Ақтау қаласындағы № 8 орта мектепте аймақтық «Әбіш оқулары» байқауының облыстық кезеңі басталды. Қала, аудандардан келген оқушылар байқау ережесіне сәйкес Ә.Кекілбаев шығармаларынан иллюстрациялық суреттер, зерделеу жоба, мәнерлеп оқу, «Жас дарындар», сахналық қойылым байқауы сияқты бес бөлім бойынша сынға түсті.
Қазақстан Республикасының Халық жазушысы , мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың артында қалған мұралары - өскелең ұрпақтың сусындар рухани құндылықтары. Энциклопедиялық білім иесі, ғұлама жазушының әңгіме-романдары, публицистиклық шығармалары, ғылыми-танымдық мақалалары, баяндамалары мазмұны азаматтық ұстаным, елдік мүдде, ұрпақ ұстанымы, келешек келбеті, ата-баба аманатына деген адалдық, өнеге-тәлім ұғымдарымен байланысып жатырғаны ақиқат. Тәуелсіздіктің қадір –қасиетін қайталанбас талант, қалам құдыреті арқылы жеткізген қаламгердің қоғам өміріндегі саяси өзгерістерге білек түре араласқан, қоғамдық сананы қалыптастыруға моншақтап тер төккен қайраткер ретінде де еңбегі ұшан-теңіз. Әбіш Кекілбаев есімін ұрпақтары ұмытпайды, оның өміршең туындылары өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытып, келешектің мүддесіне қызмет ете бермек.
-Мақсат –мектеп оқушылары арасында Әбіш шығармаларын насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын дамыту, оқушыларымызды жазушының рухани мұрасына деген сүйіспеншілкке тәрбиелеу. «Әбіш оқулары» байқауының облыстық кезеңінен озық өнерімен танылып, жеңімпаз болғандар аймақтық байқауға жолдама алады.- !с-шараны кіріспе сөз сөйлеп ашқан Маңғыстау облысы білім басқармасы , тәрбие бөлімінің басшысы , қазылар алқасының төрайымы Алмажай Райымбердиева қатысушыларға табыс тіледі.
Әлгінде көргенбіз, бір бұрышта оқушылардың Ә.Кекілбаев шығармалары бойынша салған суреттері қойылыпты. Мазмұнды, оқиға желісін қайталап ғана кетпей, өз қиялымен ой түйген талапкерлер де аз емес екен. Бізді бояу, кескіндегі өзіндік қолтаңба ізі, ізденіс, талпыныс қуантты.
Ә.Кекілбаевтың шығармалары бойынша зерделеу жоба байқауына қатысушылар да барынша дайындықпен келіпті. Жетекшілерінің дұрыс бағыт-бағдар бермеуінен бе, әлде тәжірибесіздіктен бе нақты тақырыптан ауытқушылық, белгіленген уақытқа айтар сөзін сыйғыза алмаушылық, бір шығарманың төңірегінде ой қорыту, пікір түйіндеудің орнына әріден қамтимын деп ауажайылушылық байқалды. Жазғандарына қарамай айтамын деп жаңылысып қалып жатқандар да аз болмады. Дегенмен, барынша көбірек ізденгендері, бағалы ұсыныс-пікірлерімен ерекшеленгендері сүйсінтті. Кім біледі, осылардың ішінен елге танымал ғалымдар да шығар, ертең. Өйткені, олар таңдаған жұмыстың осы қалайы жоқ. Тақырыбы, аттары қандай! «Күй» повесіндегі тарихи тұлғалар»( Назерке Нұрқайырова, Ақтау қаласы), «Шыңырау» повесіндегі құндылықтар»( Карима Алтынбай, Жаңаөзен қаласы), «Есболай әңгімесі» шынайлылық пен сүйіспеншілік символы»(Ақтілек Түркменбайұлы, Түпқараған ауданы), т.б...
Әбіш Кекілбаев шығармаларын мәнерлеп оқу байқауы барынша іс-шараның ерекше ажары, айшықты сәттері ретінде есте қалды. Қатысшылардың осы қалайы жоқ, қызған сайын өрге шабар жүйріктер сияқты. Маңғыстау ауданынан келген Ықылас Таңатарұлы «Абылайхан» драмасынан үзіндіні нақышына келтіре оқыды. Жаңаөзендік Айсара Қоңыршаеваның орындауындағы «Алматыда күзгі күні бульварда»көңілден шықты. «Құс қанатын» бейнеулік 7 сынып оқушысы Роза Ұстанбай жап-жақсы жеткізді. Тоқжан Есмұратова «Ақтау!. Тұрғанай Жаңабаева (Мұнайлы), Жеңісгүл Бөлекбаева( Қарақия),Ерлан Киікбай (Ақтау қаласы) орындауындағы шығармаларға да көпшілік ерекше қошамет білдірді
Түстен кейін жас «Жас дарындар» байқауын тамашаладық. Бибарыс Жайлаубаев (Ақтау), Айбек Ізтұрған ( Жаңаөзен), Сұңғат Амангелдиев ( Бейнеу), Индира Латипова (Түпқараған), Ұлбосын Қойманова (Қарақия), Ақбөбек Абдуллаева (маңғыстау), Жайна Молдағали (Мұнайлы), Бектұр Аминов ( Ақтау) эссе, Әбішке арнаған арнау өлеңдерін оқыды. Аудан, қалалардан келген мектеп ұжымдарының сахналауындағы Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң!, «Күй» , «Құс қанаты», «Бір шөкім бұлт», « Бір шоқ жиде», «Оба басында» шығармаларынан үзінділер де талантты жастардың өсіп келе жатқандығын көрсетті.
Болат ҮМБЕТОВ