Атамекен ауылының “Арай” тұрғын үй массивіндегі көше соңындағы үйлерге әлі де ауыз суды құбыр арқылы беру мәселе болып отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Мұнайлы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрбек Қарасайұлы “Арай” тұрғын үй массивіне жаңа су айдау қондырғысын қою керек екенін айтты.
“Бұл мәселемен өзім жеке айналыстым. Жақында жөндеуден өткізіп, орнатқан су айдау қондырғыларымыз 80% ғана тиімділігін көрсетті. Әлі де көше соңындағы үйлерге су бармай қалады”, - деді Нұрбек Қарасайұлы.
Аудан әкімі жаңа су айдау қондырғысын орнатып, мәселені түбегейлі шешуді тапсырды. Атамекен ауылдық округінде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару да күнтәртібіндегі мәселеге айналды.
“Жұмыс істей алмайтын мекемемен келісімді бұзыңыздар. Орнына қызметін жақсы істейтін жеке кәсіпкер табыңыздар”,- деді Рахат Тезекбайұлы.
Айта кетейік, Атамекен ауылдық округі тұрғындарының тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметі үшін “Мұнайлы Қызмет” мекемесіне 18 миллион теңге берешегі бар.