"Темір жол. Ені 4-5 метрге жете ме, жетпей ме кең жерге тар қылып тартылған қарапайым ғана жол. Көз алдыңа жауын-шашында шалшық судан сақтану үшін темір мен ағашты айқастырып салған аяқжолды елестетеді. Үлкендерге ренжісек үйдің не қораның төбесіне тығылуға көмектесетін бала күніміздегі сатыға да ұқсап кетеді. Есімде, біркездері ауыл каналының үстінде дәл соған ұқсас көпір болатын... Құдай-ау, сонда бұл сондай керемет дүние ме? Анау, төбедей боп бара жатқан заңғардай жүктерді тиеген ашық "арбалар" мен бірінің артынан бірі тірескен вагондардың бәрі бірге жүріп барады. Қалай көтеріп тұр десеңші? Мен де қазір осы жолмен жүремін. Қызық, мына жіп жіңішке темірлерден пойыздың доңғалақтары шығып кетпей ме? Жоқ..." Бұдан біраз жылдар бұрын теміржолдың жиегімен вокзалға дейін жаяу келіп, алғаш рет пойызға отырған күнімді күнделігіме осылай түсіріппін. Ұят-ай! Оған дейін теміржолды көрмей, естімей өскен менің ақпаратым саусақпен санарлық қана болыпты. Ал қазір қалай? Теміржол - тіршілік жолы екеніне, ол бар жерде тәртіп те, талап та, төзім де темірдей болатынына таласым жоқ. Теміржолшыларды тереңірек тани түскен сайын оған күн сайын көзің жетеді. Темірлі жолды, темірді ырқына көндіріп, алысты жақындатқан, ауырды жеңілдеткен олардың қажымас қайратына, болаттай беріктігіне қайран қаласың. Шынында да темір жол ел экономикасының белсенді тамыры, оған қан беретін, жан жүргізетін жүрегі - теміржолшылар. Солардың арқасында елсіз сахараның өзіне "нәр" жетіп, шөл даланың тіршілігі қайнаған гүл далаға айналары әбден мүмкін. Кәсіби мерекесі қарсаңында осындай ауыр да күрделі жолды 45 жылға жуық жүріп өткен ардагер теміржолшы, "Құрмет" орденінің, "Құрметті теміржолшы" атағының, "Адал еңбегі үшін" медалінің иегері Қожахмет Уәзірді құттықтап барып, бірер ауыз тілдескен едік.
"Жас келсе іске" демекші жастық шақтың бар күш-жігерін теміржолдағы бірнеше ілкімді істердің атқарылуына аянбай жұмсаған Қожахмет Шабайұлы еңбек еткен жылдары өзінің бастамашылдығымен өз алдына даралып шыға білген кәсіпқой теміржолшы. Қай бастаманы қолға алмасын жеріне жеткізбейінше тынбайтын Қожекеңді бүгінде маңғыстаулықтар өңір теміржолында болған талай жағымды жаңалықтың идеалисті деп те біледі. Ол Маңғыстау жол дистанциясының тізгінін ұстаған жылдары түбек теміржолында мұнай тасымалдауға жарайды деген жоспармен тек қана ағаш шпалдардан, Р43 рельстерімен салынған жолдар болатын. Құрғақ зонада жатқан аймақтың өзіне тән жазы ыстық, қысы құрғақ, жалпы климаттық жағдайын ғана ескерумен жол үстіндегі көпірлік құрылыстар мен суағарлар аз жерге қойылған темір жолды жауын-шашында су шаю ықтималының жоғары екенін бірден байқап, жұмыстанады. Осыларды басшылыққа ала отырып жұмысқа кіріскен ол алғашқы күндерден-ақ жолды күрделі жөндеуден өткізбесе болмайтынын жоғары органдардың алдына талап етіп қояды. Жас болса да ұстаған жерін жаздырмауға әдеттенген теміржолшы бұл мәселенің түйіні тарқатылмайынша тынбайды. Арадан көп өтпей, №8,9,12,13 бекеттер аралығында жолға қажет жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Күрделі жөндеуден өтпеген жерлері берік ауыр рельстерге ауыстырылады. Шпалдардың орналасу реті де жиілетіліп, жоласты қиыршық тастармен бекемдетіледі. Қол астындағы мамандардың қауіпсіздік бағытындағы тың ойларын қолдап, ұсынған әдістерінің қолданысқа енгізілуіне мұрындық болады. Тағы сол сияқты жаңашылдықтардың басы-қасында жүреді. Соның бірі - қазіргі Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің Атыраудан бөлініп шығуы. Маңғыстауда өз алдына бөлімше ашу қажеттігін көтеріп, қолға алған шаруасын бөлімшенің тұсау кесу сәтіне дейін жеткізуі. Сол бөлімшеге биыл - 10 жыл. Бөлімше орналасқан Мұнайлы ауданына да 10 жыл.
- Қожахмет аға, бұл жолғы теміржолшылар күні маңғыстаулықтар үшін жылдағыдан бөлек болайын деп тұр. Өзіңіз өбектей жүріп еншісін алып берген жас шаңырақ - бұрыңғы Маңғыстау жол бөлімшесіне міне, 10 жыл.
- Темір жол негізінде экономиканың күретамыры. Ол барған жер жайнап шыға келері сөзсіз. Түрікменстан арқылы байланысты арттыра түсетін Өзен- Болашақ жолын, Бейнеу-Тассай бағытын, салаға серпін беретін Құрық жобасын алайық, бәрінің де артындағы бірден бір себеп болса, Маңғыстау теміржол бөлімшесінің дер кезінде ашылуы. Бөлімше өз уақытында ашылмағанда бүгінгі қол жеткен жетістіктер кешеуілдеп келер ме еді?! Бөлімшенің өз алдына отау тігуі тарихи оқиға болды. Оған дейін Атырау бөлімшесіне бағынатынбыз. Үйден өз балаңды бөлек шығарудың өзі оңай емес, бөлек кеткесін оның аяққа тұрып кетуі тағы бар. Біз міне, сондай сынақтардан өтсек те, аз уақытта Маңғыстау теміржолының қалай өзгергені бүгінгі әлеуетінен-ақ көруге болады. Ірі-ірі жобалардың жүзеге асуын өзіңіз де біліп отырсыз. Осындай стратегиялық мақсаттың орындалуына маңғыстаудың белсенді азаматтары 2005 жылдан бастап кірісті. Жоғары жаққа түбек теміржолын өзімізге алу жөнінде ұсыныстар берді. Үндеу тастады. Оны халық қалаулылары Зейнолла Алшынбаев, Серік Оспанов, Михаил Бортников, Мәжілістегі басқа да азаматтар депутаттық мінберден қозғап, Үкіметке ұсынды. Транспорт министрлігіндегі беделді тұлғалардан да қолдау тапты. Бекболат Нарегеев, Нұрдәулет Қилыбаев та бізге болысты. Дегенмен бізге қарсы тұрып, өзгелерді де соған үгіттеушілер де табылды. Бірақ ол аяққа кісен сала алмады. Алдымызға қойған міндетті орындауға екі жылдай жүгірдік. Бір шеті Оазис арқылы Қарақалпақстанмен, екінші шеті Опорный мен Құлсарының ортасындағы 840 шақырымдай теміржолы, барлық құрылымы бар Маңғыстау теміржолының өз алдына отау тігуі керек деген мақсатты орындауға күш салдық. Бөлімше ашу қажеттігі сол уақытта бізбен жүрген бірнеше адамның ғана ойы емес, шыныда да керек еді. Маңғыстау Қазақстандағы су жолы арқылы сырт елдерге шығатын аймақ. Осындай мүмкіндікті қалт жібермеу, барынша пайдалану үшін жергілікті жерде бөлімше болмаса болмайтын. Мұны атыраулықтар да қалады. Бірақ бір ғана азаматқа ұнамағандықтан Маңғыстау бөлімшесінің тағдыры кейінге ысырылып қала берді. Топты бастап жүргендер түрлі қысымдарға да тап болып жатты...
- Десе де ойымызды өзгерте алмады дейсіз ғой...
- Бөлімшені Атыраудан бөледі деген хабар барлық жерге тарап кетті. Сол кезде қазыналы өңірге Қырымбек Көшербаев әкім болатын. Бір күні түнде облыстық транспорт басқармасын басқаратын Аманғали Шамшадинов таңғы 10:00-де әкімге кіруіміз керектігін хабарлап тұр. Еш дайындығымыз жоқ, аяқастынан абдырап қалдық. Бізбен үндес азаматтардың көбі ауылда жоқ. Қырымбек Елеуұлы "Бөлімше ашайын деп жүрсіздер, оны басқара алатын кімді ұсынасыздар" деп қалса, не айтпақпыз? Келісе отырып, Нәжимеден Ғұбашовқа тоқтадық. Түйіндемесін сұраттық. Онда ол Өзен станциясында басшы. Екі жылдай сағыздай созылған бұл бастаманың іске асуына сенбеді ме, сұратқан мәліметті жіберіп болмады. Берген түйіндемесі бізге дейін бүктелген күйі жетті. Сондай жағдайларымыз да бар, әкімнің алдына имене кірген едік. Облыс әкімі орнынан тұрып, жақсы қарсы алды. Аймақ басшысына алдына барған Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясының басшысы Бекен Сәмиев, Вагон депосының басшысы Сәрсенбай Есенқұлов, ЭЧ-дан Әбілтай Шермаханов төртеуіміз болатын. Топты басқарып жүргендіктен Маңғыстаудың өз алдына бөлімшесі болу керек дегенді дәлелдеп айта бастадым. "Қожеке, оған мені үгіттеме. Теміржол бөлімшесі керек екенін жақсы білемін. Бұған астаналықтар да, Үкімет те қарсы емес. Атыраудағы ағаларыңыз неге жақтамай отыр? Дегенмен біз оны ашамыз. Маған 10 күн уақыт беріңдер" деп басқаруға кімді ұсынатынымызды сұрады. Қуанышымыз қойнымызға сыймады. Дайындап барған кандидатымызды айттық. Енді түйіндемесін сұрап қалмасы бар ма? Кеңес Одағының кезінде партияда жұмыс істегендіктен бірінші хатшыға қалай кіру маған айтпаса да түсінікті. Бірақ әкімге келіп тұрған түріміз мынау. Қыртыс-қыртыс, бізге жетемін дегенше бір бұрышына дақ тиіп, сарғайған, мыжырылған манағы қағазды ұяла ұяла алдына қойдым. Әкімнің де дипломаттық қабілеті бар емес пе, "Мына қағаздан-ақ теміржолшылар болып әбден талқыға салғандарыңыз көрініп тұр" деп, Ғұбашовты бірден мақұлдады. Біз де Нәжимеден туралы бар білгенмізді айтып, оған тоқталу себебінің бірі - оның біз бөлектеп алғалы отырған мекемені бұған дейін басқарған жерден екенін, сол жақтағылардың да тілін жақсы таба алатынын жеткіздік.
- Осыдан кейін бөлімше бөлініп шығып, өз алдына жұмыс жасай бастады. Бастапқы жылдары қалай болып еді?
