©
Елдің дамуының «жасыл» жолына көшуіне Астанадағы алда тұрған «ЭКСПО-2017» қуатты серпіліс беруі тиіс. Көптеген қазақстандықтар біз қол созып отырған «болашақтың энергиясын» өз көзімен көре алады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауынан
Елімізде өткен жылы «жасыл» экономика тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында Еуразиялық Одақ пен БҰҰ-ның даму бағдарламасы және оның Еуропалық экономикалық комиссиясының «Жасыл экономика моделіне өту бойынша Қазақстанды қолдау» бірлескен жобасы бастау алған-ды. Аталмыш жоба аясында Ақтау қаласында коммуналдық секторды жаңғыртуға грант бөлініп, бірқатар үйлерде ауызсу мәселесі шешілді.
«Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында «жасыл» технология енгізілген 9 шағынаудандағы 16,17,18 үйлерге бардық.
–«Каспий жылу, су арнасының» құбыры арқылы келетін су әрқайсысы 750 литр болатын 7 құтыға жиналады. Жарға қондырылған 3 «ақылды» насос арқылы тұрғындарға су жеткізіледі.Тұрғындардың қажеттілігі, тұтыну көлемі артқан сайын насос бірінен соң бірі іске қосылады. Замануи құрылғылар көлемді энергия шығынын қажет етпейді. Осы үйлердің тұрғындары тарапынан судың қысымының төмендігі, жеткіліксіздігі жөнінде арыз-шағым жиі келіп түсетін. Ауызсу, техникалық су құбырлары жаңғыртылды. Жертөледе апаттық жағдай орын алса да жиналған ауызсу 3 үйдегі 500 тұрғынға 1,2 тәулікке дейін жетеді. Қосымша қондырылған құрал-жабдықтардың көмегімен онлайн режимінде ауызсудың пайдаланылуы туралы мәліметтерді жұмыс бөлмемізде компьютер арқылы бақылап отырамыз, – деді «Татьяна» пәтер иелері кооперативі төрағасы Жеңісбек Қуанов.
Ақтауда алғаш рет коммуналдық секторға енгізілген «жасыл» технологияның жемісін көрген үйлердің тұрғындарының айтуынша, жаңа құрылғылар қондырылғаннан кейін су тапшылығы болмаған.
–Бірнеше жыл бойы су жеткіліксіздігінен киімдерімізді, ыдыс-аяқтарымызды түнде жууға тура келетін. Су қысымы 4-5 қабатқа дейін ғана жеткенде тіптен қиын болды. Тіршілік нәрін арнайы су көлігі әкелетін. Құзырлы органдарға, жауапты мекемелерге арыз-өтініш жаздық. Сәуір айында осы құрылғылар іске қосылғаннан бастап, судың мөлшері жеткілікті, үздіксіз беріледі. Сол уақыттан бері су тапшылығы болған емес,– деді 9 шағынауданның 16 үйінің тұрғыны Татьяна Николаевна. «PRO ECO» халықаралық энергия тиімділігі, ресурс үнемдеу және эконтехнологиялар орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрсұлтан Әубәкіровтың айтуынша, «жасыл» технология тәжірибесін көрсету бағытында 600 мың еуро грант бөлінген.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