Шетпе селосында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және аудан орталығының құрылғанына 50 жыл толуына орай жаяу жүргіншілерге арналған теміржол өткелі пайдалануға берілді. Шетпе селосының орталығы мен Жаңаорпа ықшамауданының арасын жалғайтын теміржол өткелін демеушілікпен дем берген «Каспийцемент» зауыты салып берді. Осылайша, аудан және ауыл әкімдерінің халық алдындағы есеп беру кездесулерінде тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселе шешімін тапты.
Жер үсті теміржол өткелінің салынуын көптен бері тағатсыздана күткен көпшіліктің тілегі орындалып, қуанышты сәт те келіп жетті. Жаңа теміржол өткелінің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Алик Айдарбаев шетпеліктердің шаттығына ортақтасты.
–Құрметті, Шетпе селосының тұрғындары! Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен, Шетпе селосының 50 жылдығымен тұспа-тұс келген қуаныштарыңыз құтты болсын! Елбасы Н.Назарбаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттің негізгі міндеті- халықтың тұрмыс деңгейін көтеру екендігін атап өтті. Облысымызда бұл бағытта бірқатар игілікті істер атқарылып келеді. Республикалық маңыздағы Беунеу-Шетпе-Жетібай-Ақтау бағытындағы жолды қайта құру жұмыстары аяқталуға жақын. Шетпе-Таушық автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шетпе-Тиген бағытындағы жол салынуда. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында Маңғыстау ауданында 4 пәтерлі муниципалды тұрғын үй, Тұщықұдық, Шайыр ауылдарында жаңа мешіт пен спорт кешені, Шетпеде жекеменшік балабақша мен амбулатория ел игілігіне берілді. Осыдан 2-3 жыл бұрын өздеріңіз маған айтқан мәселе оң нәтижесін тауып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен қадам жасалып отыр. Демеушілік көрсеткен зауытқа зор алғысымды білдіремін. Жаңа теміржол өткелін игіліктеріңізге пайдаланыңыздар, – деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.
Көпшілік алдында сөз алған «Каспийцемент» ЖШС директоры Кшиштоф Бурек аса қауіпті аймақ болып саналатын теміржол маңы адам өміріне қауіпті болғандықтан, демеушілік көмек көрсетуге бірден шешім қабылдағанын жеткізді. Аталмыш зауыт директоры қуаныш үстінде тұрған халықты құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
–Бүгін 50 жылдан бергі шетпеліктердің тілегі орындалып,ақ түйенің қарыны жарылды. Осы жылдар ішінде теміржолда оқыс оқиғалар орын алып, халықтың зардап шеккеніне халық куә. Балаларымыз, немелеріміз үйге жақын жердегі мектепте оқығанмен, орталықта орналасқан спорт кешеніне, өнер мектебіне, мәдениет үйіне кеткенде теміржолдан аман-есен өтті ма екен деп уайымдайтынбыз. Осы істі қолға алып, сәтті аяқталуына атсалысқан барша азаматтарға аналық жүрегіммен алғыс айтамын. Жер үсті теміржол өткелінің бойын таза ұстап, келешекте игілігімізге жаратайық,– деді Жаңаорпа ауылының тұрғындары атынан сөз алған еңбек ардагері Жазболған Наушабаева.
Салтанатты сәтте жаңа жер үсті өткелінің лентасы қиылып, жадыраған жұртшылық шашу шашып, мәре-сәре болды. Жаяу жүргіншілерге арналған өткелден алғашқы болып облыстан келген қонақтар жүріп өтті.
Шетпе селосының әкімі Мұхтар Мүтәллаповтың айтуынша,құны 48 млн. болатын көпірдің ұзындығы биіктігі –8 метр, ұзындығы –120 метр.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