Украинаның іздеушілер тобы Житомир қаласының аумағында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан Кеңес жауынгерлерінің сүйегін тапты. Олардың ішінде Маңғыстау облысының тумасы Сейд Тойнашев бар. Жауынгердің мүрдесі туған жеріне жеткізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кеңес жауынгерінің сүйегін қарсы алу рәсімі Маңғыстау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департамент ғимаратының алдында өтті.
Кейін туған-туыстары «Ақтау - Құрық» тасжолының 20-шақырымында орналасқан «Қожа - Ата» зиратына жерледі.
Сейд Тойнашев 1922 жылы Маңғыстауда дүниеге келген.
«Жақында Жеңістің 75 жылдығын атап өттік. Бүгінгі таңда елде бірнеше мың соғыс ардагері қалды. Ал біздің өңірде барлығы 7 ардагер бар. Басқа мемлекеттердің елшіліктерімен, жергілікті органдардың іздеу жасақтарымен бірлесіп, бүгінгі таңда сарбаздардың сүйектері табылып, қайта жерленуде. Алдағы уақытта да іздеу жұмыстары жүргізіле береді», - деді Маңғыстау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Мақсат Тастанов.