Бүгінде көптеген азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына деген сенімі артып, жастар жағы болашағын қамдауда. Әсіресе, биыл БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын тұрғын үй алу, емделу үшін пайдалануға мүмкіндік берілгелі жұртшылықтың қордағы өз жинақтарына ерекше назар аудара бастағаны жасырын емес. Осы орайда көпшіліктің көкейіндегі кейбір сауалдарды Маңғыстау обыстық «БЖЗҚ» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы барып қызмет көрсету бөлімінің бастығы Айдана БЕКМАҒАНБЕТОВАҒА қойып, тұшымды жауап алдық.
- Айдана Серікбайқызы, байқауымша, зейнетақы қорындағы өзінің жинақ мөлшерінің мардымсыз екенін біліп, қартайған шағында көбірек зейнетақы алу үшін ерікті жарналар үшін шот ашқысы келетіндер де бар. Мұндай жастар қайда барып, кімнің көмегіне жүгінсе болады?
- Бұл өте дұрыс шешім болар еді. Ерікті жарналар–бұл қартайғанда өзін қомақты зейнетақымен қамтамасыз етудің қосымша мүмкіндігі. Сондықтан да болашақта қауіпсіздіктің қаржылай көмегіне ие болу үшін қазірден бастап әр адамның өз зейнетақы капиталын қалыптастырғаны маңызды. Оның үстіне биылғы 1 мамырдан бастап ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотын ашу оңайлатылды. Оған сіздің БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы негіз болады. ЕЗЖ-ны салымшы–жеке тұлға өз табысы есебінен өз пайдасына, сондай-ақ, салымшының (жеке немесе заңды тұлға) алушының пайдасына аудара алады. Бұл ретте жарналардың мөлшері мен кезеңділігін салымшы дербес айқындайды. Жеке тұлға өз пайдасына өз табысы есебінен ЕЗЖ төлеген кезде салық заңнамасында ЕЗЖ төленген сомаға салықтық шегерім көзделгенін атап өткен жөн. Бұдан басқа, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап салық агенті (жұмыс беруші) өз қаражаты есебінен қызметкердің пайдасына төлейтін ЕЗЖ, корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Сонымен қатар, жұмыс беруші қызметкердің пайдасына төлеген ЕЗЖ сомасы қызметкердің табысына салық салу кезінде ескерілмейді. БЖЗҚ-ға ЕЗЖ төлеуді екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) немесе «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асыра алады. Айтпақшы, кейбір банктер жарналарды онлайн, яғни, ұялы қосымша немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы аудару мүмкіндігін ұсынады. Бұдан басқа, жұмыс берушіге өтініш беру мүмкіндігі де бар, оның негізінде жұмыс беруші ЕЗЖ-ны өтініш берушінің не үшінші тұлғаның пайдасына БЖЗҚ-ға тұрақты түрде аударатын болады.
- Мәселен, бір кісі жинағының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) беру туралы өтініш жазды. Дегенмен, көңіл күпті, «Егер олар үмітімізді ақтай алмаса ше?» деген уайым да басым. Осындай екі ойлы жағдайда не істемек керек?
- Ең алдымен, инвестициялық портфельді басқарушыларға салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының нақты сомасы мен зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілік шегі арасындағы айырмадан аспайтын мөлшердегі немесе сақтандыру ұйымымен өмір бойғы төлемдерді көздейтін зейнетақы аннуитеті шарты жасалған болса, салымшының БЖЗҚ-дағы шотында қалған зейнетақы жинақтарының мөлшерінен аспайтын көлемдегі зейнетақы жинақтарын бере алатынын атап өткен жөн. ИПБ қызметі –бұл басқарушы компаниялардың өздерінің инвестициялау шарттары мен стратегиясын ұсынатын бәсекелесті орта болғандықтан, салымшыға өз жинақтарын аудару туралы шешім қабылдағанға дейін компания туралы ақпаратты егжей-тегжейлі зерделеуді ұсынамыз. Инвестициялық декларациялар және комиссиялық сыйақы туралы мәліметтер enpf.kz сайтындағы«Қызметтер»–«Инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесі» бөліміндеорналастырылған. Зейнетақы жинақтарын инвестициялау–ұзақ мерзімді үрдіс, сондықтан басқарудың алғашқы нәтижелерін тек бір жылдан кейін бағалаған дұрыс. Осыған сүйене отырып, салымшы:
- өзінің зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екінші ИПБ-ға сенімгерлікпен басқаруға беру үшін ИПБ-ны өзгерту туралы өтінішті жиі дегенде жылына бір рет бере алады;
- БЖЗҚ-ға ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Ұлттық банкке сенімгерлікпен басқаруға қайтаруға (жинақталған зейнетақы қаражаты ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына алғаш берілгеннен кейін екі жылдан соң) өтініш ұсына алады. Салымшы зейнет жасына жеткенге дейін күнтізбелік 10 күн бұрын оның зейнетақы жинақтары инвестициялық кірісті ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруына қайтарылады (егер олар осы мерзімге дейін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруында болған болса) және кесте бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, зейнетақы аннуитеті шартын жасау үшін немесе заңнамада көзделген өзге де мақсаттарға пайдаланылатын болады. Назарыңызды тағы да мынадай жәйттерге аударғымыз келеді. Міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік жарналар мөлшерінде сақталуына мемлекеттік кепілдік Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы сомаларға ғана көзделген. ИПБ алған зейнетақы активтерінің номиналды кірістілігі мен Заңға және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) нормативтік құқықтық актісіне сәйкес есептелген зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі мәні арасында теріс айырма пайда болған жағдайда, ИПБ аталған теріс айырманы меншікті капиталы есебінен өтейді. Ол оны ҚНРДА-ның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіп пен мерзімде, зейнетақы жинақтары өтем жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың соңындағы жағдай бойынша осы ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруында болған Өтініш берушіге кейіннен аудару үшін жүзеге асырады. Бұл ретте аталған сома салымшылардың БЖЗҚ-да ашылған жеке зейнетақы шоттарына есептеледі. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып есептелетін болады.
- Лицензиясы бар ИПБ мен жеке адамға есептелген инвестициялық табыс туралы қайдан білуге болады?
- Ол Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде белгілеген талаптарға сәйкес келетін ИПБ тізілімі жүргізіліп, ай сайын ҚНРДА-ның интернет-ресурсында орналастырылады (www.finreg.kz).
Ағымдағы сәтте Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі инвестициялық портфельді басқарушыларға қатысты бекіткен талаптарға нарықта жұмыс істейтін және басқарушы компаниялар агенттігінің лицензияларына ие 18 компанияның алтауы сәйкес келеді. Олар:
«First Heartland Jysan Invest» АҚ;
«BCC Invest» АҚ –«Банк ЦентрКредит» АҚ-ның еншілес ұйымы»;
«Halyk Global Markets» АҚ («Қазақстан Халық Банкі» АҚ ЕҰ);
«Halyk Finance» Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ» АҚ;
«First Heartland Capital» АҚ;
«Сентрас Секьюритиз» АҚ.
Алайда зейнетақы жинақтарын бұл ИПБ-ларға сенімгерлікпен басқаруға беру үшін зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы шарттың, сондай-ақ, БЖЗҚ, ИПБ және кастодиан-банк арасында жасалған кастодиандық шарттың болуы қажет.
Қазіргі кезде БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы шартты:
«First Heartland Jysan Invest» АҚ,
«Halyk Global Markets» АҚ («Қазақстан Халық Банкі» АҚ ЕҰ),
«BCC Invest» АҚ –«Банк ЦентрКредит» АҚ-ның еншілес ұйымы»;
«СентрасСекьюритиз» АҚ-мен жасады. Осылайша, қаржы нарығында БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы шарт жасасқан 4 ИПБ бар. Әр адам өз таңдауын жасағаннан кейін, жеке зейнетақы шотынан берілетін үзінді көшірмеде басқарушы компания, мысалы, сіздің зейнетақы жинақтарыңызды орналастырудан қандай инвестициялық табыс есептегенін көре аласыз. Оны https://www.enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте кез келген кезең үшін қалыптастыруға болады.
- Зейнетақы жинақтарының біржолғы төлемінен салық ұстала ма, ұсталатын болса, оның мөлшері қандай?
- Иә, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алған кезде салық заңнамасы бойынша табыс салығын ұстап қалу көзделген. Салымшының жеке зейнетақы шотына түскен кезде зейнетақы жарналарына жеке табыс салығы (ЖТС) салынбайды. Сондықтан зейнетақы жинақтарын төлеу кезінде оларға салық салынады. Алайда біржолғы зейнетақы төлемін алған кезде салымшыға таңдау құқығы беріледі. ЖТС бір рет немесе мерзімін ұзарта отырып—зейнеткерлікке шыққан кезде он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен (БЖЗҚ белгілеген зейнетақы төлемдері кестесі бойынша)төленуі мүмкін.
Егер салымшы ЖТС-ты толық көлемде бірден төлеу туралы шешім қабылдаса, онда ол өз өтінішінде ЖТС-ты 10% мөлшерінде шегере отырып, алуға болатын соманы көрсетуі тиіс.
Салымшыға қолайлы болуы жәнеоның дербес шешім қабылдауы үшін БЖЗҚ-дан берілетін үзінді көшірмеде екі сомада көрсетілген. Салымшы көрсеткен, алуға болатын сома БЖЗҚ-дан уәкілетті операторда ашылған оның арнайы шотына аударылатын болады.
- Біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдаланып, ипотека бойынша пәтер сатып алғандар, егер болашақта алу үшін жеткілікті соманы жинаса, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тағы да ала ала ма?
- Әрине. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларында азаматтар БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын тұрғын үй алуға, емделуге немесе басқарушы компанияларға аударуға қолжетімді зейнетақы жинақтары сомасының шегінде шектеусіз рет пайдалана алады деп көрсетілген.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА