27 қыркүйек күні Маңғыстау облыстық аурухананың дәрігерлері 43 жастағы тұрғынның жүрегіне күрделі ота жасады. Ота 4 сағатқа созылған. Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы, жансақтау бөлімінде емделіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отаны жоғары санаттағы дәрігер, Маңғыстау облыстық ауруханасы кардиологиялық орталығының жүрек-қан тамырлары бөлімшесінің меңгерушісі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс кардиохирургі Ернұр Ордабаев жасады. Науқаста ентігу, ауа жетіспеушілік, жүректің қысылуы, тез шаршау және әлсіздік белгілері байқалған. Дәрігерлер жүрек ырғағын қалпына келтіру үшін шұғыл ота жасау керек екендігін айтқан.
«Ол кезде мен еңбек демалысында едім. Облыстық аурухана директорының орынбасары Үміт Ілиясова маған телефон шалып, науқасты қарап беруімді сұрады. Жұмысқа шықтым. Әйелдің жағдайы ауыр екеніне көзім жетті. Өкпесі жасанды желдету аппаратына қосылған екен. Шұғыл түрде ота жасау туралы шешім қабылданды. Төрт сағатқа созылған ота сәтті өтті. Жағдайы жақсарған бойда жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылады», - дейді кардиохирург Ернұр Аханұлы.
Оның айтуынша, науқастың жүрек соғуы толықтай қалпына келуіне уақыт керек. Өзін жақсы сезінсе, жуық арада үйіне жіберіледі. Бұл ота өте маңызды, егер науқас дер кезінде емделмеген жағдайда инсульт пен жүректің созылмалы жетіспеушілігіне алып келуі мүмкін еді.
«Ойлануға уақыт аз болды, сондықтан да өзімізде ота жасай беруіне келісім бердім. Бірақ отадан кейін аман қалатынына күмәнмен қарадым. Алайда ота сәтті өтті. Дәрігерлерге рахмет, еңбегі орасан. Осындай күрделі отаның өзімізде де жасалатынына көзім жетті. Қазір қуанышымда шек жоқ, алайда бойымда әлі де болса қорқыныш бар екенін жасырмаймын. Әрбір шаңырақта ешбір адам ауырмасын деген тілегім бар», - дейді науқастың жолдасы Рашит Төлесінов.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА