«Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 15 жылдығына 25 игі іс-шара» аясында ұйымдастырылған «Діни экстремизм мен терроризм – бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп» атты семинар дүйсенбіде Қарақия ауданында өтті. Аудан тұрғындарына арналған семинарды Маңғыстау облысы дін басқармасы жанындағы «Дін мәселелері бойынша ақпараттық талдау орталығы» КММ-і ұйымдастыру бөлімінің басшысы, дінтанушы Жұлдыз Аталикова ашып, облыс көлеміндегі дәстүрлі және дәстүрден тыс діни ағымдар ахуалына тоқталып, бейне-роликтер арқылы мәлімдеме жасады.
Бұдан соң дін басқармасынан келген оңалту бөлімінің исламтанушы маманы Нұрперзент Қыпшақбаев сөз кезегін алып дәстүрімізге жат діни ағымдарды таныстырды. Оның ішінде қоғамға өте жат әрі қауіпті есептелінетін такфирлік және салафилік, уахавилік ұйымдардың ұстанымдарын ашып сипаттап, мұндай ағымдардан сақ болу керектігін ескертті. Жиналған қауым діни саладағы өздерін толғандырып жүрген сауалдарына жауап алды. Бұл орайда, әрине оқушылардың бірыңғай мектеп формасы, оның ішінде мектепте хиджап киюдің қаншалықты дұрыс не бұрыс екендігі де әңгіме арқауына айналды. Такфир уаль хиджр яғни такфирлер де салафилерге ұқсас,тіпті кей жағдайда одан да қауіптірек,- дейді дінтанушылар. Олар әрине, салт-дәстүр ұстанбайды, қабірді зиярат етуге бармайды, өлілерге құран оқымайды, мәзхаб ұстанбайды, ерлері балақтарын қысқартып шолақ шалбармен жүреді, әйелдері қара жамылып хиджап киеді, таухид кітабы, үш негіз, күманнан арылу,
діннен шығаратын он пункт ережесіне бағынады. Такфирлер сондай-ақ, намаз оқымағандарды «кәпірлер» деп санайды. Тіпті мемлекет те олар үшін «кәпір» есебінде. Ал, өздері мешітке бармайды. Барған күнде имамға ұйымайды, олар үшін бұл елдің имамы да дінсіз.Олар намаз өтемегені үшін туған ата-анасынан, ағайын, бауырынан безінген. Отбасы, туыстық құндылықтардан гөрі ұстанған діни ағымы олар үшін мың есе артық .Ойланып, қараңыз! Келіннің иіліп салған сәлемінен бастап, қазақтың барлық салт-дәстүрін жоққа шығаратын дін, өліге құран оқымайтын, ата-анасын кәпірге санайтын, сәби қыздарды діни қыспаққа алып хиджап кигізіп, өз ортасында еркін білім алуына зиян келтіретін тіпті, Алланың атын жамылып адамдарды қынадай қыратын діни ағым кімге керек? Салтынан айрылса, қазақ жер бетіндегі ардақты атауынан айрылып қалмай ма? Біз- араб емеспіз, қазақпыз. Жер бетіндегі ең мейірімді әрі ең әділетті ислам дінінің атын жамылып жүргендер, керісінше, дінімізді қатыгез етіп көрсетуде. Жиhадты уағыздап, оларды қаржыландырып, түрлі әдебиеттерді таратуды мақсат еткен такфирлер мен салафилер т.б ағымдар қоғамға аса қауіпті күрес жолында ештеңеден тайынбайды. Міне, олардың жат әрекеттерінің де ең қауіптісі- осы. Қаншама қазақстандық жастың санасын улап, жат жұртқа аттандырды? Қаншама жастарымыз осындай қауіпті әрекеттің құрбаны болды? Әзәзіл саясаттың арбауына түскен, ата- анасын тыңдамай өзін туып өсірген отанын, ел жұртын, өзіне жау санап, жалған жиhад желеуімен жат елге жөнелтілген талай жас, өз өміріне балта шауып, өмірін қорлықпен өткізіп өлім құшты, жалған саясат жолында құрбан болды. Иә, бұл жолдың алды тұйық, түбі тұңғиық қорлық екенін кеш түсінгенімен, одан қайту жолы оңай табылмас. Дегенмен, еліміз тарапынан күш салудың арқасында бірлі-жарым адам өз еліне қайтарылды. Алайда, өкінішінің орны тола ма? Өздері түскен шырмауға өзге жас ілікпесе екен!- деген жанайқайын да жасырмады. Қош, адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң,- дегіміз-ақ келеді...Әй, қайдам!
Бұл жол – қайтар жолы жоқ, құрдымға апаратын апат жолы. Бұл жол – бабамыздың қанымен, маңдай терімен келген тәуелсіздігіміздің іргесін іштен ірітетін, бірлігі жарасқан еліміздің шаңырағын шайқалтатын, сан ғасырдан бері сақталып келген салтымыз бен санамызды жоққа шығарып, санамызды улайтын, түптеп келгенде, онсыз да аз санды қазақ халқының төл болмысын құртып тынатын аса қауіпті жол. Ата-бабаның аманатына қиянат жасамай, тәуелсіздігімізге тәу етіп, бірлігіміз жарасқан, салт-санамыз салтанат құрған текті қазақ болып қала берейік, ағайын! Ертеңі бұлыңғыр жат ағымнан, ел тыныштығын бұзатын бүлікшілдіктен аулақ болайық, жастар! Біздің болашағымыз – бірлікте!
Шынар КЕНДІН