Ақтау қаласы әкімдігі, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкері және жергілікті полиция өкілімен бірлескен топ қаладағы бірқатар нысанға кезекті мониторинг жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бас санитарлық дәрігердің 2020 жылдың 3 тамыз күні қабылдаған Қаулысына сәйкес, кафелер мен мейрамханаларға тек тұтынушыға жеткізу әдісімен қызмет етуге болады делінген болатын. Алайда, ережені ескермей қызмет көрсетіп тұрған нысандар анықталып, иелерінен түсініктеме алынып, акт толтырылды.
Атап айтсақ, 22 шағынауданда орналасқан "Асар-с" базарындағы асхананың карантин шектеулеріне қарамастан жасап тұрғаны анықталды. Мониторинг барысында асханада түскі ас уақытында адамдардың тамақтанып отырғаны белгілі болды.
Аталған нысан иесіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425 бабына сәйкес, 30 бен 200 АЕК аралығында айыппұл салынбақ.
Сондай-ақ, 2-47 мекенжайындағы “Pharmateka” дәріханасында және 5-9 мекенжайындағы "24+" дәріханасында санитарлық талаптар сақталмаған. Қызметкерлердің бетпердесіз және перчаткасыз жүргені анықталды. Мамандардың дене қызуын жазу журналының жоқ екені белгілі болды.
Екі дәріханаға да ескерту берілді.
Мониторинг мүшелері "Мағаш" базары мен "Дина" супермаркетін де аралады. Екі нысанда да толық талаптар сақталған.