Әлемдік жаһандану үдерісінде сандық технологияның әлеуетті мүмкіндіктерін экономика қарқынына бағыттау озық елдердің саяси даму беталысы екендігі мәлім. Бүгінде сандық формат «елегінен» өтпеген сала жоқтың қасы. Себебі кеңжолақты ғаламтор желісі және сандық технология жетістіктері адамдар үшін қолайлы әрі кедергісіз қоғам мен жоғары деңгейлі, жедел әрі бүкпесіз қызмет көрсету жүйесін құрды. Адам өміріне сандық технологияларды дендеп ендіру экономикадағы бәсекелестік пен тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеруге жол ашты. Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтарында цифрландыру саясатын іске асыруда серпінді жобалар қанат жайып келеді. Маңғыстау өңірінде жүзеге асып жатқан жасампаз дүниелер жайында Маңғыстау облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысы Айдын Хадиевпен сұхбаттастым.
- Айдын Сағынғалиұлы, цифрлық технологиялар басқармасының басты бағыты қандай?
- Үкіметтің және облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес басқарма былтыр қыркүйек айында құрылды. Қазіргі таңда басқармада 5 мемлекеттік қызметші жұмыс жасайды. Біздің басты міндет – облыс экономикасының даму үдерісін жеделдету, мемлекеттік қызмет жүйесін оңтайландыру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында заман талабына сай сандық технологияның озық жетістіктерін кеңінен қолданысқа енгізу. Жалпы еліміздегі цифрландыру саясаты бес бағытта іске асып жатыр. Ел экономикасының үдемелі индустриалды-инновациялық дамуын қамтамасыз етуде сандық технологияларды ендіру, бизнес пен билік және халық арасындағы байланысты бекіту, ел аумағындағы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, адам капиталын дамыту және инновациялық экожүйені құру секілді бағыттар бойынша көзделген жобалар жетерлік.
- Біздің облыста цифрландыру бойынша қандай жобалар жүзеге асуда?
- Алдымен жолаушылар тасымалы саласында іске асырылған жасампаз дүниелерге тоқталып өтсек. Қазіргі таңда қоғамдық көліктерде жол ақысын электронды төлеу жүйесі қалыптасқан. Жолаушылар бір реттік билетті қолма-қол ақшалай сатып алады немесе кез келген банк карталарымен төлем жүргізеді. Бұл тұрғындар үшін өте қолайлы және тиісті мемлекеттік органдардың қоғамдық көлік айналымына қатысты толық әрі ашық ақпарат алуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда халықтың әлеуметтік осал тобындағы жандарға жеңілдікпен жол жүру карталары үлестірілген. Бұл топқа 9 санаттағы азаматтар кіреді. Оларға зейнет жасына және еңбек өтіліне байланысты зейнеткерлер, сондай-ақ жасына байланысты және асыраушысынан айырылған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар, көп балалы аналар, көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, он сегіз жасқа толмаған мүмкіндігі шектеулі балалар, сонымен қатар ата-анасының (заңды өкілдерінің) біреуі, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген тұлғалар жатады. Арнайы карта иелері жол ақысын төлеуден босатылған. Десекте, жаңа электронды төлем жүйесіне сәйкес жеңілдікке ие жандардың тасымалы валидатор арқылы тіркелуі тиіс. Бұл жолаушылар ағынына қатысты дәлме-дәл есепті құруға және арнайы санаттағы азаматтардың тегін тасымалын ішінара өтеу мақсатында мемлекеттен бөлінетін субсидия құнын нақтылауға мүмкіндік береді. Яғни, қоғамдық көлік нарығындағы көлеңкелі қаражат айналымына тосқауыл қойып, бюджетке түсетін салық мөлшерін бағамдауға жол ашады. Біздің тұрмысқа электронды төлем жүйесі мықтап енді. Сол себепті қоғамдық көліктерде де электронды төлем жүргізу қиындық туғызбайды. Жаңа тариф талабына сәйкес жолаушы жол ақысын картамен емес, қолма-қол төлесе екі есе көп төлейді. Бұл да экономикалық тұрғыдан тиімді адал әрі ашық бизнес жүргізуді міндеттейтін жаңа бағыт деуге болады.
Қазіргі таңда қала аумағында 160-тан аса аялдама бар. Олардың басым бөлігі баламалы энергия көздерінен қуат алып тұр. Биыл біз «Ақылды қала» жобасы аясында 10-ға жуық аялдамаға тұрғындар уақытын үнемдеу мақсатында қоғамдық көліктердің қозғалыс уақыты мен бағытын көрсететін электронды таблоларды орнатуды көздеп отырмыз. Бүгінде тұрғындар қоғамдық көлік бағытын бақылау үшін Infobus мобильдік қосымшасының көмегіне жүгінеді. Бұл да жолаушылар тасымалы және көлік қозғалысы саласын циифрландыру шеңберінде іске асқан сәтті жобалардың бірі.
