"Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналу керек".
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан
Әлемнің озық отыз елінің қатарынан қалмаймыз деп, өрелі өркениетке ұмтылған қазіргі тұста экономиканың бар саласы көштен қалмай, керуенін түзеуі тиіс. Әсіресе елдің ырзығы мен несібесін еселейтін ата кәсіп ауыл шаруашылығы саласы жаһандану жайлаған қоғамда жаңарып, жаңғыруы қажет. Бүгінде өндірісті өлкеміздің айдарынан жел естіруге өндіріс ошақтары ғана емес, агроөнеркәсіп кешені де қабілетті. Өйткені мемлекеттік қолдау мен қамқорлық агроөнеркәсіптің көкжиегін кеңейтіп, шаруашылықты ширата түсті. Ауылда ата кәсіптен қол үзбей, еңбек көркін қыздырып, төрт түлік малдың қамын күйттеп, күтімі мен бабын тауып отырған ірілі-ұсақты шаруа қожалықтардың барын көріп, естіп жүрміз. Десек те кей кезде ата-бабаларымыздың мал бағу тәжірибесінен тағылым алып, жолын жалғаған немесе көне кәсіптің көсегесін көгерткісі келетін ауылдағы ағайынға мемлекет тарапынан берілетін көмек пен қолдау туралы ақпараттар уақытында жетпей жатады. Осы мәселені басты бағдарға алып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұлмен сұхбаттасқан едік.
– Серік Сырымұлы, биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және жайылымды суландыру жайы қалай болмақ? Мемлекеттен берілетін көмектің көлемі қандай?
– Осы жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруға жергілікті бюджеттен 50 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде 33,4 млн. теңге асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда тікелей шығындарды субсидиялауға, 16,6 млн. теңге мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға бөлінді. Осы жылы облысымызға 146 асыл тұқымды жылқы әкелінді. Несие және технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы малын сатып алудың лизингі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасы бойынша 2018 жылы 5 қаржы институты («ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ, «Атырау Болашақ» ЖШС, «Маңғыстауагросервис» ЖШС) қатысуда. 2018 жылға 32,4 млн. теңге субсидиялық қаржы бөлінді. Қазіргі таңда бұл қаржының 3,6 млн. теңгесі игерілді.
Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасында жайылымды суландыру мен шалғай жайылымдағы мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударылған. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде бекітілген «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидасы» негізінде су көзіне сұраныс беруші мал шаруашылығы субъектісінің осы мақсатқа жұмсаған шығындарының 80%-ы субсидия түрінде өтеледі. Биыл осы бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен алдыңғы жылдарға қарағанда 3 есе, яғни 635 960,0 млн. теңге бөлінді. Мәселен, өткен жылы аймақта 59 құдық қазылса, биыл 60 құдықтан су көзін шығару жоспарланып отыр. Қағида талаптарына сәйкес субсидия беру тәртібі 2 бағытқа бөлінген. Қазіргі таңда 1 бағыт бойынша құжаттар қабылданып, қарау актісі жасақталуда. Егер өтініштер комиссия отырысында қанағаттандырылған жағдайда мамыр айынан бастап субсидия беру жұмыстары басталады.
– Несібесін жерден терген егін шаруаларының қарекетіне қан жүгіртер қандай қауқар бар?
– Облысымызда биыл егін шаруашылығы саласында минералдық тыңайтқыштардың құнын арзандатуға 50 пайызға дейінгі көлемі және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су беру қызметінің құны субсидияланады. Осы жылы минералдық тыңайтқыштардың құнын 50 пайызға дейін арзандатуға 30,0 млн. теңге қаражат бөлінді. Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы «Субсидияланатын тыңайтқыштардың (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) түрлерін және субсидиялардың нормаларын белгілеу туралы» облыс әкімдігінің қаулысын жасақтап, әділет департаментіне тіркеуге жолдады.
