Маңғыстау облысында «Plus Capital» қаржылық ұйымына мүлкі мен қомақты қаражатын салып 700 адам алданып қалған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Салымшылар бұл компанияға кемінде 300 000 теңге қаражатын, ең көбі 28 миллион теңгенің мүлкін өткізіпті. Ал компанияның жарнамасы Ақтаудың көшелерінде ілініп, әлеуметтік желілерде жарияланыпты.
Олар компанияның құрылтайшысы Артур Темірғалиев 3 миллиард теңгедей қаражатты қалтасына салып, ұшты-күйлі жоғалды дейді. Бүкіл құжат Артур Темірғалиевтің атымен рәсімделсе де, ол әлі жауапкершілікке тартылмаған деп наразылық білдіріп отыр.
«Plus Capital» компаниясы салған қаражатты немесе мүліктің құнын екі есе етіп қайтарып береміз деп, сан соқтырып кеткен. Ал осы ломбард ұйымымен баспанасын қымбат бағаға сатуға келісіп, бүкіл құжатты нотариалды түрде рәсімдегендер толық қаражатын алмаған. Айтуларынша, София Кушниренко нотариусы жалған құжат рәсімдеп отырыпты.
Халық нотариуске сенді, себебі Әділет министрлігінде тіркелген. Депозитке салған ақшаңыз Сбербанкте сақталады, Ресеймен жұмыс істейміз деді. Ал компанияның құрылтайшысы Артур Темірғалиев бір жарым жылдан бері жоқ. Қайда екенін құзырлы органдар да білмей отыр. Қылмыстық іс бойынша Дархан Құсайын мен София Кушниренкоға қатысты 13 шілде күні сот басталды. Бірақ, әрбір жәбірленуші айыптау парағымен келіскен жоқ, - дейді салымшы Сайлаугүл Әсемова.
Ал «Plus Capital» қаржылық ұйымына ақшасын не мүлкін өткізген 700 азаматтың құжатын бір ғана София Кушниренко нотариусы рәсімдепті. Ол 2017 жылдың 25 тамызында Әділет министрлігінің лицензиясын алған. Облыстық әділет департаменті болса жеке нотариустарға негізсіз ешқандай тексеріс жүргізе алмайтынын айтып отыр.
Жеке нотариустардың күнделікті жасап отырған іс-әрекетін Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе базасынан қарап отыруға бізге рұқсат берілмеген. Егер де олардың жасаған іс-әрекетіне тергеу жүргізу қажет болса, онда біз азаматтардан түскен арыз-шағым есебінде қараймыз. Жеке нотариустердің жасаған іс-әрекеттеріне азаматтардан арыз шағым түскен жағдайда тексеру жүргізу үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Маңғыстау облыстық басқармасына тіркетеміз. Осыдан кейін ғана біздің жеке нотариусты тексеруге құқығымыз бар, деді Маңғыстау облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары деді Әуес Көшкінбай.
Ал дәл қазір Әділет департаменті София Кушниренко нотариусына қатысты тексеріс жүргізе алмайды. Өйткені қылмыстық іс бойынша полиция департаменті тергеу жүргізіп, іс сотқа жеткен.
Салымшылар бұл былыққа бірнеше адам қатысы бар екенін ескеріп, ұйымдасқан қылмыстық топ деп тану керек дейді. Өйткені нотариус арқылы құжатқа Артур Темірғалиевтің өзі емес, оның есепшілері мен басқа да қызметкерлері қол қойғанын айтады. Ал сотқа дейінгі тергеу ісінде берілген дәлел мен айғақ сот барысында қаралмай жатыр деп ашулы.
Тергеу жұмысы дұрыс жүргізілмеген. Жәбірленушінің барлығын сотқа шаырмаған. Сот барысында жәбірленушілерді тек 5 минутқа шақырған. Істі жүргізу тәртібі бұзылып отыр, - дейді заңгер, тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Қатауов.
Айта кетейік, қаржылық ұйымның арбауына түскен тек салымшылар емес, Артур Темірғалиевтен жылжымайтын мүлікті сатып алғандар да бар. «Plus Capital» ұйымының былығына қатысты тергеу былтыр ақпан айында жүргізіліп, сот биыл шілдеде басталған. Ал бүгін салымшылар ұйымдастырған жиынға полиция департаменті, прокуратура мен облыстық сот өкілдері қатыспады. Облыстық соттың баспасөз қызметі сот аяқталмайынша ешқандай сұхбат беруге рұқсат етілмейтінін айтты.
Махаббат Нұржанқызы