Жолдаудың негізгі басымдықтарының бірі - азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйін жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі басымдықтарын белгілеп берді. Президент белгілеп берген міндеттер мен бастамалар қоғамның сұранысы мен заманауи сын-қатерге негізделген. Олардың іске асырылуы экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырудың, халықтың әл-ауқатының артуы мен тұрмыс сапасының жақсаруының факторларына айналмақ. Жолдауда Үкімет жұмысының нақты бағыты белгіленген. Қазіргі даму жағдайларында біз нақты, әрі үйлесімді әрекет етуіміз қажет», - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, Жолдаудың негізгі басымдықтарының бірі - азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйін жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Сонымен қатар онда халықтың нақты табысын арттыруға және де қаржы қаражатын жинақтауға ынталандыруға бағытталған нақты іс-шаралар көзделген.
«Алға қойылған міндеттерді шешу денсаулық сақтау және халықтың денсаулығын қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Мемлекет басшысы ұсынған іс-шаралар білім берудің сапасын және қолжетімділігін жақсартуды, оның ішінде экономика салалары үшін сұранысқа ие мамандарды дайындауды қамтамасыз етеді. Еңбек нарығының тиімді экожүйесін қалыптастыру азаматтарымызды сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге және олардың өзін-өзі көрсетуі үшін қажетті жағдайлар жасауға ықпал ететін болады», - деді Асқар Мамин.