Сонымен қоса алдағы уақытта қала аумағына «ақылды» шамдарды орнату жобасы көзделген. Бұл жарықтандыруға жұмсалатын шығынды қысқартып, электр қуатын рәсуа қылмауға бетбұрыс. Бұрын көше шамдары жүз пайыз әрі түні бойы жанатын. Ақылды жарықтандыру құрылғылары қараңғы түсуіне қарай қажетті деңгейде автоматты түрде қосылып, өздігінен өшіріледі.
- Айдын мырза, жер қатынастары саласын цифрландыру бойынша мағлұмат беріп кетсеңіз?
- Жер қатынастары саласын сандық форматқа көшіру жұмыстары халықтың жер қатынастары мен сәулет саласындағы қызметтерді алу рәсімін жеңілдетуге, жер телімдерін пайдалануды бақылау мен мониторинг жүргізуді автоматтандыруға жол ашады. Соның ішінде қазіргі таңда «Geoportal» жобасы жасақталып, толықтай іске қосылуы үшін интеграция үдерісі қарқынды жүргізілуде. Жасампаз жоба арқылы кез келген тұрғын қала дамуының бас жоспары жөнінде және оның инженерлік, әлеуметтік, көліктік инфрақұрылымы жайлы толық ақпарат ала алады. Аталған жүйе кәсіпкерлік өрісінің кеңеюіне, бизнес пен билік және бұқара аражігін жалғап, оның бекемдеуіне септеседі. Мәселен кәсіпкерлер үшін бизнес-дәліздер, инвест-карта, ПИК (ОСИ) бойынша жұмыстарды жоспарлау және т.б. мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда қала аумағындағы жерасты және жерүсті инженерлік инфрақұрылым желілерін цифрландыру үдерісі іске асуда. Біздің өңірдің қатаң климатына орай жаз маусымында су тапшылығы қатты білінеді. Ал инженерлік желілерді цифрландыру дер кезінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге, қуатты ұлғайтуға, жаңа нысандарды желілерге жалғау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді. Инженерлік инфрақұрылым туралы ақпарат тек қағаз жүзінде ғана қолжетімді. Сол себепті инженерлік желілердің орналасуы мен жай-күйі туралы мәліметтер әрдайым сәйкес келе бермейді. Нәтижесінде бұрын құзырлы органдарға беймәлім болған желілер жүйесі анықталып жатыр. Мәселен дүкен ашқан адам тиісті тараптармен келісімге келмей-ақ заңсыз инженерлік желі жүйесін жалғап алғаны секілді деректер жиі кездесуде. Қазіргі таңда тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласы, «Қазақтелеком» АҚ және өзге де тиісі мекемелермен бірлесе бірқатар жаңғыруларды жүзеге асырамыз. Бұл жоба бір тараптан коммуналдық мекемелерге қосымша көмек құралы ретінде қызмет етеді. Жалпы инженерлік желілер туралы ақпарат құпия сақталады. Сандық форматтағы мағлұматтармен жұмыс жасауға тек қана коммуналдық кәсіпорындарға рұқсат етіледі.
- Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қандай жобалар қолға алынады?
- Ел Президентінің тікелей тапсырмасына сәйкес тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру арқылы халық тұрмысын оңтайландыру бағытында жобасы жемісті жүзеге асып келеді. Бүгінгі таңда қаладағы тұрғын үйлердің 80 пайызы жалпы үйлік «ақылды есептеуіш» құрылғыларымен жабдықталған. Әрине жүз пайызға әлі жеткен жоқпыз. «Ақылды есептеуіштерді» қолдануда оң тұстары өте көп.Тұрғындардың су, электр қуаты мен жылуды апта немесе ай сайынғы тұтыну көлемін, яғни іс жүзінде қанша жұмсалғандығын нақты есептеуге мүмкіндік береді. Деректерді саралап, сараптау арқылы қуат көзін үнемдеуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға болады. Алдағы уақытта «ақылды есептеуіш» құрылғылары әрбір пәтерде орнатылады. Бұрын қызметкерлер үй-үйді аралап, есептеуіштердегі көрсеткіштерді жазып жүретін Қомақты қаржыны қажет ететін жоба іске асса, коммуналдық мекемелер «ақылды құрылғылар» арқылы қашықтан отырып-ақ көрсеткіштерді бақылай алады. Бұл жоба инженерлік желілерді заңсыз жалғауға тосқауыл қойып, дәлдік пен ашықтықты қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ жуырда авариялық-коммуналдық қызмет бойынша қалалық бірыңғай «109» байланыс орталығы өз жұмысын бастайды. Көгілдір отын, су, жылу, электр қуаты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қатты тұрмыстық қалдықтар және басқа да коммуналдық қызмет түрлерінде болған ақау мен апатты жағдайларға қатысты қоңырау қабылдайтын орталық қызметі тұрғындар уақытын біршама үнемдейді. Жобаның басты мақсаты – коммуналдық мәселелерді жедел әрі бір орталықтан шешу және қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау.
