Әлемдік пандемия, COVID-19 көптеген салаларға өзінің кесірін тигізгені жасырын емес. Сақтану мақсатында былтыр елімізде білім беру ордалары офлайннан онлайн форматқа ауысқан болатын. Бірақ биыл сақтық шараларын ұстанып қайтадан офлайн оқу жүйесіне оралды. Бүгін 1-қыркүйек жаңа 2021-2022 оқу жылы басталды. Оқушылар мен мұғалімдердің сақтығы үшін екі есе қырағылық пен екі кесе қауіпсіздікті күшейтіп қайта оқуға кірістік. Сонымен, мектепке баратын бала нені білу керек? Биылғы оқу жылының қандай ерекшелігі бар? Ғылыми жобамен айналысқысы келетін балаға не қажет деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
2021-2022 оқу жылын қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта басталды. Мектептерде оқу процесі санитарлық талаптар қатаң түрде сақтай отырып жүргізіледі. Сабақ кестелері санитарлық нормаларды сақтай отырып құрылады. Сондай-ақ, мектепке кірер алдында дене қызулары өлшенеді, маскалық режим сақталады, кабинеттерді кварцтеу, желдету, дезинфекциялық жұмыстары жүргізіледі. Бұқаралық және қоғамдық іс-шараларды шектеу, бастауыш, орта және жоғарғы сыныптарды араластырмау үшін әр уақытта берілетін үзілістер қарастырылады, ауысымдардың саны артады. Бір сынып бір кабинетте оқиды. Биылғы жылдың басты жаңалығы бірінші сынып оқушыларына «Әліппе» оқулығы салтанатты түрде табысталды. Жаңа оқу жылында сабақтың ұзақтығы 45 минутты құрайды. Пәндердің бір бөлігін онлайн форматта өткізу мүмкіндігі беріледі. Бұл «Музыка», «Көркем еңбек», «Информатика», «Құқық негіздері», «Графика және жобалау», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәндері.
Мектептерде оқушы мен мұғалімдердің қауіпсіздігі басты назарға алынған.
Бүгінгі күні ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша ауруға шалдыққан адаммен байланыста болған балалар үшін оқшаулау кезеңінде синхронды оқытумен (нақты уақыт режимінде онлайн оқыту) қашықтан оқыту ұйымдастырылады. Ерекше жағдайларда, егер балалар аурудың ауыр түріне шалдыққан болып, дәрігерлердің ұсыныстары болса, ата-аналардың өтініші бойынша балаларды асинхронды қашықтан оқыту (үйде оқыту) мүмкін болады. Балаларға оқулықтар, оқу контенті бар ақпараттық жүйе, электрондық журнал қолжетімді болады. Тақырыптық тараулары бойынша жиынтық бағалауды қашықтан немесе дәстүрлі форматта тапсыруға рұқсат етіледі. Бұл ретте, тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) міндетті түрде мектепте тапсырады. Егер оқушы ТЖБ тапсыра алмаса, ол толық күндізгі оқытуға ауыстырылады, - дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Светлана Төлебаева.
2021-2022 оқу жылында білім беру ұйымдарында мынадай жобалар іске асырылмақ: мектептің өзін-өзі басқаруы, «Дебат» қозғалысы, «Оқуға құштар мектеп», «Отбасы – мектеп», «Құқықтық сана – қауымға пана», «Дәстүр мен ғұрып», «Еңбек – елдің мұраты», «Үнем – қоғам қуаты», «Ерте жастан басталатын экологиялық мәдениет», «Қоғамға қызмет», «Музей сабақтары», «Театр сабақтары», «Саналы ұрпақ», «Көше тәртібі – ата-ана-мектеп-қоғам», «Тәлімгерлік», 5-сыныптан 11 сыныптар аралығында «Жаһандық құзыреттіліктер» таңдау курсын немесе басқа курстарды енгізу (5 сыныпта «Парасаттылық және әдеп», 6 сыныпта «Экология», 7 сыныпта «эмоционалды интеллект және сыни ойлау», 8 сыныпта «Медиа сауаттылық», 9 сыныпта «Зайырлылық және дінтану негіздері», 10-11 сыныптарда «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері». Мектептердің таңдауы бойынша «Музыка» оқу бағдарламасының шеңберінде оқыту қазақ тілінде жүргізілетін 6 сыныпта домбыра тартуды үйрету (2021-2022 оқу жылында ресурстар болған жағдайда педагогикалық кеңестін шешімімен 6 сыныпта «Музыка» оқу пәнінің шеңберінде домбыра тартуды үйретуге болады. Аптасына 1 сағат); Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Жас Сарбаз» жобасы болады.
Балалар тек сабақпен шектелмей қосымша, ғылыми жұмыс жазып, ғылым әлеміне саяхат жасауына болады. Ол үшін алдымен ұнайтын тақырыбын таңдау керек.
«Ғылыми жобамен айналысамын деген балаға мүмкіндік мол. Ғылыми жұмыспен тек қана озат оқушы немесе үлкен адамдар айналысу деген жаңсақ пікірді ұмыту керек. Кез-келген бала ғылыми жұмыспен айналыса алады. Тек ниет болса болғаны. Мәселен, оқушы айналасында болып жатқан құбылысты, ауа-райын, түрлі техникалық жетістіктерді ата-анасымен, ұстазымен келісе отырып бір тақырыпты ғылыми жұмыс ретінде алуына болады. Бұл баланың тек сабақпен шектеліп қалмай, көзқарасын дамытып, ғылым әлемінен кішкене де болса хабардар болуына таптырмас мүмкіндік. Ғылыми жұмыстың тақырыбын 15 қыркүйекке дейін таңдау керек. Оқушы белгілі бір тақырыпты таңдарда ата-анасымен, мұғаліммен келіскен дұрыс. Мұғалім тақырыпты мектеп директорына беріп, сосын бекітіледі. Ғылыми жұмыс мұғалім мен оқушының бірлескен үлкен жобасы. Биыл қыркүйекте оқуға баратын бала ең алдымен бұл жылдың өзгерек екенін түсіну керек. Себебі бала бір жарым жылдай онлайн оқыды. Бұл оңай емес. Бұған бала түгіл, ата-ана да үйренген. Сондықтан әдіскер, әрі ана ретінде айтарым, балаға ата-ана тарапынан үлкен қолдау қажет. Қиын сабақта игере алмаса, бірден тәртіпке салып, ұрысудың қажеті жоқ. Ол аздай, баланың тәртібі де төмен болуы мүмкін. Себебі бала ұзақ уақыт партада отыру тәртібін, мектепте, ортада өз-өзін ұстауды ұмытты. Сондықтан мектеп оқушысымен бұл жағдай туралы көп сөйлесу қажет деп ойлаймын», - дейді Маңғыстау облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Несібелі Қуатова.
Ата-анаға ескертпе: білім ордасына мектеп формасымен немесе ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда классикалық стильдегі киіммен баруға болады
Махаббат Нұржанқызы