Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және облыстық ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аймақта алғаш рет өндірістік кәсіпорындардағы жас мамандар арасында «Жігіт сұлтаны-2016» байқауы өтті. Шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
— Қыздардың арасында өтетін сұлулық байқаулары үйреншікті жағдай, ал енді жігіттердің арасында мұндай сайыстар сирек кездесетіні рас. «Жігіт сұлтаны» байқауы аймақта мұнайшылар арасында алғаш рет өткізіліп отыр. Дайындыққа біз қатты мән бердік, қатысушыларды вокальдан түбекке белгілі әнші Аида Байгелова, биден тәжірибелі хореограф Айнұр Сариева, домбырадан Мадина Утепова дайындап, жұмыстың жүйелі жүргізілуін Гүлмира Бурхандинова қадағалады. Бұл байқауда барлық жігіттер шығармашылық, тапқырлық, көшбасшылық қасиеттерін көрсетеді деп сенемін. Қатысушыларға сәттілік тілеймін. Байқаудан бөлек залда көрермендерге арналып үш жәшік қойылған, жиналған қаржыны қаламыздың кішкентай тұрғыны Шапағаттың еміне жұмсау үшін анасына табыстаймыз. Байқауды тамашалау тегін ұйымдастырылған, — дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Аманғали Нұрдәулетов.
Байқауға сайдың тасындай іріктелген нағыз нар тұлғалы жеті жігіт қатысып, өлкедегі ірі өндіріс ошақтары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Бұрғылау» ЖШС, «Бузачи Оперейтинг ЛТД» компания филиалы, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС, «Тұлпар Мұнай Сервис» ЖШС намысын қорғады.
Сан қырлы өнерлерімен танылған жігіттерге Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдаулетов, Маңғыстау облысының индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев, белгілі әнші, ханзадалардың төресі Ғаділбек Жаңай, Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков, Астанадан келген «Қазақстан жастар конгрессі» заңды тұлғалар қауымдастығының атқарушы директоры Айдын Сәбитов, республикалық «Айқын» газетінің Маңғыстау облыстағы меншікті тілшісі Венера Мирлан, «Найза файтер» кәсіпқой спорт клубының жетекшісі Нұрбек Қарабалаев көмекшілерімен төрелік етті. Сайысқа қатысушылар таныстыру, сұрақ-жауап бойынша бақтарын сынап, өнерлерін ортаға салып, шеге қағудан, гір тасын көтеруден тапсырмаларды орындады. Бірі-гитарамен ән шырқаса, енді бірі-күмбірлете күй тартып, әр түрлі ұлттардың биін билеп, көрерменнің көңілін серпілтті. Сұрақ-жауап бөлімінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, ЭКСПО-2017 көрмесі, ҚР Конституциясына қатысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, интеллектуалдық деңгейлерінің де жоғары екенін көрсетті. Тартысты өткен байқаудың қорытындысында бас жүлдеге ие болып, «Жігіт сұлтаны» атану «Қаражанбасмұнай» АҚ бұрғышысы Марат Мамбетовқа бұйырды.
— Сахнаға шығуға бар жауапкершілікпен дайындалдым. Дайындыққа 10 күндей уақытымыз кетті. Бәсекелес жігіттер де мықты болды. Олардан басым түсу үшін барымды салдым, өнер көрсетуде күй тарттым, берілген тапсырма бойынша 1 минутта 23 шеге қақтым, қарсыластарымнан бір саты жоғары болдым. Гір тасын көтеруден де барымды салып, белгіленген уақытта 44 рет көтердім. Жалпы өзім қолым бос кездерде күй тартамын, қолөнермен айналысамын. Мекемедегі мәдени іс-шараларға белсене араласамын. Алғашқы еңбек жолымды «Қаражанбасмұнай» АҚ мекемесінде 3-дәрежелі жөндеуші болып бастап, 5-ші дәрежелі бұрғышыға дейін көтерілдім. Биыл мекеме арасында өткен «Жігіт сұлтаны» байқауына қатысып, бірінші орынды иеленген болатынмын. Бұл жолы да мекеменің намысын абыройлы қорғап, бас жүлдені еншілегеніме өте қуаныштымын, — дейді Марат Мамбетов.
Екінші орынға «Бузачи Оперейтинг Лтд» компания филиалының 4-ші разрядты мұнай және газ өндіру жөніндегі операторы Асхат Төреғали лайық деп танылса, үшінші орыннан «Тұлпар Мұнай Сервис» ЖШС ұңғыларды жерасты және күрделі жөндеу цехының бұрғышы көмекшісі Аманғали Қанатов көрінді. Бас жүлдеге 150 мың теңге, екінші орынға 100 мың, үшінші орынға 50 мың, сондай-ақ, ынталандыру сыйлықтарына 10 мың теңге табысталды.
Венера МИРЛАН