Бүгін таңғы 5-ке жақын Ақтау қаласы 35 шағынауданында мотоцикл мен ат соқтығысып, жас жігіт пен кәмелетке толмаған қыз бала жарақат алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Таңғы сағат 04:51-де "103" кезекшісіне қоңырау түскен. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шұғыл жетіп, оларды жедел ауруханаға жеткізілді. Аттың иесі кім екені әлі анықталған жоқ.
Маңғыстау облыстық ауруханасының қабылдау бөліміне 1998 жылы туған ер адамға ашық краниоцеребральды жарақат, мидың шайқалуы, политравма, невмоторакс, травматикалық шошу, бауырдың жыртылуы диагнозы қойылды. Таңертең науқасқа хирургия бөлімінде ота жасалды, содан кейін ол анестезиология, қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды. Зардап шеккендердің екіншісі 2004 жылы туған қыз бала. Ол облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген. Оның жабық краниоцеребральды жарақат, миының шайқалғаны, аяғының жоғарғы бөлігінің жабық жарақат алғаны анықталды. Науқастың жағдайы тұрақты деп бағаланады. Ешқандай сынық жоқ, делінген денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.