ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов «Коронавирусқа қарсы вакцина алғандарға шетелге шығу талаптары өзгере ме? ПТР анықтамасы сұрала ма?» деген сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз Қазақстанда елден ұшу үшін ПТР анықтамасын сұрамаймыз. Бұл сіздің қай елге ұшып бара жатқаныңызға байланысты және әрине, біз ықпал ете алмаймыз», - деп жауап берді Ерлан Қиясов №6 қалалық емханада тілшілерге берген сұхбатында. Оның айтуынша, вакциналаудан кейін көп жағдай өзгеруі мүмкін. «Әрине, көп жағдай өзгереді, өйткені көптеген елдер вакцина алғандарға қатысты қандай да бір ерекше режим мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Өздеріңізге мәлім, вакциналауды электронды қадағалау ұғымын – электрондық паспортты енгізіп жатырмыз. Бұл деректер вакцинация жүргізу жолын мониторингілеу үшін ақпараттық жүйеге орналастырылады», - деп атап өтті Е. Қиясов.
Еске сала кетсек, елордадағы №6 қалалық емханада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады.
1 ақпаннан бастап Қазақстанда Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакцинация басталады. Одан кейін 15 ақпаннан бастап, вакциналау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады.