©
Менің туған жерім - маңғаз Маңғыстаудың қарашаңырағы Ақкетік қаласы. Ақкетікті білмейтін адам кемде кем шығар?! Күні кеше 170 жылдық мерей тойы аталып өтті. Бұл қасиетті топырақта тарихты дүр сілкіндірген батыр да, коғам қайраткері де, ақын да, жыршы да дүниеге келген. Осы қоғамда дүниеге келгендердің ішінде мен де, достарым да бар. Сол досымның бірі - Бухарова Виолетта Александрқызы.
Виолеттамен сонау 2008 жылы 1- сыныпқа келген кезде танысқанмын. Ол 2000 жылдың 13 қарашасында осы киелі топырақта дүниеге келген. Біздің мектебіміз аудан орталығынан үш шақырым жерде орналасқан. Халық аузындағы атауы – Қарашекпен. Қилы замандарда қасиетті қазақ даласы мен дана қазақтың құшағы кімдерге ашылып, кімдерге қоныс болмады, десеңізші! Талай тарихи оқиғаның куәсі болған Қарашекпенді де ата қонысым деп, бірнеше ұлт өкілдері тату –тәтті өмір сүруде. Қаймағы бұзылмаған ауыл халқының тірлігінің біте қанасып кеткені сонша, қазақ, орыс, ұйғыр, татар сынды ұлттардың салт-дәстүрлері, ырым-жоралғылары мен әдет-ғұрыптарына шейін бір аталып жатады. Көктем шыға сала орыстың Масленицасы мерекеленіп жатса, бәрі бірге қазақтың Наурызын да кең дастарқан, шат көңілмен тойлап жатады. Осындай ынтымағы жарасқан ел арасында Виолеттаның отбасы да бар.
Виолетта- сары өңді, қыр мұрынды, қасы қиылған, алтын шашты, бойшаң қыз. Ұлты – орыс. Сонымен қатар оның ерекше бір қасиеті – қазақ тілінде еркін сөйлеуі. Сөйлеп қана қоймай, өлеңді мәнерлеп жатқа айтқаны бір бөлек әңгіме. Сөздерді дыбыстық құрамына қарай еркін талдағанда шамалыны шаңына да ілестермейді. Ол бастауыш сыныптан бастап түрлі сайыстарға қатысып, жеңімпаз болған. Мектепте, аудан көлемінде ұйымдастырылған түрлі шаралардың жеңімпазы. Атап айтатын болсам, аудандық қазақ тілі пәндік олимпиадасында 2-орын, аудандық «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты сайыста 2-орын, аудандық «Мемлекеттік тілдің білгірі» сайысында бас жүлдені иеленді, аудандық "Мемлекеттік тіл мерейі" сайысында 1-орын иеленіп, ноутбук ұтып алды.
Виолетта кезекті бір сайыста
Мен досымның жеткен жетістіктеріне қуанамын... Әрине, қазақ тіліне деген ықыласын оята білген Надежда Шүкірқызы сынды ұстаз еңбегінің де зор екенін айтқым келеді. «Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы», Виолеттаның қазақ тіліне деген қамқорлығына бас иемін. Қазақ елінің барлық азаматтары мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі тиіс деп ойлаймын. Бұл Виолеттаның ғана емес, сонымен бірге оның отбасының да қазақ халқына деген құрметінің белгісі деп білемін. «Отан отбасынан басталады» дегендей, Виолеттаның бойындағы осы бір жарқын қасиет отбасындағы ынтымақтастық сезімінен дарыған болса керек. Қазағымның «ақсың ба, қарасың ба, қоңырсың ба» бөліп жармаған, барлық адам баласын «Бір Атаның баласы» деп таныған данышпан санасы - елімізді мекен еткен барлық ұлттар мен ұлыстарға дарыған сана. Менің елімнің ұлылығы да осында деп білемін, ал оның кірпішін қазақ қалады. Біз - осынау келісе пішілген, талай тарихи сыннан сүрінбей өткен «Ынтымақ» ауылының мұрагеріміз. Біздің болашаққа барар жолымыз да айқын, мақсатымыз да бір. Виолеттаның менің ана тілімнің, баба тілімнің шарықтауына өз үлесін қосып жүргенін зор мақтанышпен айтқым келеді. Болашақта Надежда Лушникова апамыздай ақылы мен нақылына дүйім жұрт құлақ салар, ақын болмаса да, еліне жақын азаматша болатынына сенемін. Досым Виолеттаға ақжол тілеймін! Қазақ тілімнің мәртебесі арта берсін!
Бекжан ҚОСАЙҰЛЫ
А.М.Горький атындағы мектеп-лицейінің 9- сынып оқушысы
Суреттерді түсірген Милана ЕЛЕУСІНОВА