Биыл Маңғыстау ауданы бойынша 964 бала мектеп табалдырығын аттады. Бірінші сыныпқа бару бала өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Мектепке бару бала психологиясын айтарлықтай өзгертеді десек оны жақсы жағына қарай бағыттауға немесе жаңа ортаға сәтті бейімделуге қалай көмек беруге болады? Бала мен мектеп арасындағы жақсы қарым-қатынасты орнатуда ата-ананың рөлі қандай? Осы мәселелер төңірегінде ұйымдастырылған «Өз балаңа үлгі бол» республикалық ата-аналар конференциясы Б.Жұмалиев атындағы орта мектепте өтті.
Бірінші сынып оқушылары үшін өмірдің ең маңызды кезеңі мектепте білім алу басталды. Қоғамымыздың болашағы бұл кезеңнің қаншалықты сапалы болғанына байланысты болмақ. Бұл міндеттің ойдағыдай шешімі табылуы үшін мектеп пен отбасы арасындағы өзара сыйластық пен сенімнің негізінде жемісті тығыз ынтымақтастық болуы керек. Ата-ана мен ұстаз және оқушылармен жұмыс істейтін мектеп психологы мен басқа да мамандар арасында нақты келісімнің болуы. Мектеп пен отбасының балаға қойған талаптары моральды-адами құндылықтардың біріңғай жүйесін ұсына отырып бір біріне қарама-қайшы келмеуі керек. «Балаларға көмектің ең дұрыс тәсілі бұл – олардың ата-аналарына көмек көрсету» - деп американдық жазушы Томас Харрис бекер айтпаса керек. Бүгінгі ата-аналар конференциясының мақсаты да осы - мектеп пен отбасы арасында ынтымақтастықтың берік іргетасын қалау. Жиынға қатысқан Маңғыстау облыстық оқу-әдістемелік орталығының ақпараттық-аналитикалық бөлімінің жетекшісі Г.Нұрасылова «баланың мектепте бейімделуінде ата-аналардың ең бірінші міндеті - эмоциялық және рухани қолдау көрсету, үйренбеген жағдайға бой үйретуге көмек беру, мектеп пен мұғалімнің беделінің қалыптастыру болып табылады. Мұғаліммен тығыз байланыс орнату, бала келіспеушіліктің әсерінен зиян шекпеуі үшін мектеп талаптарын алдын-ала талқылау, кеңестерге құлақ түру, жалпы жұмыстар мен мерекелік шараларды ұйымдастыруға көмек беруді тоқтатпау, себебі, үлкендердің мектеп өміріне көбірек қатысуы балаға оң әсерін береді. Осыдан кейін ғана ұлыңыз немесе қызыңыз өз ата-анасымен мақтана алады» - деп айтып өтті.
Иә, бала мүддесіне немқұрайлылықпен қарау белең алып барады. Осының салдарынан ата-аналары баланың тәрбиесіне жауапты әрі белсенді араласудан қашатын отбасындағы балалар мұғалімдермен және құрдастарымен қарым-қатынаста қиындықтарға тап болады. Отбасының немқұрайлығы мен қысымындағы тәрбие жолында көптеген қиындықтарға кезіктіріп жатады. Мұндай жағдайда жеткіншек жасындағы балалардың темекі шегу, өзінің міндеттерін елемеу, көбінесе ішімдік ішу және есірткі қолдану немесе кейбіреуі шынайы өмірден әлеуметтік желілердегі виртуалды қарым-қатынастарға еніп кететін түрлі әумесерлік қылықтарға бой алдырады. Отбасының қолдауы мен түсіністігін сезінбеген жеткіншек қазіргі замандағы ғаламторға тәуелділік, есірткі, ойын әуестігі, дүниеқоңыздық сияқты көптеген теріс азғыруларға оңай бой алдырып, эмоционалды салқынқанды бола бастайды. Оқушының болашаққа нық сеніммен қадам басып, армандарына қол жеткізуде, өз-өзін ортада емін-еркін ұстауында айналасындағылардың алатын орны ерекше екеніне тоқталып өтті мектеп психологы Н.Жұманова.
Бастауыш білім беру бұл – ересектер әлеміне, саналы өмірге бастау жолы. Баланың кім және қандай болып өсетіні оның алған білімі мен тәрбиесіне байланысты. Балаға көмек керек және бірінші кезекте ол өзіне ең жақын ата-анасының қолдауына мұқтаж. Сол себепті бар күш-жігерімізбен балаға қолдау көрсетуге талпынуымыз керек. Ата-ананың педагогикалық біліксіздігі өте қауіпті. Себебі қателіктерді түзете отырып баланы қайта тәрбиелеу бұрыс сөздер айтпай, теріс әрекеттер жасамай тәрбиелегеннен әлдеқайда қиынырақ. Сондықтан да ата-ананың педагогикалық мәдениетін көтеру кез-келген отбасы мен қоғамның міндеті. Жиынға қатысқан ата – аналар бала тәрбиесінде көптеген мағлұмат алып, мектеппен арадағы қарым-қатынастары одан әрі нығая түскендей тарасты. Білімді, тәрбиелі ұрпақ қана - жарқын болашағымыздың кепілі десек, осы жолда тер төгу бәрімізге ортақ міндет.
А.РАХМЕТОВА