Биыл ақмаржан қала Ақтауымыздың 55 жылдығы кең көлемде аталып өтпек. Каспий жағасында орналасқан әсем шаһардың алғашқы үйлері қалай салынды? Тарих толқынына көз жүгіртсек, Ақтаудың іргесі қалануына Кеңес Одағы ерекше қызығушылық білдіріпті. Қазірлері аққулы мекенге айналған шаһар неліктен дәл теңіз жағасына салына бастады? Бұл туралы өлкетанушы Марат Түркпенбайұлы Шошақовпен тілдестік. Ол ең алғаш Ақтауда салынған үйлер мен сол үйлерді тұрғызған сәттегі «жазылмаған заңдар» туралы қызықты әңгімесін әріден бастап кетті....
- Қаланың іргетасы қалай қаланды? Бұл жердің таңдалып алыну себебі неде?
- 1956 жылы наурызда Кеңес Одағы Маңғыстауға Кольцовский экспедициясын уран кенін зерттеп, кен орын ашу мақсатында жібереді. Экспедиция 7 жыл бойы Маңғыстау аймағына терең ізденіс жүргізді. Құпия экспедицияның уранды қай аймақтардан іздегені белгісіз, әуелгіде Каспий жағасындағы шөлге поселке салу мақсаты тұрды. Экспедиция миссиясы аяқталғаннан кейін Ақтауда құрылыс қарқынды басталды. Кезінде бұл аймақ «Гурьев-20» деп аталды, сол кезде барлық құпия қалалар санмен белгіленетін. Төменгі шағынаудандардағы үйлердің бәрі де поселкенің алғашқы «сарқыншақтары». Бертін келе мұнай мен газдың табылуы және тұрғындардың потенциалы ескеріле отырып, қала салынды. Негізгі бас жоспарды жасау Ленингдрад жобалау институтына тапсырылды. Алғашқы уақытта Ақтауда 80 мың халық тұрады деген жоспармен поселке салынатын болды. Айта кетейін, сол кездегі Орта машина жасау министрі Е.П. Славскийдің Ақтау қаласының салынуында еңбегі зор болды.
- Ақтаудың ең үлкен ерекшелігі – нөмірленген шағынаудандарға бөлінуі. Алғашқы шағынаудандар туралы не айтар едіңіз?
- Бір қызығы 1, 2, 4, 5, 7 шағынаудандар, яғни жоспардағы кез келген шағынауданның теңізге шығар жолы болды. Шаң-тозаң мен шу жаңадан түрғызылған үйлерге келмейтіндей етіп жобасы құрылды. Мұндай жүйелі қаланың дүниеге келуіне ең басты себеп – бір тапсырыс беруші мен бір мердігер мекеменің жұмыс істеуінен деп ойлаймын. ПГМК (Каспий аймақтық тау-кен металлургиялық комбинаты) – мердігер болса, Ленинград жобалау институты – тапсырыс беруші. ПГМК алғаш рет темір жол салды, алғашқы тұрғын үйлер, емхана, мектеп, бақ – осының бәрі комбинаттың «туындылары». Ірі мекеме қала тұрғындарын жұмыспен, жабдықпен қамтамасыз етті, былайша айтқанда Ақтаудың көркеюіне бірден-бір ықпал еткен мекеме болды. Қазіргі ірі мекемелердің өзі бір кездері комбинаттың бөлімі саналатын. Мәселен, МАЭК 1968 жылы, теңіз порты 1963 жылы комбинаттан бөлініп шықты. Комбинат қала көшелеріне тазалау жұмыстарын жүргізді, тіпті көшелерге су себуді де өз мойнына алды. Сағат таңғы 6-да мекеме қызметкерлері көшелерге су шашатын, сөйтіп жұмысқа, мектеп, балабақшаға асыққан жұрт таза көшемен кетіп бара жататын. Адамдарды аптап ыстықтан қорғау үшін, ауаны ластамас үшін көшеге су шашу қазір ақылға сыймайтын шығар.
- Сонда қаланың барлық шағынаудандарын салуға жалғыз мекеме жұмыстанды ма?
- Иә, комбинат өз қызметкерлеріне арнап Ақтауда тұрғын үйлер салғызды. Алғаш рет Жетібай, Өзен кенорындарында мұнай атқылағаннан кейін Маңғыстауға «мұнай дәуірі» келді. Мұнайшылар теңіз жағасындағы су жаңа қалаға қоныстануды мақсат етті. Сөйтіп, мұнай мекемелері комбинатқа қаражат беріп, өздеріне арнап үйлер салдыра бастады. Егер мұнайшылар сол кездегі қала құрылысына араласқан болса, бүгінгідей жүйелі шағынаудандар болмас па еді?!
- Алғашқы үйлер қандай болды?
- Алғашқы үйлер – төменгі шағынаудандардағы подъезі жоқ үйлер. Олар жергілікті ұлутастан салынған еді. Биік, әрі подъезі бар мықты үйлер салу үшін бетонблоктар қажет еді. Ең бірінші бетонблоктан салынған үй – 6 шағынаудандағы 13-үй. Кейін Маңғыстаудың ыстық-суығы мен жел, шаң тозаңына бейімделген панелді үйлер салына бастады. Біз қолданып жүрген галереялы, балконы бар үйлер қоршаған орта температурасын төмендететін қасиеті бар еді, яғни ыстық ауаны жұтып, желге шыдамды үйлер пайда болды.
- Сонымен алғашқы сұраққа қайта оралсақ, шөл далаға қала салудың қажеті неде еді?
- Неліктен шөл далаға қала салу қажет болды? Мен бұл сұрақты үнемі балаларға қоямын, олар бірден «мұның себебі – мұнай» деп жауап береді. Шын мәнінде, басты себеп уран кені болатын. Уранфосфат кені Маңғышлақ жартылай аралында әуе зерттеулері арқылы табылды. Арнайы трассада бекітілген құрылғы ұшақпен бірге белгілі бір қашықтыққа көтеріледі, сөйтіп сол аспап арқылы кен орнының орналасқан аймағын анықтау мүмкін болды. Маңғыстау өлкесі уранфосфатына бай екендігі айқындалды.
1950 жылдарда бүкіләлемдік саясатты Ресей мен Америка державасы басқарып тұрды. Екі елдің де мықтылығы сол ядролық қарумен өлшенеді. Ядролық қару үшін де, басқа да қажеттілік үшін уран керек. Міне, сол уақыттан бері Маңғыстаудың өндірістік өмірінің негізі қаланды. Мұнда №45-арнайы экспедициясы (Кольцовский экспедициясы) осы мақсатта жіберілді. Анатолий Реневский басқарған Кольцовский деп аталатын экспедиция Есентуки қаласынан осында келді.
1956 жылы наурызда Маңғыстауға табан тіреген экспедицияның геологиялық бағытта уранфосфатты кені іздеу мәселесімен айналысты. Мұнда, әлбетте, коммуникация да, жол да, ештеңе болмады. Экспедиция мүшелері Қарақия ойпаты маңында орналасты. Өмір сүруге қажетті қарапайым сіріңкеден бастап тағамдардың бәрін де ұшақпен алып келу керек болды. Ал Қарақия маңы төбе, белесті жер болғандықтан ұшақтың ұшып-қонуына ыңғайсыз еді. А.Реневский бір топ мамандармен қазіргі Ақтау жері, Приморск жаққа келіп, лагерь салуға қолайлы жер іздей бастайды. Теңіз жағалауына жақын, әрі ұшақтың ұшып-қонуына ыңғайлы тегіс, бір жағынан геолог, құрылысшы, бұрғылаушылар үшін жайлы жер таңдалды. Ол қазіргі Ақтау қаласы орналасқан жер болатын.
- Қаланың бір кездері Ақтау аталып, кейін Шевченкоға ауыстырылғаны белгілі. Себебі неде?
- Иә, қала 1961-1964 жылдар аралығында Ақтау поселкесі, Ақтау қаласы аталды. XIX ғасырдың ортасында Қазақстанға жер аударылған украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне 1964-1991 жылдары Шевченко қаласы деп аталды. Кезінде Дінмұхаммед Қонаевқа Славский "қаланы Шевченко деп атау туралы" ұсыныс білдіріпті. Ақтаудың пайда болуына себепкер азамат, Кеңес Одағы орта машина жасау министрі Славскийдің сөзін жерге тастамай, Д.Қонаев келіседі. Кейін 2 қала бірдей Шевченко аталмас үшін, қайта Ақтауға өзгертілді.
- Қазіргі Ақтау орналасқан даланың ауа райы бұрын да осылай болды ма?
- Әрине, бір кездері Ақтаудың ауа райы өте қолайсыз саналатын: шаңды дауылды, жазда 50 градус аптап ыстық, қыста 30 градус аязды, дауылды, боран желді. Алғашқы қоныстанушыларға қыс ерекше салқын болды, Экспедиция палаткадан тігілген қалашықта тұрады. Ал палатада өмір сүру - қиынның қиыны. Оның үстіне, палатканы тайпап кететін түйе, жылқылар бар еді. Олар жолсызбен жүріп, Форт-Шевченкодан ауыз су алдыратын. Мына тұрған Форттан көліктер 7-8 сағатта әрең жетуші еді.
