Жарықтық Тұщықұдық – Шебірдің киелі жері-ай! Киесіне көлеңке түсірмеген елі-ай! Ойпаңыңды жерұйық десем, құба жоның нар биік емес пе? Арымыңды қыстау десем, адырың хан жайлау емес пе? Қызым 13-ке жетіп бұлан болған, ұлым 15-ке жетіп ұлан болған, жерім-ай! Айрандай ұйыған елім-ай!
Сол Тұщықұдық –Шебірді бес саусағындай білетін бір дана қарт болды. Ол бүкіл жұртшылық Жәкең деп атап кеткен Жанәділ қария еді. Жәкең ескіше сауаты мол, обал-сауаптан сырт қалып көрмеген, Ержан хазреттің өзі қадір тұтқан иманды адам болған. Жәкеңнің Иса есімді жалғыз ұлы да ұлағат пен даналықтан құралақан болған емес.
Бес жасында ат жалын тартып мінген шымыр бала 90 деген толағай жасты тоздырғанша ат үстінен түсіп көрген жоқ. Ол өңірдегі ауыр инсдустрияның тұңғышы атанған «Маңғыстау көмір» тресінің алғаш рет жүрегін соқтырған жанкешті шахтерлердің бірі атанды. Айлап жатып Мақат-Құлсары теміржол желісін салуға қатысты. Еділ-Дон даласындағы қиян-қолтық ұрыста үш рет оққа ұшып, әскери госпитальда өлім ауызында аласұрды. Ленинград майданының алғы шебінде жүргенде төрт немісті байлап әкеліп штабқа тапсырып, «Үздік барлаушы» атанғаны бір бөлек әңгіме. Соғыстан кейін Иса Жанәділұлы ақтылы қой, айыр өркешті түйе өсірумен айналысып, толағай табыстарға қол жеткізді. КСРО-ның екі орденін, онға тарта медалін жарқыратып омырауына тақты.
Әрине, мұның бәрі тек энциклопедиялық анықтамалар ғана. Ал әрбір анықтаманың астарында қиындығы мен қызығы қат-қабат араласып жатқан нағыз өмір өрнегінің бар екенін білсек қой шіркін? Елге оралған Исекең 1946 жылы ұлды болып, зор қуанышқа кенелді. «Қуанып жатқан жалғыз біз емес. Бүкіл елді Құдай қуантып жатқанда дүниеге келген нәрестенің есімі Қуантқан болуға тиісті» деп Жәкең қария немересіне азан шақырып Қуантқан деп ат қойып, әлім-берім той жасап, қойшылар қауымын қара ұнның собалағына бір тойдырып жібергені бар.
Сол тойда қара ұнның собалағына тойып, бет- әлпеттеріне қан жүгіріп, қайратына мас болған қойшы ағаларымыздың қазір қарап отырсақ, бірде-біреуі арамызда жоқ екен. Бірақ артындағы интірескен ұрпағын көріп отырып, «жоқ» деуге де аузымыз барар емес. Ал соғыстан кейінгі алғашқы той мен қуаныштың негізгі себепкері болған шынашақтай ғана шілмиген қара баламыз – Қуантқанымыз бұл күнде 70 деген жемісті жылдардың ұшар басына барып қонды. Өмір жолы өнегеге, ғұмыр жасы ғибратқа толы Куекең 1953 жылы Сталин ұжымшарының орталығы Түрлендегі бастауыш мекетебінің табалдырығын аттап, Маңғыстаудағы алғашқы ұстаздардың бірі Әнес Айтановтан дәріс алыпты.
Кейін жоғарыда аталған мектептің жабылуына байланысты оқуын Тұщықұдық орта мектебінде жалғастырып, кәмелеттік аттестатты да осы мектептен алып шықты. Ол Хисмет Рахимов, Қойлыбай Қаражанов, Сұлупан Панабекова, Сайлау Якушева, Оңдабай Ахметов, Жәңгірхан Маңғыбаев, Тарғын Бектілеуов, Жұмалбек Үсенбаев, Алдажан Алпанов, Сәуірбай Жұмағалиев, Жұмабай Жақаев, Марияш Сәңкібаева, Сара Мырзағалиева сияқты Маңғыстау педагогикасының ең бір жарық жұлдыздарының алдын көріп, тәрбиесін алып, текті азамат болудың тетігін үйренді. Жоғарыда аттары аталған ұстаздардың көпшілігі сол жылдары Орал педагогикалық институтын бітіріп келген жоғары білімді өрімдей жастар еді.
Қуантқанның азаматтық болмысының қалыптасуына туыс ағасы әрі ұстазы Жұмалбек Үсенбаевтың еңбегі ерекше болды. «Жұмалбек ағамның үйінде жатып оқыған алты жылым өз өмірімнің алтын ғасыры болды» деп еске алады Куекеңнің өзі. Онысы рас. Ол шын мәнінде өмірді де, өнерді де Жұмалбек ағасынан үйренді. Алғаш рет домбыра шерту, шахмат ойнап, этюдтерді шешуді, тіпті ағаш сүріп, шеге қағу өнері де сол ағасынан дарыды. Адамдармен қарым-қатынас этикасын, мәдениет пен еңбектің, қанағат пен рақымның әліппесін ұғындырған да Жұмалбектей ұлағат иесі еді.
Мектеп бітірісімен өзі қаршадайынан жаны сүйіп қалаған арманына қарай қанат қақты. 1967 жылы Гурьев педагогикалық институтының физмат факультетін математика мамандығы бойынша бітірді. Және қалай бітірді?-дейсіз ғой. Орыс бөлімінде оқып, ойдағыдай тәмамдады. Бұл өз заманында зор мақтаныш болып саналатын. Менің әкем Сегізбай Арғымбайұлы да малшы, мен де Куекең сияқты ГМПИ-ды бітіргенмін. Сонда екі қарияның (Иса мен Сегізбай) екі төбенің басында екі отардың шетінде тұрып айқайласа сөйлескенін көз көргендер кезінде ауыздарынан тастамай тамсана айтып жүруші еді.
Куекең Свердловск қаласына қарасты Белоярск АЭС маңындағы ұшқыштар полкінде әскери міндетін абыройлы атқарып келгеннен кейін Шетпе кентіндегі №2 (қазіргі Берекет Жұмалиев атындағы) және Шахта орта мектептерінде математика пәнінен сабақ берді. Ол аудандағы ең үздік мұғалімдермен үзеңгілес жүріп, өзі де үздіктер қатарынан табыла білді. Куекеңнің Кетебай Қиынов, Әбіштай Құдайбергенов, Шақырған Ерғазиев, Сағатбек Бекжанов, Қанзия Жалғасбаева, Оңғарбай Еңсегенов сияқты әріптес ағалары шынында да халық ағарту ісінің үздіктері еді. 1970 жылы №2 (қазіргі Берекет Жұмалиев атындағы) орта мектепте қатар оқыған үш бірдей оныншы сыныптарға математикадан сабақ беріп, өз саласының болашақтағы нағыз үздіктерін тәрбиелеп шығарды. Олардың қатарынан Қази Қойтанов, Сағыныш Төралиев, Қуантқан Ванов, Ғизат Дүйсенбаев, Аманкелді Ақжанов, Кемелбек Ниязбаев, Орақ Морханов, Сегізбай Әнесов, Атағозы Жұбаев, Асу Балмағанбетов, Мұханбет Жүнбасов және т.б әртүрлі саланың бесаспап мамандары бар болатын.
Кеңес үкіметінің тұсында номенклатуралық кадрларды көбінесе көзге түскен үздік мұғалімдер арасынан іріктейтін үрдіс болды. Аудан, облыс аумағында түрлі деңгейдегі басшылық қызметте болған Д.Әріпов, А.Өтеуов, Т.Меңдібаев, Б.Сарбалаев, Т.Смағұлов, С.Еділханов, А.Қуанбаев, К.Үйсінбаев, С.Алдабергенов, О.Алшымбаевтар бұрынғы ұстаздар болатын. Осы үрдіс Исаев Қуантқан тұсында да сақталды. Оған 1974-76 жылдары Тұщықұдық кеңшары бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, 1976 жылдан бастап Маңғыстау аудандық мәдениет Кеңес, кәсіподақ саласындағы жауапты қызметтер сеніп тапсырылды. Куекеңе ауыл жастарының жетекшісі болған кезде екі бірдей комсомол жастар бригадасын құрып, бүкілодақтық ХШЖК-не барып қайту бақыты бұйырды.