- Маңғыстау өңірі Қазақстандағы теміржолды дамытатын өңірдің біріне айналды. Сол кездерде бізде басты 5 жоба болды. Біріншісі Өзен-Түрікменстан-Иранға шығатын жол. Содан кейін Құрық портын, Бейнеу-Жезқазған және Баутинаға теміржол салу жобалары. Бөлімше ашылғаннан кейін ең алғашқы міндет - диспетчерлік жүйені Маңғыстауға алу болды. Онсыз бізге қиындау болар еді. Мұнда әрине Н.Ғұбашовтың еңбегі орасан. Бүкіл бір жүйені көшіруге кететін қаражат бөлініп, онымен жұмыс жүзеге асамын дегенге дейін біраз уақыт кететін еді. Соны күтпей, қаражатын өзі тауып, оны бар жоғы екі айдай шамасында өзімізге көшірдік. Мысалы Ақтөбеде, Оралда теміржол бөлімшелері бар. Бірақ Оралдың диспетчерлік жүйесі әлі күнге Ақтөбеде орналасқан.
Жаңа бөлімшеге кадрлар қажеттігі де туындады. Нәжимеден оның да үдесінен шықты. Мамандарды жан-жақтан шақыртып, баспанамен қамтыды. Ол үшін Ақтау қаласынан шаршыметрі орташа есеппен 100 метрден асатын 30 пәтер сатып алынды. Бөлімшенің су жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Жұмыстар солай жалғаса берді. Жолдардың ұзындығы бүгінде 1400 шақырымға дейін жетті. Қаншама жаңа жұмыс орындары құрылып, қазір 8 мыңға жуық адам теміржолдан нәпақасын тауып отыр. Соның бәрі алдымен облыстың және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етпей қоймайды. Алдымен Маңғыстаудың дегеннің тағы бір жағы - ол Маңғыстау бөлімшесі Атырауға қараған жылдары салықтардың көп бөлігі сол өңірдің қазынасына құйылатын. Теміржолдың әлеуеті артқан сайын одан түсетін түсім де көбейе түсті.
- Әңгімеңізге рахмет. Зейнетке шықсаңыз да сізді теміржолшылар арасынан жиі көреміз. Әлі күнге келелі кеңестерде айтып жүрген біраз бастамаларыңызды да білеміз. Жуырда ғана Елбасының рухани жаңғыру мақаласы бойынша жақсы ұсыныстар берген едіңіз. Енді өз артыңыздан келе жатқан жас буынға ағалық ақыл-кеңесіңізбен бөліссеңіз?
- Жасырмаймын, мен әу баста бұл мамандыққа теміржолшылардың әскери формасына ұқсаған киіміне қызығушылықтан келдім. Бірақ соны өзім үстіме киіп, жұмысқа келген күннен-ақ оның тек сырт көрінісі емес, егесіне жүктейтін міндеті де әскерилерге тән боларын түсіндім. Өмір бойы сол сызықпен ғана жүрдім. Адамды көркем қылатын тек қана формасы емес екен. Ішіндегі адамы да соған сай болмаса ол нағыз теміржолшы бола алмайды. Сондықтан осындай кәсіпті қыстың қырауы, жаздың аптабы демей абыроймен атқарып келе жатқан әріптестерімнің еңбегіне тек қана табыс тілеймін. Бұл тұрғыдан біздің тағы бір мақтана алатын тұсымыз - осы міндеттемелерге теміржолшыларымыздың көбі бала кезінен-ақ дайындалып келуі. Өйткені бізде династия өкілдері де баршылық. Теміржолшының баласы теміржолшы болады деген олардың қанына сіңген қасиет деуге де болады. Мекеме басшылығы да бұл бағытта біраз жұмыстарды жүзеге асырумен келеді. Өзіміз де кезінде шалғайдағы ауылдарда талай рет болып, теміржолшы отбасылардың жағдайымен танысып, қажеттіліктерін өтеуге көмектескенбіз. Соларды көріп өскен баланың теміржолға ықыласы ауып тұрады. Барлық теміржолшыларды төл мерекесімен тағы да құттықтаймын!
Шахида ЖҰМАН