- Қазіргі таңда халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша мән беріліп келеді. Аталған салада сандық технологияға негізделген қандай жобалар іске асуда?
- Ақтау қаласында 200-ден астам бейнекамера орнатылған. Бейнеқұрылғылар жедел басқару орталығымен тікелей байланыстырылған. Былтырдан бері мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында Полиция департаментімен бірлесе 600-дей бейнебақылау камералары орнатылды. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес білім беру ұйымдары, мәдениет мекемелері, ойын-сауық орталықтарындағы камераларды жедел басқару орталығымен интеграциялау жоспарланған.
Өзіңізге мәлім Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында «Сергек» бейнебақылау камерасы орнатылған. Біздің қалада да осыған ұқсас камералар бар, бірақ жетімсіз. Әлі де болса бюджет қаржысын алдын-ала жоспарлау арқылы бейнебақылау құрылғыларын толықтыру қажет. Жаңаөзен мен Ақтаудан бөлек өзге аудан орталықтарында осы мәселе шешімін жуық арада табу керек. Қазіргі таңда ең осал нүктелердің бірі Мұнайлы ауданы болып тұр. Ақтаудың іргесіндегі аудан халқы күні-түні қалаға ағылып жатыр. Әрі темір жол торабы болғандықтан жолаушылар да өте көп. Сондықтан камералар орнату мәселесі өте өзекті.
Сонымен қоса, алдағы уақытта өңірде «112» бірыңғай диспетчерлік байланыс орталығы іске қосылады. Төтенше жағдай, жедел жәрдем мен полиция қызметін қатар ұсынатын ақпараттық-коммуникациялық жүйе төтенше жағдай туындаған кезде халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Телефон тәулік бойы төтенше жағдайдың қаупі немесе туындауы не шұғыл көмекті қажет ететін өзге де жағдайлар туралы хабарлама қабылдайды. Диспетчерлер әр түрлі жағдайға байланысты нақты сауалдар қойып, алынған ақпаратқа негізделген әрі төтенше жағдай сипатына қарай шұғыл көмек қызметіне жүгінеді. Бұл тұста диспетчерлердің кәсіби біліктлігін арттыру аса маңызды дүние. Қоңыр қабылдау, компьютерді жетік меңгеру, салалық терминологияны білу секілді талап үдесінен шыға білуі қажет. Диспетчерлік байланыс орталығының заң аясында қызмет ету тетіктері мұқият жасақталып, тиісті нормативтік-құқықтық құжаттары толық әзірленген кезде біз іске қосамыз.
- Білім беру жүйесіндегі жаңа бастамалар туралы баяндасаңыз?
- Қыркүйек айына дейін «Ақылды мектеп» жобасын жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Жоба шеңберінде ата-ана баласының мектептегі жүріс-тұрысын қашықтан онлайн-режімде бақылай алады. Мектеп кіреберісіне орнатылған цифрлық бақылау-өткізу құрылғылары және арнайы мобильдік қосымша арқылы оқушылар мен ұстаздардың білім ордасына келіп-кету уақыты туралы мәліметтер қолжетімді болмақ. Яғни оқушының мектепке келіп-кетуі жөнінде ақпарат ата-ана ұялы телефонына смс—хабарлама ретінде жолданады. Сондай-ақ ендігі кезекте оқушыларға мектеп асханасында және қоғамдық көліктерде ғана төлем жүргізу мүмкіндігіне ие «электронды әмиян» қолданысқа беріледі. Осы арқылы ата-ана баланың қаражатын қадағалай алады. Бұл жоба орта білім беру ордаларына бөгде адамның кіруін бөгейді. Әрі сабаққа кешігу, себепсіз келмей қалу деректерін азайтып, түрлі тәртіпсіздіктердің орын алуына тосқауыл қояды деген сенімдеміз. Жазғы демалыс маусымында ұстаздар қауымына жаңа қанатқақты жобаның жай-жапсары жан-жақты баяндалып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Голрох Жеменей