Әлімсақтан шайырларға мекен болған, табиғат ана сәнді де әнді де аямай берген шырайлы Шайыр ауылының мәдениет үйінің маңы кешқұрым қара-құра адамға толды. Бұл күні атаулы мереке де емес, бірақ жиналған адамның қарасы ауылға Алматыдан әртіс келгендегіден көп. Мұның өзі бүгінгі кештің айтары бөлек, айдары биік екенін білдірткендей. Облыстың түкпір-түкпірінен келген қонақтарға қоса тайлы-таяғы қалмай жиналған шайырлықтардың бұл кешті асыға күткендері рас. Осы ауылдың киелі топырағынан өнген көп таланттың бірегейі - Ерекен Қорабаевтың талтүсін тойлаған көпшілік бұл тойға келгенде арманда келмегенде арманда деп тарасты.
Алдымен мәдениет үйінде өткен әдеби-сазды кеште Ерекеннің өмір, өнер жолы, кісілік келбеті, таудай таланты, езуге еріксіз күлкі үйіретін әзіл әңгімелері мен рухты өлеңдері туралы толғаныстар тыңдалды, «Маңғыстау әзілдері» және «Есі бар тентек» кітаптарының тұсауы кесілді.
Білім беру саласының ардагері, кеш иесінің ұстазы Оразғали Өтеулиев, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, ақын Светқали Нұржан, облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров, Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов, облыстық ғылыми әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының басшысы Ақмарал Зейілова, кәсіпкер, осы тойдың өтуіне мұрындық болған азамат Самат Мұсабаев, аудандық мәслихат хатшысы Абзал Сарбалаев, ауыл әкімі Ғабиден Нұржаубай жақсының жақсылығын айтып нұрын тасытты.
Облыс әкімінің құттықтауы оқылып, құрметтің құшағына бөленген сазгердің әндеріне кезек беріліп, «Қаратау», «Жыңғылды ауыл», «Ұзынарал Түпқараған», «Қарақия ойпаты», «Шайырыма қайтармын», «Дәніспан тау», «Төржайлау-Бейнеу», «Құмда өскендер» сынды туған жердің киесін әспеттеген әсерлі әндерімен қоса «Арман ару» сияқты сезімнің сырын шерткен сиқырлы әндер құлақтан кіріп бойды алды. Облыстық филармонияның әншісі Марат Сафаров «Сенен сұлу жер барма Маңғыстаудың ойында ай» деп құйқылжытқанда төбе құйқа шымырлап, соғылған шапалақта шек болмады.
Әдемі ән, әсерлі әңгіме тыңдалған кеш қатарласа тігілген темір сүйекті қос қазақ үйде жалғасын тапты. Ауылдың үлкендері кеше ғана көз алдарында жүрген томашадай сары баланың бүгінде таудай талант иесі болғанын мақтаныш етіп, жастар жағы сазгердің әндерін орындап, тымық түннің тыныштығын пәк күлкілерімен түрлендірген сәбилер асыр салып, ауыл төрі әнге бөленді.
Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА