Маңғыстау облыстық сотында «Маңғыстау облысының Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Жаңаөзен қалалық және Мұнайлы аудандық филиалдарын ұйымдастыру және құру» тақырыбында іс-шара өтті.
Онлайн форматта өткен іс-шараға Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Даулиев, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев және судьялары, Жаңаөзен қаласы, Мұнайлы ауданы әкімдігінің өкілдері, Билер кеңесінің мүшелері, медиаторлар қатысты.
Дауларды соттан тыс реттеу институттарын дамыту – ҚР Жоғарғы Сотының басым жобаларының бірі. Осыған орай 2019 жылы сәуірде Ақтау қаласында қоғамдағы дау-жанжалдарды азайтып, халықпен жұмыс істеудің бірыңғай алаңын құру мақсатында Билер кеңесі өз жұмысын бастаған болатын.
Тәжірибе көрсеткендей, Маңғыстау облысы Билер кеңесінің қызметі азаматтар арасындағы дауларды татуласу арқылы шешуге көмектесті. Кеңес құрамына тараптарды сотқа жеткізбей-ақ татуластыра алатын беделі мен өмірлік тәжірибесі ұштасқан азаматтар, оның ішінде ардагерлер мен қоғам қайраткерлері таңдалып, олар билердің тарихи дәстүрлерін қолдана отырып, дауласушы жақтарды татуластыруға үлес қосты.
Маңғыстау облыстық соты Билер кеңесімен бірлесіп, облыс орталығы Ақтау қаласындағы Билер кеңесі рөлінің оң тәжірибесін, сондай-ақ Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданындағы әлеуметтік, азаматтық және экономикалық даулардың көптігін және Жаңаөзен қаласының облыс орталығынан шалғайда орналасқанын ескере отырып, қос аймақтан Билер кеңесі филиалдарын ашу туралы шешім қабылдады.
Сот төрағасы Ержан Даулиев өңірде татуластыру орталығы, университетте медиация орталықтары, кәсіподақ орталығында және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау өңірлік филиалында татуластыру секторлары жұмыс істейтінін, бірақ бұл – қоғамдағы даулы жағдайлардың деңгейін төмендетуге жеткіліксіз екенін атап өтті. Қазіргі кезде пандемияға байланысты елде жарияланған төтенше жағдай салдарынан отбасы-құқықтық, еңбек және кәсіпкерлер арасындағы даулар саны біршама артқан. Осы орайда, сот төрағасы Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласындағы Билер кеңесінің филалы қоғамдағы дау-дамайды азайтуға айтарлықтай үлес қосатындығына сенім білдірді.