Ол – Маңғыстау аудандық ауылшаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының ардагері. Мәскеу қаласында екі рет білім жетілдіру курсында болып, тәәжірибелі де білікті маман ретінде танылды. Педагогикаға қайта оралмайтынына көзі жеткеннен кейін Батыс Қазақстан АШИ-нан қосымша экономист мамандығын алып шықты. Ол заман мен қоғамдық ортаның сұранысына орай өзін-өзі қайта даярлауға және бейімделуге әрқашанда әзір болды. Бұл мәселенің арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы қазір мықтап қолға алынып жатқанын көпшілік қауым жақсы біледі.
Қ.Исаев алдыңғы қатардағы кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде бірнеше рет кәсіподақтардың республикалық съездеріне қатысып, аудан жетістіктерімен қоса, өткір мәселелерді де көтере білді. Ол белгілі бір мақсаттарға жету үшін өз тәжірибесінде БАҚ-ын шебер пайдаланып, жазушы, журналист тілшілермен берік ынтымақтастықта жұмыс жасады. «Тұщықұдық көкжиектері» атты озат тәжірибелік бағытта жазылған еңбектің жарық көруіне атсалысты. «Мен үнемі үздіктермен үзеңгілес жүріп, үлгісін алудан жалыққан емеспін. Үздік кәсіподақ қызметкері, тұғыры берік төраға Жаздырхан Сейдалиев ағамыздан көп нәрсе үйрендім. Жаман ат арқаламай, елдің аманатын арқалап, игі жақсылармен үзеңгі қағыстырып қатар жүрудің өзі бір бақыт емес пе?,- дейді Куекең.
Әр жылдары кәсіподақ қызметкерлерінің облыстық комитетін басқарған Ж.Жұмашов, Ш..Сұлтанов, Б.Төлеуғалиев немесе аудандық –ауылдық масштабта абыройлы қызмет істеген. К.Тұманбаев, Б.Төлегенов, Б.Іздібаев, Е.Мизанбаев, Т.Оразов, Т.Молдамұратов, К.Мынбаев, К.Жұбанов, К.Калимов Қуантқан Исаевтың арқа сүйер асқар тауы болды десек артық айтқандық бола қоймас. Осылардың бәрімен үзеңгі қағыстырып қатар жүрді, өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге көрді.
«Кеңес үкіметі кезінде Қазақ КСР-і жоғарғы кеңесінің төрағасы болған Ниязбеков, Қазақстан КП Орталық комитетінің хатшылары Н.Коркин мен С.Имашев, мәдениет министрінің орынбасары О.Жәнібеков, Гурьев облыстық кәсіподақтар федерациясының төрайымы М.Ғабдісалимовамен кездесіп, сұхбат құрған әрбір сағатымды мың күнге балаймын» деп үзеңгі қағыстырып қатар жүрген ағаларын, ескі достарын, аяулы әріптестерін сағынышпен еске алады бұл күндері Куекең.
Қуантқан Исаев ұзақ жылдар аудандық кәсіподақ комитетін басқара жүріп, қарапайым еңбек адамдарының сөзін сөйлеп, солардың сойылын соқты. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту және көтермелеу, марапаттау мәселелерімен тұрақты түрде айналысты. Және еңбек дауларын барынша әділ шешуге күш салды.
Кеңес үкіметі тарап, қоғам мүлкі жекеге беріле бастағанда Қ.Исаев аудандық беделді комиссияның мүшесі ретінде батыл әрекет жасады. Ол жылжымайтын мүлікті малшыларға тегін беру, шаруа қожалықтарын құру сияқты ұсыныстарды қолдады. Кейін ол аудандық әкімшілікке ауысып, бас маман, әкімнің кеңесшісі қызметтерін абыройлы атқарды. Қ.Исаев шағын және орта бизнесті жолға қою, кәсіпкерлікті дамыту сияқты әлі толық қалыптасып үлгермеген нарық жүйесінің экономикалық негіздерін қалаудың бастамашылардың бірі болды. Сол кездегі аудан басшылары С.Керелбаев, Қ.Сейілханов, А.Еділханов, А.Қартбаев, Ж.Жапақов, К.Ұзақбаев, С.Тәжібаев, Қ.Боқанов, Ж.Айтуаров, К.Үйсінбаев, Д.Сейбағытовпен үзеңгілес жүріп атқарған жұмыстарының арқасында қиын кезеңнен қиналмай өте білді. Ауданның барлық елді мекендері көптен бері арманы болған көгілдір отынмен, тұрақты ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілді. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасында белгіленген нысандар дер кезінде пайдалануға берілді. Аудандағы көлік жолдары, кентішілік инфрақұрылымдар айтарлықтай жақсара түсті. Шетелден инвестиция тарту арқылы кәсіпкерлік бағытта Шетпе кентінің маңынан цемент зауыты салынып, ел игілігіне қызмет істеуде. Қ.Исаев 2005 жылы аудандық статистика басқармасының бастығы болып тағайындалды. Ол бұл жұмысқа математик, информатик ретінде қызыға кірісті. Себебі нақтылы есеп-қисапсыз нарықтың өрге баспасы анық. Куекең бастаған есепшілер 2007 жылы малдың, 2009 жылы аудан халқының нақтылы есебін жүргізді. Тұтыну тауарларының ассортиментін анықтады. Қ.Исаев статистика саласында қажырлы еңбек етті. 64 жасқа келгенде амал жоқ аттан түсуіне тура келді. Өзінің шәкірттерінің бірін әкеліп, тұғырына мінгізіп, құрметті еңбек демалысына шықты.
70 жас деген айтарлықтай ұзақ ғұмыр емес. Ғұмыр бойы игі жақсылармен үзеңгілес жүрген Қуекең шебер волейболшы, шахматшы, бильярдың білгірі, стол теннисінің ұстасы болды. Іссапармен барған жерінде балағын түріп, доп қуалаған балалардың арасына кіріп кететін әдеті бар.
Ол әскери міндетін өтеп жүргенде КСРО-ның №2 ғарышкері В.Титовпен академияны бірге оқыған шахматтан спорт шебері майор И.Хлыстовтың 10-15 сарбазға қарсы ойнаған сеанстарына қатысып, үнемі тең дәрежеде өнер көрсететін. «Свердловскіде қал, мен сені бір жылда спорт шебері қылып шығарамын» деген Хлыстовтың сөзі есінде. Шетпе кентінде спорттың осы түрлері әңгіме бола қалса, қатар жігіттер: «Қуантқанды ұттың ба?» «Қуантқанмен қалай ойнадың?» деп сұрайды екен... Әрине мен 70-тегі Қуекеңнен олимпиада чемпионын шығарайын деп отырғаным жоқ. Менікі салауатты өмірдің чемпионы болмаса да, шебері болса екен деген тілек қана.
Ол еңбек демалысына шыққанмен де Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында нарықтық экономика талаптарын аудан тұрғындары арасында кеңінен түсіндіру, еңбек ұжымдарымен кездесу жиындарына қатынасып отырады. Аудандық кеңестің хатшылығы, Шетпе селосы ардагерлер ұйымының төрағасы болып қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып келеді. Куекеңнің Құдай қосқан қосағы Асылтас Қалмырзақызы банк саласының байырғы қызметкері. Мерейлі отбасының мейірімді анасы. Бауырынан өрбіген 4 перзентінің бәрі де жоғарғы білімді, төртеуі төрт кәсіптің қыр-сырын меңгерген мамандар. Еңбегі әр кез еленген Куекең барлық деңгейдегі кәсіподақ комитеттерінің, облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, 2 мәрте Елбасы Н.Назарбевтың Алғыс хатымен, Маңғыстау облысының 35 және 40 жылдығына арналған төсбелгілермен, республика кәсіподақтар орталық комитетінің 1-дәрежелі «Еңбек Даңқы» белгісімен мараптталды.
Сөз соңында айтарымыз, қария ғұмырың дария қуаныш пен шаттыққа ұлассын, Куеке! Ғұмыр бойы өз ісінің үздіктерінің қатарынан көріне білгеніңе қуаныштымыз. Біз сені мақтан тұтамыз.
Муса СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
еңбек ардагері.