Жыл соңына дейін Ақтау маңындағы «Жылы жағажай» аумағында инвестициялық құны 100 миллиард теңге болатын 2 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Түркияның Ақтау қаласындағы Бас консулы Мұзаффер Ақиылдырымның кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Mangystaumedia.kz.
Түркиялық инвесторлардың «Сауда қалашығы» мен «Гольф-клуб» демалыс кешенінің ашылуы 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Кездесуде Маңғыстау облысы мен Түркия елі арасындағы экономикалық байланысты нығайту, инвестиция мен кәсіпкерлікті дамыту жөнінде сөз болды. Өңірде түрік капиталының қатысуымен түрлі сала бойынша 86 кәсіпорын жұмыс істейді.
Екі ел арасындағы тасымалды арттыруға үлес қосып жатырмыз. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Түркия арасындағы тауар айналымы 95 миллион АҚШ долларын құрады. Облыста 83-тен астам Түрік капиталы қатысқан мекемелер қызмет атқарып жатыр. Сауда-саттық, экономика, білім саласындағы қарым-қатынасымыз тереңдей түсуде, - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Түркияның Ақтау қаласындағы Бас консулы Мұзаффер Ақиылдырымның айтуынша, облыста туризмнен басқа да салаларға инвестиция құйылып жатыр. Мәселен, құрылыс, инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі бойынша біршама іс атқарылып жатыр.
Махаббат Нұржанқызы