Сонымен қатар аталған субсидия түрлерін электронды жүйеге көшіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде биылғы жылдың 1 ақпанында өткен кеңестің хаттама сына сәйкес облыс әкімдіктеріне 2018 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімге minagro.kz веб порталында мемлекеттік жер кадастрының деректеріне сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ауыл шаруашылығы мақсатына арналған (егістік) жерлерінің барлық алқабы бойынша алқаптардың электрондық картасын қалыптастыруға қатысты жұмысты аяқтауға тапсырма берілген. Бүгінгі таңда облыс бойынша 569 гектар суармалы жердің электрондық картасы жасақталды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су беру қызметінің құнын субсидиялауға 2018 жылға 15,0 млн. теңге қаражат қарастырылған.
– Біздің түбекте ата кәсіпті түлетуге қазынадан бөлінетін қаржының үлесі қандай?
– Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру бағдарламасы бойынша «Бейнеу астық терминалы» ЖШС кредиттік міндеттемелеріне қаржы агенті болып табылатын «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ төлеу үшін 2017 жылы республикалық бюджеттен 274 632 млн. теңге субсидия қаржысы бөлінді. Оның 273 959 474,67 мың теңгесі игерілді. ҚР Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлікті, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатын да басқармаға 2017 жылы республикалық бюджеттен 474 млн. теңге қаржы бөлініп, облыс әкімдігінің қаулысымен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 284,4 млн. теңге және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 189,6 млн. теңге бөлініп берілді. Осы екі қаржы ұйымының мәліметіне сәйкес бөлінген қаржы толықтай игеріліп, ауылдарда тұратын 130 азаматқа шағын несие беріліп, 219 адам жұмыспен қамтылды.
Аталған бағдарлама шеңберінде осы жылға республикалық бюджеттен 490 251,0 млн. теңге бөлініп, қазіргі уақытта облыс әкімдігінің қаулысымен сәуір айында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» 294 150 600 мың теңге және «Аграрлық несие корпорациясына» 196 100 400 мың теңге берілді. Аталған екі қаржы институты аталмыш бағдарлама негізінде шағын несие беруді бастады. Сондай-ақ республикалық бюджетті нақтылау кезінде осы бағдарлама бойынша тағы да қосымша 753 838,0 млн. теңге бөлініп, құжаттарды жасақтау жұмыстары жүргізілуде.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына қандай қолдау бар?
– Өткен жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы өнімінің 9 түрін (сүт, ет, тері, жүн, майлы дақылдар, астық, жеміскөкөніс, қант қызылшасы, картоп) қайта өңдеудің картасын жасады. Маңғыстау облысы бойынша картаға 5 сүт өңдеу зауыты («Ақтау сүт», «Бейнеу сүт зауыты», «Берекет – Ф», «Жаңаөзен сүт зауыты», «Milina Food Production Company Ltd» ЖШС), ет өңдеу бойынша 2 шаруашылық («Қарағантүбек» және «Сенек» ЖШС) және жүн өңдеу бойынша 1 кәсіпорын («Сенек» ЖШС) енгізілді.
Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облысымызда ауыл шаруашылығы саласын да 2017–2019 жылдарға 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 4 жоба өткен жылы іске қосылды. Атап айтсақ, Маңғыстау ауданының Сайөтес ауылында «Нақхан» шаруа қожалығы жылына 36 тонна қымыз өндіру цехын іске қосты. Қымыз құю құрал-жабдығы ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Маңғыстауагросервис» ЖШС арқылы лизингке берілді. Инвестиция құны 58 млн. теңгені құрап, 6 жұмыс орны құрылды. Бұл цех өткен жылы 40 тонна қымыз өндірген. Екінші жоба да – қымыз өндіру цехы. Қарақия ауданындағы «Сенек» ЖШС қуаттылығы жылына 10 тонна болатын қымыз өндіру цехын ашып, 10 адамды жұмыспен қамтыды. Келесі жобамыз - Түпқараған ауданында жылына 650 тонна құтыға құйылып шығарылатын түйе сүтін өндіретін зауыт. «WDOS Agargan» ЖШС-ның жаңа бастамасына құйылған инвестиция 600,0 млн. теңгені құрайды. Биыл жоспарланған қуатында жұмыс жасауды мақсат еткен зауытта 20 адам жұмыс жасайды. Сонымен қатар өткен жылы «Ақтау теңіз сауда порты» арнайы экономикалық аймағында сыйымдылығы 1321 тонна болатын көкөніс сақтау қоймасының құрылысы аяқталды. Бұл нысанның жалпы құны 294,0 млн.