатарында «Абакан» ЖШС-і, «Vais-Aktau Lawyer» ЖШС-і, «Корандо-Плюс» ЖШС-і, «Газ-С» ЖШС-і, «АлиТехСтройСервис» ЖШС-і бар. «Абаканның» берешегі 1 120, 3 млн. теңгеге жетсе, «Vais-Aktau Lawyer» ЖШС-інің қарызы 400 млн. теңгеден асқан,- дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ж.Бабаева.
Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің айтуынша, биыл салық төлеушілердің салық есептілік нысандарына камералдық бақылау жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Соның нәтижесінде бюджет қорына 2 483,2 млн. теңге көлемінде қаражат өндірілген. Ал, экономикалық бақылау жұмыстарының аясында 2 366, оның ішінде 2243 салықтық, 123 кедендік тексеру жүргізілген. Салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер, сондай-ақ, өсімпұлдардың барлық көлемі 12,9 млрд. теңгеге жеткен. Жансұлу Бабаеваның айтуынша, кейбір заңды тұлғалар ел заңын белшесінен басып, салықтық төлемдерді қасақана төлемейді. Ал, бірқатар жеке тұлғалар өздерінің құқықтық сауатсыздықтарының салдарынан мемлекет алдында бережақ болып қалады. Осы жылдың 9 айында департаменттің экономикалық тергеу қызметінің мамандары 379 экономикалық қылмысты анықтаған. Бүгінде 175 іс бойынша шаралар қолға алынып, кінәлілер жазаларын тартқан. 106 іс бойынша қазір мамандар жұмыс істеуде. Бұл экономикалық қылмыстардың кесірінен мемлекетке 4 млрд. теңге көлемінде шығын келген. Сотқа дейінгі шаралардың нәтижесінде 2,5 млн. теңгенің берешектері өтелген.
— Біздің қызмет –экономикалық құқық бұзушылықтармен күресте мемлекеттің мүддесін қорғайды, көлеңкелі экономикаға қарсы әрекет етеді. Жалған кәсіпкерлік, ойын бизнесі, салық төлеуден жалтару, мұнай, спирт, ішімдік тауарларының заңсыз саудасы, контрабанда, мемлекеттік сатып алудағы қылмыстар және экстремизм мен терроризмді қаржыландыру көздерін анықтау және оны жою бойынша жұмыстар күн талабынан түскен емес. Қазіргі әлемдік дағдарыстың қиындау кездерінде бұл жұмыстардың өзектілігі айқын. Бизнесті көлеңкелі экономикадан шығару және оны заңдастыру кез келген мемлекеттің табысты дамуы мен экономикалық тұрақтылыққа әкеледі,-дейді мемлекеттік кірістер департаменті профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасының басшысы Ө. Тажмағанбетов.
Биыл заңсыз айналымдағы 5 мыңнан астам бөтелке ішімдік, 1 ойын рулеткасы, 200-дей ойын автоматтары, 4 тонна жанармай және 150 млн. теңгенің контрабандалық тауарлары тәркіленген. Облысымызда соңғы 7 жылда экономикалық қылмыстардың ашылу деңгейі анағұрлым жақсарған. 2010-2014 жылдары аралығында 7 бағыт бойынша 335 қылмыстық іс қозғалған болса, 2015-2016 бұл көрсеткіш 327-ні құраған. Салық төлеуден жалтару бойынша 2010-2014 жылдары 105 іс қаралса, 2015-2016 жылдары 88 іс қозғалған. Жалған кәсіпкерлікке қатысты соңғы 2 жылда 75 іс қаралып, ағымдағы жылы өтелген шығындардың көлемі 102 млн. теңгеден асқан. Жалған кәсіпорын қаражаттарын қолма-қол ақшаға аударып, заңсыз іс-әрекетке барған 3 дерек тіркеліп, атқарылған шаралардың нәтижесінде 38 млн. теңге мемлекетке қайтарылған.
Анар ШАМШАДИНОВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