- Ақтау қаласының ең алғашқы тұрғындары кімдер еді?
- Әр түрлі ұлт өкілдері. Жергілікті қазақтардың көбі Кольцовский экспедициясында жұмыс істеді. Олар жолсерік, жүргізуші, тіпті қоймашы болды. Қазақтан өзге ұлт өкілдері де көп болды.
- Кольцовский экспедициясы Ақтауда қанша жыл жүрді?
- 1956 жылы келген әйгілі экспедициясының 7 жыл уақыты уранды қай аймақтардан табуға болатыны жөніндегі іздеу жұмыстарымен өтті. Кейін экспедиция басқа бағытқа кетті. Славскийдің өзі «Мұнай болмаса, қаланы салу қиынға соғар еді» деген пікірді айтқан. Иә, Ақтаудың бағы бар. Бағымызға орай, бірнеше жылдан соң жақын кен орындарынан мұнай атқылады. Біз бай қалаға айналдық. Жоқтан қала тұрғызылды және жыл сайын үлкейе берді. Бұрын маңғыстаулықтар Маңғыстау ауданы, Форт-Шевченко, Бейнеуде өмір сүрсе, енді жұрт Ақтауға ағыла бастады.
- 90-жылдары Ақтауда үйлер бағасы тым арзан болды деседі...
- Кеңес Одағы ыдыраған соң жаппай көшу кезінде көпшілік Ақтаудан көшіп кетті. Орыс ұлтының көбі Ресейге аттанды. Еліне кеткендер аз болған жоқ. Көшіп кеткен тұрғындардың үйлерін мемлекет арзанға сатып алып, оларды оралмандарға үлестірді. Кейін бұл тәжірибе тоқтап қалды. 1990 жылдары 3 бөлмелі үйлерді шамамен 2000-2500 долларға сатып алуға болатын.
- Қала үйлерін салу кезінде ерекше дәстүр, ережелер болды деседі. Тұрғын үй нөмірлері жазылған түсте де мән бар екен...
- Иә, Ақтау қаласының жаңа үйлері салына бастағанда, барлық үйдің нөмірлері қарамен жазылды. Ал құрылыс кезінде жұмысшы қайтыс болған кезде, үйдің нөмірі қызылмен жазылды. Байқасаңыз, 11 шағынаудандағы 34 үй, 28 шағынаудандағы 18, 19 үйлердің нөмірі қызыл түспен белгіленген. 8 шағынауданның 23 үйі салынып жатқан кезде кран жүргізушісі кранымен қоса құлап, мерт болған, сол үйдің нөмірі де қызыл. Бұл дәстүр «жазылмаған заң» сияқты еді. Ал қазір үйдің нөмірлері жасылдан бастап, көкке дейін бар. 1967 жылы Революцияның 50 жылдығы қарсаңында ас үй жиһазы қондырылған үйлер пайдалануға берілді. 6 шағынауданның 24, 30 үйлері аяқ киім шкафы, ас үй жиһазымен берілген.
- Ақтаудың қала ретінде тұрғызылғанын көрген куәгерлердің бірі – өзіңіз. Қазір қала адам сенгісіз үлкейіп жатыр. Жаңа шағынаудандар салынуда. Көңіліңіз тола ма?
- Қазір бұрынғыдай жүйелілік жоқ деп сұхбат барысында айттым. Мәселен, Ақтауда солтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс желі бар. Қандай да бір құрылыс саларда, желдің ығына ерекше мән береді. Жаңа шағын аудандар саларда, алдын ала бас жоспарда мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік мекемелер жүйелі бекітіледі. Қазір кім көрінген үй салып жатыр. Сапасы туралы енді айтпай-ақ қояйын.
- Сұхбатыңызға рахмет!
P.S. Маңғыстау облысында жабық режимдегі мұражай жұмыс істейді. Марат Түркпенбайұлы өзі сұхбатта айтқан әйгілі Комбинаттың, яғни «Каспий аймақтық тау-кен металлургиялық комбинатының» (ПГМК) ескі ғимаратындағы мұражайды басқарады. Ол Маңғыстау түбегінің тарихын білгісі келетін қонақтар мен оқушылар үшін демалыс көрмей қызмет ететінін айтады. «Каспий аймақтық тау-кен металлургиялық комбинаты» еңбек даңқы мұражайында Ақтаудың тарихынан сыр шертер өндірістік, қоғамдық өмірді бейнелейтін тарихи суреттер, бұйымдар, естеліктер жетерлік.
Айгүл ДӘДЕН