Маңғыстау облысының штабы Мұнайлы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінде орналасты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Халықаралық «Жер-2021» командалық оқу-жаттығуының сценариі бойынша Алматы облысында болған жойқын жер сілкінісіне Маңғыстау облысы шартты түрде теміржол қатынасы арқылы қажетті техника мен мамандарды жөнелтті.
Көмекке Қазақстанның барлық аймағының басқару органдары, күштері мен арнайы техникалары жұмылдырылды. Маңғыстау облысы Алматы облысындағы жер сілкінісінің залалын қалыпқа келтіру үшін 741 маман мен 117 бірлік техника жіберді. Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы да оқиға орнына аттанды.
Сондай-ақ Жаңаөзен қаласының теміржол станциясы арқылы Қазақстан Темір Жолы ҰК теміржол құрамдарының жолаушылар вагонында Алматы облысындағы жер сілкінісінен зардап шеккен халыққа медициналық көмек ұйымдастырылды.
ТЖД кинология қызметі үйінді астында қалып, зардап шеккен азаматтарды алып шықты.
«Қызыл жарты Ай» қоғамының Маңғыстаудағы филиалы жарақаттанғандарға алғашқы көмек көрсетті.
Оқу-жаттығуға облыс бойынша барлығы 120 азаматтық қорғау қызметі, 7 қала және аудан әкімдіктері тартылды.
Маңғыстау облыстық оқу-жаттығу штабында зілзаладан зардап шеккендерді қабылдап, уақытша тұрақтандыратын жатын орындар даярланды. Азаматтарды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар.
Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті, авариялық-құтқару қызметі мен әкімдіктер төтенше жағдайға сақадай сай.