Бұдан біраз жыл бұрын Маңғыстаудың ғана емес Қазақстан теміржолының тарихында елеулі оқиға орын алған еді. Естіген құлақты селт еткізген бұл жаңалық теміржолы талай сын сағаттардан өткен елдерде де бұрын-соңды болмаған. Жаһанға жар саларлық мұндай ілкімді іс түбек теміржолшыларының тәуекелге бел буып, жүкті жұмыла көтеруімен жүзеге асқан-ды. Әрине мұнда әрбір жұмысшының қосқан үлесі өз алдына. Ізмағанбет Өмірұзақ соның бірі.
Ізмағанбет Оразбайұлы 2004-2005 жылдар аралығында болған осынау оқиғаның - Маңғыстау теміржолымен төрт қабатты үйдің көлемімен пара-пар алып жүкті алып өту сәтінің бел ортасында жүрді. Жүктерді түбектің ойы мен қырынан құлатпай, қадағалап бару үшін құрылған комиссияға төрағалық етті. Яғни, 104 корабльге тиеліп, су жолымен әкелінген "аманаттың" Маңғыстау – Құлсары – Теңіз Шевройлдың 8-бекеті бағытында қауіп-қатерсіз жетуіне жауапты еді. Барлығы 61 рет пойыз жүргізіліп, тасымалданған 96 дана аса көлемді және салмақты жүк "Теңіз Шевройл" мұнай зауытының құрастырмалы жабдықтары мен бөлшектері болатын.
- Кейбір жүктердің ауқымы да, салмағы да әжептәуір үлкен - 500 тоннаға жететін. Ең ұзыны 66 метр, бес вагонмен шамалас. Оны "Ракета" деп атап кеттік. Онша ірі емес, түрлі деңгейдегілері де болғандықтан инженерлік рама тағайындалып, соған орналастырылды. Инженерлік раманың өз салмағы 150 тонна. Ені 10 метр. Биіктігі жерден есептегенде 12 метрге баратын. Жүктердің бастапқысы 2004 жылдың 4 шілдесінде Маңғыстау (Маңғышлақ) стансасынан жөнелтілді. Барлығын тасымалдауға бір жыл екі ай уақыт кетті. Бұған дейін дәл мұндай үлкен жоба тәжрибемізде кездеспеген. Нағыз шешуші кезеңдер дерсің. Бүкіл назар бізде, өңірдің және Қазақстан теміржолының мерейі қыл үстінде тұрғандай еді. Аймақтың қатал табиғаты, жер бедерінің ерекшеліктері де бар. 2005 жылдың қысы болатын, Шетпеден шыға берісте сойқан жел көтерілгені әлі есімде. Қатты дауыл соғып, көлемді жүк көлбеңдей бастады. Әр локомотивке бөлінген минут пен секундқа шейін санаулы. Пойызды тоқтатып қоюға болмайды. Жолды уақытымен босату керек. Таңертең Атырау пойызы келетін, кейінінен басқа пойыздар да бар. Өте төменгі жылдамдық - сағатына 5 шақырыммен жүріп, келесі бекетке жеткіздік. 13 разъезге барып, 3 тәулік күттік. Осындай қысыл-таяң шақтардан шықтық...
Күрделі жүктерді тасу үшін теміржолды күрделі жөндеуден өткізбесе болмайтын. Ауыр салмаққа төтеп беретін жаңа рельстер орнатылды. Кедергі келтіретіндіктен 605 шақырым аумақтағы бағдаршамдар кішкентай (карликовый) түріне ауыстырылып, ауыстыруға келмейтіндері тиісті арақашықтыққа ығыстырылып қондырылды. Байланыс және белгі беру дистанциясы бойынша белгі беру жүйесіне өзгерістер енгізілді. Бірақ, бір өкініштісі, осынша қажыр-қайратты талап еткен жаңалық Гиннестің рекордтар кітабына кірмеді. Шын мәнінде лайық рекорд болған-ды. Алдын ала хабарлауды білмеппіз. Кітаптың сондай ережелері бар екен,-дейді сол күндердің естелігін есіне түсіргенде Ізмағанбет аға.
