Мемлекет шекарадан басталады. Еліміздің ішінің ырыс, сыртының тыныш болуы шекара күзеткен азаматтарға байланысты екендігі аян. Тәуелсіз ел атанып, егемендік туын тіккеннен кейін өз еліңнің іргесін өзің күзетуің заңды құбылыс. Еліміздегі бейбіт өмір, қызу еңбек пен отбасылық тұрмыс мемлекетіміздің, туған ұямыздың амандығына байланысты. Тыныштық, бейбітшілік, достық пен ынтымақ орнаған ел ғана алға қарыштап дами алады. Ал осынау қастерлі мақсатқа біздің шекарашыларымыздың өз үлестерін қосып отырғаны айрықша қуаныш және үлкен абырой.
2013 жылғы қаңтар айында "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" жаңа Заң қабылданды. Бұл Заңда шекараны күзету—еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы мемлекет жүйесінің ажырамас құрамдас бөлігі екендігі атап көрсетілген. Демек, мемлекеттік шекараны қорғау—тыныштық сақшысы саналатын шекарашы жауынгерлер мен әскери қызметшілердің ғана міндеті емес, шекаралық аймақта тұратын әрбір Қазақстан азаматының борышы болса керек.
Біздің еліміз көрші елдердің кейбірімен мен салыстырғанда ұлтаралық татулығы мен экономика саласындағы ілгерілеушілігімен ерекшеленеді. Шекара бұзушылардың көпшілігі жайлы жер іздеп келетінін жасырмайды. Олардың қайсыбірі шекара бұзушылардың біздің ел арқылы үшінші елге өтпек болатыны да белгілі. Қырағы шекарашылар қолға түскен шекара бұзушылардың қадамдарына тосқауыл қоюда.
Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен еліміздің аумағына заңсыз кіретін шетелдік кемелердің жолы кесіліп, браконьерлерден заңсыз ауланған балықтар тәркіленіп жатады.
Кеше Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында жағалау күзеті өңірлік басқармасы мен «Батыс» өңірлік басқармасының жеке құрамдарымен бірлескен мерекелік шара өткізді. Таңертең облыс орталығындағы «Ақбота» саябағына жиналған қос басқармалар өкілдері осындағы шекарашылар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Еске алу рәсімінде сөйлеген жағалау күзеті өңірлік басқармасының бастығы, 1-дәрежелі капитан Қыдыржан Мұқанов ел шебін қырағылықпен күзетіп тұрған шекарашылардың абыройлы жұмысын атап өтті және шекара—қасиетті ұғым екендігін сезініп, өздеріне артылған аса зор міндетті атқарып жүрген қызметкерлерін мақтан тұтатынын жасырмады. Сондай-ақ ол мемлекет шекара күзетінде арнайы кемелер мен катерлердің сапта, ел амандығы мен табиғи байлығын күзеткен сарбаздардың сақадай сай екендігін нық сеніммен жеткізді.
«Батыс» өңірлік басқармасы бастығының орынбасары, тәрбие және әлеуметтік құқықтар жөніндегі басқарма бастығы Серік Смағұлов ел тұтастығы мен қауіпсіздігі мемлекеттік шекараның бекемдігіне байланысты екендігін, өзіне берік болған елдің шекарасы мызғымайтынын атап айтты.
Шекарашылар ұйымдастырған мерекелік шара соңы жағалау күзеті өңірлік басқармасының клубындағы концерттік бағдарламаға ұласты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН