Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу мақсатында «Тілдарын» республикалық байқауының облыстық іріктеу кезеңін ұйымдастырды.
Үміткерлер үш бөлімнен тұрған байқауда берілген тақырыптың мазмұнын толық ашу (қазақ тілін білу бойынша), тақырып бойынша эссе жазу (ағылшын тілін білу бойынша); мәтінге ілеспе аударма жасау (орыс тілін білу бойынша) өзара бақ сынасты.
Байқауға үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген 9 үміткер қатысып, жеңімпаздар қазылар алқасының ұйғарымы бойынша басқарманың арнайы диломдарымен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды:
Бас жүлдеге - Мұнайлы ауданы № 5 орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Әсима Төрешова, І орынға - Мұнайлы ауданы № 10 орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Минуархан Баймуханова, ІІ орынға - Мұнайлы ауданы № 9 орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Катыша Кенжебаева, ІІІ орынға - Мұнайлы ауданы № 8 орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Ләззат Наурузбаева, Ынталандыру сыйлығына - Ақтау қаласы № 9 орта мектебі ағылшын тілі пәні мұғалімі Алина Сартбаева, Ақтау қаласы Каспий өңірі Болашақ колледжінің оқытушысы Гүлсайра Керимова және Бейнеу ауданы Манашы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Айтуған Маренова ие болды.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені иеленген Мұнайлы ауданы № 5 орта мектебінің ағылшын пәні мұғалімі Әсима Төрешова қазан айында өтетін үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар арасындағы «Тілдарын - 2016» байқауының республикалық кезеңіне жолдама алды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