Осылайша, І.Өмірұзаққа міндеттелген тапсырма ойдағыдай орындалған еді. Дегенмен бұл оған жүктелген алғашқы жауапты жұмыс емес. 2003 - 2004 жылдары Маңғыстау аймағының жолдарын күрделі жөндеуден өткізілу және жаңғыртылу жұмыстары кезінде енгізілген ЦАБ АЛСО, МПЦ «Диалог» жаңа жүйелерін қадағалау үшін құрылған комиссияға да басшылық жасады. 1990 жылы өзінің инженерлік тәжірибесіне сүйене отырып Маңғыстау (Маңғышлақ) локомотив депосында ескірген ТЭ-3 сериялы тепловоздарды жандандыру үшін көп бірліктің тарту жүйесін (системе многих единиц тяги) енгізіп, Бейнеу – Маңғыстау (Маңғышлақ) бағытында салмағы 6 мың тонналық пойыздардың жүруіне мұрындық болды. Нәтижесінде Бейнеу стансасының жұмысы жеңілдеп, телім бойынша пойыздардың өту реті жақсарды. Осындай еңбектерінің арқасында «Адал еңбегі үшін» және «Қазақстан темір жолына - 100 жыл» медальдарымен марапатталды.
Биыл Ізмағанбет ағаның теміржолдың табалдырығынан алғаш аттағанына - 44 жыл. Іргелі кәсіпорынға 1973 жылы, орта мектепті бітіре салысымен келіпті. Өзі бұл туралы "Мектеп қабырғасында әуе көлігі және газ саласының маманы болуды армандайтынмын. Бірақ Ленин Орденді Қазақ темір жолының орта мектебін бітірген түлектің темір жолға бүйрегі бұрмауы мүмкін емес еді. Жан-жағыма қарасам, бәрі теміржолшы. Соңғы шешім өзгерді. Жұмыс жолымды ПЧ-22 Орта Азия темір жолының Бейнеу – Ақжігіт аралығынан бастадым" деген еді. 1975 жылы Гурьев теміржол-техникалық мектебінің тепловоз машинисті көмекшісінің курсын бітіріп, Маңғыстау (Маңғышлақ) локомотив депосының Бейнеу ауыстыру нүктесінде машинист көмекшісі жұмысына барады. 1979 жылы Ашхабад теміржол-техникалық мектебінің тепловоз машинисті курсын тәмамдап, Қоңырат локомотив депосында машинист болады. 1984 жылы Алматы көлік инженерлері институтынан «Локомотив шаруашылығы» бағыты бойынша қатынас жолдарының инженер-механигі мамандығын алады.
1980-1985 жылдары Маңғыстау (Маңғышлақ) локомотив депосында машинист көмекшісі, тепловоз машинисті, машинист-нұсқаушысы болады. 1985 жылдың желтоқсан айынан 1986 жылдың қазанына дейін жаңа ашылған Бейнеу локомотив депосында бас инженер, 1986 - 1994 жылдары Маңғыстау (Маңғышлақ) локомотив депосында депо кезекшісі, техникалық бөлім инженері, техникалық бөлім басшысы, машинист-нұсқаушы, пайдалану жөніндегі локомотив депосының орынбасары, депоның бас инженері міндеттерін атқарады. 2007 жылдан Манғыстау жол бөлімшесінде локомотивтерді пайдалану бөлімін басқарады.
-Тәуелсіздіктің ілкі жылдарында тоқырау басталып, жүк тасымал көлемі күрт қысқарды. Пойыз қатынасы азайды. Отбасы жағдайы мен сондай себептерден темір жолдан кетуге тура келді. 1994 - 2000 жылдары «Қазақгаз» ҰК-қа жұмыс ауыстырып, бала күнгі армандаған мамандықта өзімді сынап көруге мүмкіндік туды. Десек те бар ой теміржолда болатын.
2000 жылы Ақтау портының жаңғыртылуына, Марпорттағы жұмыстың күшеюіне орай теміржолдағы шаруа қайтадан қыза түсті. Жаңа жұмыс орындары құрылды. Кадрлар қажеттігі туындады. Басшылықтың, нақты айтқанда, сол кезде Маңғыстау бөлімі бастығының орынбасары Мэлс Бисултановтың шақыртуымен өз салама қайта оралдым. 2000- 2007 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ Атырау тасымалдау бөлімшесінің Маңғыстау бөлімінде инженер, бөлім басшысының орынбасары және қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі жұмыстарын жасадым. Ол уақытта теміржолда жаңа серпілістер болып жатты. Қайта құрылымдау басталды. Ақтау порты ашылды. Пароммен порттан жүктерді жөнелтуге кірістік. Порт арқылы мұнай, Қарағанды металлургия комбинатының өнімдері, 2002 жылдың соңынан бидай тасымалданды. Ақбидай терминалы ашылып, терминалмен бидай экспорттауға жұмыстандық. Қателеспесем, со кезде жылына 10 млн. тоннаға шамалас жүк өткізетінбіз. Ең көлемдісі - мұнай. Бидай Солтүстік Қазақстаннан теміржолмен жеткізіліп, терминалға құйылатын. Одан кемемен Баку, Иран асып, жан-жаққа экспортталатын. Мұнай да солай. Темір рудасы көбіне Иран арқылы шығарылатын. Мұнайдың бір бөлігі Иран, бір бөлігі Баку, Жихан, Грузияға, одан әрі қарай Қара теңізбен кететін,-дейді ол.
І.Оразбайұлының өзге салада өткен бірнеше жылы демесек, осынша уақыт бір кәсіпті нәсіп етуінің бірден бір сыры болса, оны өскен ортасы, шыққан тегімен байланыстырады. Туған отбасы да, айналасы да болат жолдан рызқын терген жандар. Атасы Өмірұзақ Тасмағанбетов бастаған династия мүшелерінің салаға қосқан еңбек өтілі 600 жылға шамалас. Соның 200 жылға жуығы Түрікмен КСР-інің Ашхабад теміржолында өтсе, қалғаны Қазақстан теміржолында. Әулетке мамандықты алып келген аталары Өмірұзақ пен әжелері Тәжім. Ерлі-зайыптылар 1932-33 жылдардан бастап Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қалпына келтіру жылдарында Ашхабад теміржолында жол жұмысшысы болған. Олардан туған төртеу - Шығанбай, Оразбай, Тұрдықылыш, Тұрлыбек Өмірұзақұлдары ата-анасының жолын таңдайды. Ағалы-інілер 1941-1994 жылдар аралығында шойын жол шаруашылығының түрлі сатысында жүріп, Батыс Қазақстан теміржолының Гурьев жол бөлімшесі НОД-4-тің ПЧ-19, ВЧД-6 мекемелерінде өткел кезекшісі, учаскелік қозғалыс ревизоры, Ашхабад белгі беру және байланыс дистанциясында электомонтер, басқа да бағыттарда жұмыс жасайды. Үлкен ұлы Шығанбай Өмірұзақұлы пойызды апаттан аман алып қалып, қызметінде көрсеткен қырағылығы үшін "Құрметті теміржолшы" атағын алған. Бір қызығы теміржолшы төртеуден үшеуінің үйленген жары да сол мамандықта және олардың үш ұлы - Бердіқұл әйелі Жаңылханмен, Тұрмағанбет жұбайы Айшамен, Бермағанбет зайыбы Райсамен осы салада. Оразбайдан 11 бала тарайды. Одан 5 ұл, 2 қызы ата дәстүрді жалғайды. Соның қатарында Ізмағанбет Оразбайұлы да бар. Оның жұбайы Ақтоты Сүйіндікова Маңғыстау локомотив депосында есепке алу тобының операторы, 1983 жылдан бері осында. Бауырларынан Тұрмағанбет 1974-2012 жылдар аралығында жұмыс жасап, НЖС-13 ВП-12 бастығы лауазымын атқарған. 2012 жылы ауыр науқастан дүние салған. Оның да зайыбы Айша Өмірұзақова теміржолшы. 2003 жылдан бүгінге дейін "Локомотив АҚ" "ТК сервис" Маңғыстау учаскесінде жұмысшы. Сәрсенбек Өмірұзақ "Болат Жол" ЖШС локомотив депосының тепловоз машинисті (1984 жылдан бері жұмыста), Наурызбек НЖС-13 ВП-12-де шебер, (1997 жылдан бері жұмыста), Жұмаәділ ЭЧ-5 мекемесінде 2003-2010 жылдар аралығында электромеханик. Қарындастары Бибігүл мен Зинегүл 1987-1989 жылдан бері Бейнеу стансасының СТЦ операторы, тауар кассирі.
