Жаңаөзен іргесіндегі Теңге ауылында жедел-іздестіру шаралары кезінде қызметтік ит 45 келі есірткі тапты, деп хабарлайды Ұлттық Ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
Есірткі тасымалдаушының жолын кескен иттің аты - Детектив.
«Сөмкеге салынған қарасораның бірінші бөлігін, яғни 10 келісін күдіктінің үйінен қызметтік-іздестіру иттері тапты. Ал қалған бөлігі, 35 келі сарайдан тәркіленді. Сондай-ақ, үйдің бақшасынан өсімдіктің 180 сабағы табылды», делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Детектив бұған дейін маусым айының соңында есірткі сатқан күдіктіні ұстауға көмектесті. Ол 28 жастағы жігіттің сөмкесінде жатқан жарты келі марихуананы тапты. Иісшіл ит Ұлттық гвардияда бес жылдан бері қызмет етеді. Осы уақыт ішінде кинологиялық жарыстарға бірнеше рет қатысып, жүлделі орындарға ие болған.