Ақтауда өңірге белгілі азаматтардың қатысуымен TedX форматта кездесулер ұйымдастырылып келеді. Ашық диалогқа негізделген кездесуде қонақтар тәжірибесімен бөлісіп, жастарға жетістікке жетуде мотивациялық кеңес береді. Бұл - жастарға арналған алаң. Бұл туралы «Antikor.Live» жобасы аясында облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Абылай Фазылбек айтты.
Оның сөзінше, жастар ресурстық орталығы жастардың өзін-өзі дамытып, ашық кеңестік құруға және жастарды ақпараттандыру, кеңес беру, оларды өмірлік маңызы бар дағдыларға үйрету мен бастамаларын қолдау, менторлық жасау сияқты маңызды функцияны атқарып отырған орталық.
Абылай Фазылбекұлы жобалық форматта жұмыс істеп келе жатқан орталықта қазіргі таңда 5 жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Жастар book» жобасы – жастар арасында кітапқа қызығушылықты арттырып, оқырмандар клубын құру мақсатында жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, TedX форматта кездесулер – жеткіншектер мен жастар үшін үлкен алаң бола білді. «Кеңес алаңы» жобасы аясында мемлекеттік бағдарламалар туралы түсінік беріліп, жастарға медициналық, психологиялық және құқықтық кеңеспен қатар мүмкіндіктер туралы кеңес беріліп келеді. «Кәсіби бағдар» бағытында бітіруші түлектерге бағыт-бағдар беруде тиімді жұмыс атқарып келеді. Айта кетк керек, «Жастар book» және «Кәсіби бағдар» жобалары 2020 жылы республикалық жастарға арналған үздік 35 жобаның қатарынан көрінді, деді Абылай Фазылбекұлы.
Бұдан бөлек, Абылай Фазылбекұлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментімен бірлескен меморандум аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» тақырыбында әлеуметтік бейнеролик әзірленіп, кең көлемде таратылды. Жалпы алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жыл соңына дейін бейнеролик түсіру жоспарда бар», деді жастар ресурстық орталығының басшысы.
Абылай Фазылбекұлы эфир соңында жастардың дамуы мен олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатындағы жұмыстардың әрі қарай жалғасатынын атап өтті.