- Теміржолшылық қанымызға сіңген қасиет десе де болады. Ата-әжем, ата-анам да өз несібесін осы саладан тапты. Атамыз Өмірұзақ Тасмағанбетов. Сол Тасмағанбеттің атамнан басқа тағы үш ұлының - Өмірхан, Қадірхан, Сейлханның мамандығы да әкесінікімен бірдей екен. Інісі Есмағанбет те солай, қазір оның шөберелері де шойын жол шаруашылығында. Шөбересінен Нұрлыбек Көшбаев Бопай стансасында жол шебері, Сүйінғали Есмағанбетов «КасКор» АҚ-да жол құрастырушы. Әулетімізде осылай, екі атадан төмен қарай теміржолшылар болып кетеді. Әкем 1944 жылы жұмысқа жол құрастырушы болып кірісіп, ғұмырының 50 жылын арнады. 25 жылында станса басшысы, 19 жылында учаскелік қозғалыс тексерушісі міндетін атқарды. Біртұтас Қазақстан теміржолы құрылған тұста Түрікменстаннан елге - Қазақ темір жол басшылығына хат жолдап, шақыртуымен Көкшетау жол бөлімшесінің сол кездегі Макинка стансасының басшысы етіп тағайындалады. Маңғыстау теміржолы салынып жатқан тұста кіндік қаны тамған Маңғыстауға оралып, Опорный стансасына тұрақтайды. Әулетіміздің елге қайтуына әжеміз себеп болыпты. Ел жақтан жел ессе де құлағы түрік отыратын ол, біртұтас Қазақ теміржолы қалыптасып жатыр дегенді естігенде "Теміржол елімізде де бар. Көш-көшпен жүріп, Отаннан біраз алыстап кетіппіз. Туған жерге қайтайық..." деп балаларына үндеу салады. Біз сол кісілердің тәрбиесін көріп өстік. Ес білгелі еститініміз теміржол туралы әңгімелер. Қазірге дейін сол. Анда-санда әкемді көруге Бейнеуге бара қалсам, отырар отырмастан қозғайтыны баяғы тақырып. Әліге дейін теміржол жаңалықтарын қалт жібергісі келмейді,-деген І.Өмірұзақтың ізін бүгінде қыздарынан Гауһары жалғастыруда. Қазір ол Ақтау портында жүк қабылдаушы. Ұлы Есен 2006 жылға дейін "Ғасыр Маңғыстау" ЖШС-де жылжымалы құрама жөндеушісі болыпты. Өзі қиындығының қыры мен жетістігінің сыры көп кәсіпте осынша уақыт еңбек етіп, білгені мол маман. Осы аралықта талай тәжірибе жинап, қанша кәдеге жаратты. Талай шәкіртін шыңдады.
- Қазір теміржолшының жұмысы бұрыңғыдай емес. Көбі компьютерлендірілген. Кезінде біз әр жасаған жұмысты қолмен қағазға түсіретінбіз. Машинистің де машақаты өз басына жетіп артылатын. Олардың өз арасында үлкен бәсеке жүретін. Біреуінің жүк тасымал көлемі, басқасының үнемделген жанар-жағар майы көп, енді басқасы техникалық жылдамдықты жақсы орындайды. Әркім әржағынан үздік. Сондықтан, бір-бірімізден үлгі алдық. "Мен неге пәленшеден өте алмаймын, одан қай жерім кем" деп жақсы нәтиже көрсететін машинистерден озуға ұмтылдық. Артық шығынға жол беретіндер мен озаттардың аты депоға іліп қойылатын. Сол қабырға тақтасында өзімізді тек жақсы жағынан көрсетсе екен деп жұмыстандық. Жұмыс та ауыр еді. Машинистер жетіспейді, кезекті демалысты көрмейсің де. Айына бір рет демалыс алсақ, оның өзі үлкен бақыт. Тепловоздар ескі. Ақауы шығып, әр сапарда бір жері іс таппай тұрмайтын. Осындайда тәжірибелі машинистердің үйренгеніміз көп болды. Өзім Бакуден келген Социалистік еңбек ері Әли Шукюровты үлгі тұттым. Қарапайым, білгені ішінде, мықты маман еді. Ақыл-кеңесін аямайтын,-деген кейіпкеріміздің өзі қазір өзгеге тәлім беріп, тәрбиелейтін шақта.
- Атырау жол бөлімшесінің Маңғыстау бөлімі басшысының қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі жұмысында стансаларға жиі шығатынмын. Негізгі міндетім қауіпсіздіктің алдын алу үшін жол берілген қателіктерді табу еді. Жұмыс болғасын түрлі кемшіліктер кездеседі. Кейбіреулер сол ақаулықты жіберген адамды жазалап жатады. Бірақ мен ол бағытты ұстанбадым. Жаза қашпайды. Қателік - білместіктен, түсінбестіктен, мүмкін жұмысын бітіруге уақыт тапшылығынан кенкен-ді. Мән-жайды анықтап, түсіндіріп, үйретуді жөн көрдім. Сондықтан өз тәжірибемде сол адамның дәл сондай қатені екінші рет қайталағаны кездеспепті,-дейді бұл жөнінде.
Ізмағанбет аға бүгінде Маңғыстау жүк тасымалдау бөлімшесінің жылжымалы құрама бөлімінің басшысы. Бөлім бөлімшедегі вагон және локомотив деполарының жұмысын үйлестірумен айналысады. Шаруашылықтарды қадағалап, жұмыстарын ұйымдастырады. Мекеменің басты мақсаты - бөлімшеге жүктелген жүк және жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету. Деполарға міндеттелген жұмыс жоспарларының уақытылы орындалуын жүзеге асыру.
Теміржолшылар мерекесіне және Маңғыстау темір жол бөлімшесінің ашылуына 10 жыл толуына орай кешегі өткен салтанатты шарада Ізмағанбет аға "Маңғыстау темір жол бөлімшесіне - 10 жыл" мерекелік медалімен марапатталды.
Шахида ЖҰМАН