Таңатова Ажархан Борисқызы этноауыл жұмысымен 3 жылдан бері айналысып келеді. Қаратау етегі, Шайыр ауылындағы этноауыл қазақилығымен, ұлттық болмысымен ерекшеленеді. Қазақ халқы, соның ішінде «Әлім тур» демалыс базасы келген қонақтарды қонақжайлылығымен таңғалдыруда. «Табиғи таза ет-сүт өнімдерінен дәм татып, ыстық таба нанмен киіз үйде арқаны кеңге салып, шай ішкенге не жетсін», - дейді шаруаны дөңгелетіп отырған Ажархан Борисқызы. Қаратаудағы «Әндеме» бұлағы-шипалы суы адамның ішкі дене құрылысына ем екен. Ажархан апаймен әдемі бағы бар жұмбақ өлкедегі отандық кәсіп туралы шағын әңгіме айттық.
https://www.youtube.com/watch?v=-HRLTZt86FU- "Әлім-тур" этноауылы қалай ашылды? Шайырдан ашылуының басты себебі неде?
- Анам Раиса Шаухарова – Маңғыстау ауданы Шайыр ауылындағы «Хан-бек-гүл» шаруа қожалығының иесі. Біз көпбалалы отбасыда тәрбиелендік, Таңатов әулеті дөңгелеткен кәсіпті жалғастырып келеміз. Үйдің үлкені – мен, одан кейін Сәулехан, Сайлаухан, Меделхан, Бекболат, Қалдыбек, Бердібек, Несіпбек, Алтынгүл, Алмагүл. 10 баланың есімімен«Хан-бек-гүл» деп шаруа қожалығымыз аталыпты. Мұнда төрт-түлік малды өсіріп, мал өнімдерін дайындаймыз. Шайыр ауылы Маңғыстау облысында «Малая Швейцария» деп аталады. Сол себепті «Әлім-тур» этноауылын ашуды қолға алдық. Биыл бұл демалыс орнының ашылғанына – 3 жыл. Қаратау етегінің табиғаты тылсым, ерекше. Қаратаудан бұлақ суы ағады. Бұлақ суы құрамында кальций бар. Бақтың қанат жаюына еңбекқор әкем Борис пен анам Раисаның еңбегі сіңді. Әдемі бақ ішіндегі бассейнді таза бұлақ суымен толтырамыз. Қонақтар бұлақ сусынын ішіп, бақ бассейнінде демалуына мүмкіндік бар.
- «Әлім-турдың» ерекшелігі қандай?
- Төрт-түлік мал өнімдерін халыққа ұсыну мақсатында «Әлім-тур» демалыс орнын аштық. Тур базада қонақ болған азаматтарға ұлттық байлығымызды көрсетіліп, ұмытылып бара жатқан ата-бабамыздың кәсіптері насихатталады. Жүнді қалай түтіп, өңдейді, мал өнімдері тағамдары қалай дайындалады, киіз қалай басылады? Осының бәрін этноауылымыздан тәжірибеден көруіңізге болады.
- Этноауыл қарапайым адамдар үшін қолжетімді ме?
- «Әлім-тур» қонақтарды екі бағытта қабылдайды. Бірінші жағдайда келушілерге біз дайындаған ұлттық тағамдармен дастархан жасалады, екінші жағдайда келушілер өз тағамдарын алып келіп, біздің киіз үйде демалады. Қонақтар өз таңдауымен түнеуге немесе бір күнге киіз үй жалдайды. Ө з тағамдарымен келетін қонақтар үшін тәулігіне бір киіз үй 25 мың теңгеге жалданады. Киіз үйдің ыдыс-аяғы, көрпе-төсегі, отын-суы демалыс орнының есебінен болады.
- Қазір демалыс орнында қанша киіз үй тігулі тұр?
- 3 ағаш үй, 2 темір ағаш үй тігілген. Алдағы уақытта шипажайды кеңейту үшін тастан қонақ үйлер салуды жоспарлап отырмыз. Өйткені, қанша дегенмен, Маңғыстауда ауа райының күрт өзгеріп тұрады. Сол себепті тас үй ауа райына да, келушілер үшін де ыңғайлы болар еді. Келешекте балалар ойын алаңын салғым келеді. Жоспар көп. 2016 жылы жаз мезгілінде 10 елден Маңғыстауға іссапармен келген турбаза директорлары біздің этноауылымызда демалудың сәті түсті. Швейцария, Голландия, Австралия, Германия сияқты шетелдің азаматтары қазақы болмысымызға, ерекше табиғатқа тәнті болды.
- Келушілерге басқа да қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
- Айтып кеткенімдей, киіз үйдегі дастарханда экологиялық таза ет-сүт өнімдері беріледі. Өнімдер өзіміздің жанұялық шаруа қожалықтан алынған. Қонақтарға қазақтың салт-дәстүрі бойынша бас ұсынылады. Сондай-ақ, жастар жағы атқа мінуге қызығады. Бұл үшін аттарымыз сақадай сай тұр. Түйе сауып көруге де мүмкіндік бар. Қала адамдары ауыл өмірінің тыныс-тіршілігімен таныса алады. Балалар қозы-лақпен ойнап, үлкендер түйе, жылқы сияқты үй жануарын қолға ұстауды өз көзімен көреді. Түйе жүнінен жасалған көрпемен саф ауада түнеген жан қант диабетінен айығады дейді шетелдік мамандар. Қысқасы, көп ауруды жазып, ерекше демалысты аңсаған жанға шетел асып, шипажай іздеудің қажеті жоқ. Бір сәт қаланың қымқуыт өмірінен шаршағанда, төрт қабырғалы үйден жалыққанда, бізге келіңіз! Отандық демалыс орындары орналасқан Шайыр ауылы шетел табиғатынан артық болмаса, еш кем емес!
Айгүл ДӘДЕН Бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[caption id="attachment_52457" align="aligncenter" width="800"] Шаруа қожалық иелері Борис пен Раиса Таңатовтардың замандастары этноауылда [/caption]