Отбасыдағы сыйластық, сыпайы, ізгі, жылы қарым-қатынас құру, оң қабақ танытып, игі пейіл білдіру бала тәрбиесінің түпнегізі әрі басты ықпал етуші дүниелер. «Тәрбие - тал бесіктен», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Ана көрген тон пішер, ата көрген оқ жонар» секілді тағылымды лепес, мазмұнды мақалдар осы пікірдің астарын айқындай түсері анық. Баланың өмірде өз жолын тауып, адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңірген жеке тұлға ретінде қалыптасуы әрі білімін үздіксіз жетілдіруі, жан-жақты дамуы, мақсат-мұратын айқындап, оған қол жеткізу жолында табанды еңбек етуі тәрбиемен сіңірілетін басты рухани құндылықтар. Бүгінгі таңда білім беру үрдісіне ұлттық тәрбие ісін ендіруге аса мән беріліп келеді. Өскелең өренге азаматтық-отансүйгіштік, адамгершілік-рухани бағытта тәрбие беру, келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени–ғылыми ой-өрісі озық етіп тәрбиелеу бүгінгі білім беру саласының басты міндеті. Осыған орай, 1 маусым – балалар құқығын қорғау күні қарсаңыңда Маңғыстау облысының білім басқармасы адамның адамгершілік рухани даму, қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімі басшысы Құралай Ғазимовамен әңгіме құрдық.
- Құралай ханым, сіз басқарып отырған бөлім қай бағытта қызмет етеді?
- Адамның адамгершілік рухани даму, қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімі Маңғыстау облысы білім басқармасының құрылымдық бөлімі және тәрбие, қосымша білім беру әрі құқықбұзушылықтын алдын-алу жұмыстарын жүзеге асырады. Сондай-ақ орта білім ордалары мен колледждердегі құқықтық тәрбие беру, балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен тәртіп бұзушылықтың алдын-алу жұмыстарын қамтамасыз етуді үйлестіреді, оны ұйымдастырады, және бақылайды. Тәрбие жөніндегі орынбасарлардың үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы мен тәрбие берудің кешенді бағдарламасының бағыттарына сәйкес жұмыстардың үйлестірілуі мен орындалысын қадағалайды. Білім беру ұйымдарында рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбиені дамытып қалыптастыруға, «Өзін-өзі тану» пәнінің берілісіне әдістемелік көмек көрсетеді. Жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтыру, еңбекпен, танымдық шығармашылық, спорттық, туристік, интеллектуальдық шаралармен қамтуын ұйымдастырады. Біздің бөлім салауатты өмір салтын қалыптастыру, туризм және спортты дамыту бағыты бойынша жұмыстарға да жетекшілік етеді. Әрі бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселесі кәмелетке толмағандардың арасында нашақорлық пен есірткінің, өзіне қол жұмсау мен діни экстремизмнің алдын алу мақсатында спорттық секциялармен, онын ішінде республикалық спорттық турнирлермен қамтылған оқушылардың санын көбейту бағытында жұмыстарды ұйымдастырады. Сонымен қоса, қосымша білім беру ұйымдарының желісіне мониторинг жасақтайды, желісін көбейту бойынша ұсыныстар енгізеді.
- Оқушыларды еңбекке баулуда, олардың бойына ізгі адамгершілік қасиеттерді сіңіруде қандай жұмыстар жүргізілуде?
- Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске асырылуда және дебаттық клубтар, мектеп парламенттері құрылды. Сонымен қатар, «Жасыл мектебім – жасыл мекенім» жобасы енгізілді. Жоба аясында 65 білім беру ұйымдарында жылыжайлар жұмыс жасайды. Аталған жасампаз бастамалар баланы ерте бастан еңбекке баулуға көзделген және олардың шығармашылық әлеуетін арттыуға, өзіне деген сенімділігін қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ бала бойына ізгілік нәрін сіңіріп, өмірге деген құштарлығын арттыруға ықпал етеді.
- 1 маусым-балаларды қорғау күніне орай жоспарыңызбен бөліссеңіз?
- Балалықты қорғау және баланың әл-ауқатын қамтамасыз ету - Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың маңызды және басым бағыттарының бірі. Халықаралық балаларды қорғау күні ересектердің назарын балалар құқығының барлық аспектілерін сақтауға аударуға бағытталған. Республикада Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өту - бұл әрбір жас қазақстандықтың әл-ауқатына мемлекет назары мен қамқорлығының басымдығының расталуы, Қазақстанның БҰҰ Бала құқықтары туралы халықаралық конвенцияға қатысушы мемлекет ретінде ережелерін іс жүзінде қолдануға деген ұмтылысы. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, білім басқармасының жоспары құрылып 20 мамыр - 20 мауысым аралығында «Бақытты бала – бақытты ел» республикалық акциясы ұйымдастырылуда. Акция аясында, түрлі онлайн конкурстар ұйымдастырылады. Оның ішінде «Бала – бақыт, көп бала – одан да көп бақыт» отбасылар туралы бейнероликтер түсіру, еңбек ардагерлермен кездесу, «Балалар не туралы армандайды» облыстық қашықтықтан бейне-байқауының финалы, қайырымдылық акциялары және т.б.
- «Бақытты бала – бақытты ел» акциясына және оның тәрбиелік мәніне кеңінен тоқталып өтсеңіз?
- Басты мақсат елімізде балалардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-топтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігерін біріктіру. Сондай-ақ орталық және жергілікті деңгейлерде баланың құқықтары мен мүдделерін мемлекеттік саясаттың алдыңғы қатарына шығару арқылы әр баланың құқықтарын насихаттау және қорғау, балалардың құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдесу, балаларға құрметпен және қамқорлықпен қарау. Ауқымды акция арнайы блоктармен өткізіледі. Олардың әрқайсысы республиканың барлық өңірлерінде тақырыптық іс-шаралар өткізуді қамтиды. Атап өтер болсақ, баланың отбасында өмір сүру құқығын іске асыру, отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды сақтау және дамыту тәсілі ретінде отбасы мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл жүйесін жетілдіру бойынша «Отбасында өмір сүру бақыты» акциясы ұйымдастырылады. Сондай-ақ оқушыларды мамандықты негізді, саналы және өз бетінше таңдауға дайындау, жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, техникалық мамандықтарды танымал ету мақсатында «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол!» акциясын өткізу көзделген. Ал «Құқықтық күзет» акциясы аясында балаларды құқықтық ақпараттандыру, жауапкершілік сезімін тәрбиелеу және қоғамдық нормалар мен мінез-құлық ережелерін түсіндіру іске асады. Аталған акция аясында тәжірибелі заңгерлерді, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін тарта отырып, балалар үшін тегін кеңестердің әртүрлі нысандары ұйымдастырылады. Білім беру ұйымдарында онлайн пікірсайыстар, сынып сағаттар, кездесулер, дәрістер, құқық қорғау органдарының өкілдерімен, заңгерлермен әңгімелесулер өткізілмек. Бұдан бөлек балалардың қоғам өміріне қатысу құқығын іске асыру, қазақстандық қоғамның өмірін жақсартуға бағытталған идеяларды таныстыру бойынша «Балалар бастауы» республикалық қоғамдық тыңдаулар өткізу жоспарланған. «Таңғажайып әлем» аясында қазақстандық жазушылармен онлайн кездесулер ұйымдастыру, мәнерлеп оқу байқаулары, сүйікті кітаптарыңызды онлайн талқылаулар өткізу іске асырылмақ. «Жануарлар біздің досымыз» тақырыбында республиканың барлық өңірлерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ескере отырып, балалар хайуанаттар бағына барып, өздерінің сүйікті балаларына арналған арнайы онлайн көрмелерге қатысу мүмкіндігі беріледі. «Менің досым» сурет байқаулары ұйымдастырылады. Сонымен қоса, әлеуметтік осал топтардағы балаларды әлеуметтік қолдау және қорғау, төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсету, салауатты өмір салтын насихаттау, балалардың денсаулығын нығайту бойынша бірқатар маңызды іс-шаралар өткізіледі. Бұл акцияны өткізудегі негізгі мақсат – егеменді елдің азаматын тәрбиелеу, яғни халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан озық әдет-ғұрып, дәстүрлері мен ізгі қасиеттерін бойына сіңіре отырып, дені сау, рухани өрісі биік, парасатты, қазіргі қоғам дамуының үрдісіне сай білімді тұлғаны тәрбиелеу.
-Мағлұматыңызға рахмет!
Голрох ЖЕМЕНЕЙ