Кәсіп ашып, тұрмысымды арттырамын дейтін азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар аясында жан-жақты қолдау көрсетіледі. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасына қатысып, кәсібін бастаушылар қатары жылдан-жылға көбейіп келеді.
Оның бірі – бейнеулік Мария Жарылғасова. Ол аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, кейін «Бастау бизнес» курсында оқыған.
Оқу, білім алуға ешқашан кеш емес. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы жанындағы «Бастау бизнес» курсы мені кәсіпкерлік әлемнің қыр-сырын үйретті. Курсты аяқтағаннан кейін сүйемелдеушілермен бірлесе отырып жасаған бизнес жобам комиссия тарапынан мақұлданып, ойға алған кәсібімді бастауға 583 400 теңге қайтарымсыз грант алуға қол жеткіздім,- деді Мария.
Марияның кәсіпкерлікке бетбұруын жолдасы Өмірзақ та құптапты. Ол алаңдарға, аулаларға төселетін сәндік тас өндіру қарқынды дамыған қалаларға барып, технологияны меңгерген. Одан әрі грант қаржысына Орал қаласынан өздері таңдаған шағын өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды толық сатып алып, өз үйінің ауласында алдын ала дайындалған ғимаратқа орнатқан. Осылайша ортақ мақсатқа жұмылған ерлі-зайыптының кәсібі сәтті басталыпты.
Біздің кәсібімізге қазір өрнекті тас пен жиек тастар жасауға қажетті, сапалы материалды алуға ұлдарымыз көмектесіп жүр. Өнімдерді жолдасым Өмірзақ екеуміз дайындап жатырмыз. Тапсырыс берушілер көбейіп келеді. Қарқынды жұмыс істеу деңгейіне жетіп, таза пайда алуға қолжеткізсек жұмысшы алу ойымызда бар, - деді Мария.
Қ. Назарұлы