теңге болса, оның ішінде құралжабдықтар сатып алуға жұмсалатын 114,0 млн.теңгесін «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылды. Бұл қойма биыл өз жұмысын бастап, 15 адамды еңбекпен қамтыды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мал союдың да жолы барҚазақстан Республикасының Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясын да облыстың ауыл шаруашылығы саласында 2017–2019 жылдарға 14 инвестициялық жоба жоспарланған. Осы жылға жоспарланған жобалардың ішінде алғашқы болып Мұнайлы ауданында жылына 1000 тонна өнім беретін, жаңа инновациялық технологиямен жабдықталған жылыжай ашылды. Алдағы уақытта Қарақия ауданындағы «Сенек» ЖШС базасында «Өзенмұнайгаз» АҚ демеушілігімен жылына 50 тонна қияр шығаратын жылыжай, Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында сыйымдылығы 5000 тонна көкөніс сақтау қоймасы және көтерме-тарату орталығы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Ақшұқыр ауылын да жеке кәсіпкер «Бүркітбаев» жұмыс жасап тұрған жылыжай кешенін кеңейтуді көздесе, Мұнайлы ауданында сыйымдылығы 15000 тонналық түйіршікті жем өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Сөйтіп, облыста 109 жаңа жұмыс орны ашылады. Биылға жоспарланған жобалардың инвестициялық құны 3,8 млрд. теңгені құрайды.
– Қазіргі ауыл шаруашылығындағы ахуалды бір-екі ауыз сөзбен түйіндеп, әңгімеңізді қорытындыласаңыз?
– Қыстан аман-есен шыққан төрт түлік мал төлдеп жатыр. Қыс мезгілінде жем-шөп қоры жеткілікті болды. Бұл – өткен жылдың күзіндегі жұмыстың нәтижесі. Мал төлдету науқаны аяқталып қалды. Шамамен 80%-дай мал төлдеді. Алдағы шілде айында санақ жүргізіледі. Өткен жылмен салыстырғанда 20% шамасында өсім болады деп жоспарлап отырмыз. Ауыл шаруашылығында мәселе де жоқ емес. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлының өзі ауылдарға барғанда да, біздің басқарма да шаруаларға берілетін көмекті түсіндіріп, құлағдар етіп жүрміз. Біздің басқарма арнайы кесте бойынша ауылауылды аралап, ақпаратты халыққа кеңінен жеткізуге жұмыстанып жатыр. Су көзін ашуға, құдық қазуға сұраныс та, субсидия да арта түсті.
Қазір жазда қырға көшіп, ойды қыс мезгіліне сақтау мәселесі өзекті болып тұр. Облыстағы кейбір ірі шаруашылықтар өз күштерімен Үстіртке көшіп жатыр. Бұл жағдай қаржыны, техниканы талап етеді. Аудан әкімдерімен осы жағдайды реттеуге жұмыстану үстіндеміз. Сонымен қатар малдың терісін, жүнін өткізуді де күн тәртібінен түсірмей келеміз. Жүнді қырқуға кететін шығын мен бағасы ақталмайды. Облысымызда тек түйе жүніне ғана сұраныс бар. Бүгінде Атыраудағы зауытқа тері мен жүн өткізуге келіссөз жүргізудеміз. Біз жергілікті бюджеттен қолдау көрсету үшін тетігін, жолын ойластырамыз.
Айта кететін жайт, «Нұр капитал» жобасына облыстан енген 200 жобаның 20%-ы ауыл шаруашылығы саласына бағытталған. Біз республикада 500 мың бас төрт түлік малдан өнген өнімінің көрсеткіші бойынша алдыңғы көштен көріндік. Осы бағыттан таймай, ата кәсіптің көшін өрге сүйреуге жұмыла жұмыс танамыз.
– Сұхбатыңызға рахмет! ШАРУАЛАРҒА ШАРАПАТ:Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