Сағатына 7-8 км шапшаң жүретін жаяу саяхатшы киелі Маңғыстау жеріне келді. Түркістан мен Маңғыстау арасын жаяу бағындырған саяхатшы енді Бекет Ата мешітіне сапар шегуді мақсат етіп отыр. Осы орайда жаяу жүру спортының шебері, каратэші, рухани ізденуші Сәрсенбай Ерқасымовпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Ассалаумағалейкум, Сәрсенбай Сәметұлы!
– Уағалейкумассалам!
– Жортқанда жолыңыз болсын! «Қасиетті сапар» атты акцияңызға сәттілік тілеймін! Жаяу жолға шығып, экспедицияда жүргеніңізден хабардармыз. Діттеген жеріңізге жақын қалған екенсіз. Енді жария түрде ақпарат тарата беруге болатын шығар. Осы акция туралы мәліметті өз аузыңыздан тыңдасақ деп едік
– Рахмет, айналайын! Бұл сапарымнан бұрын жиырма жыл бұрынғы жолыма шегініс жасағым келіп тұр.
Пір Бекет Ата Мырзағұлұлының 250 жылдығы 2000 жылы UNESCO көлемінде аталып өтті ғой. Мен ол кезде Ақтөбе облысы тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі инспекцияның бас маманы болып жұмыс істейтінмін. Мереке қарсаңында тәуекелге бел буып, батыл шешім қабылдап, өз таңдауыммен, жеке бас қауіпсіздігімді өз жауапкершілігіме алып, 1999-2000 жылдары «Бекет Ата мешіттеріне саяхат» атты жаяу экспедиция ұйымдастырдым. Алдымен Ақтөбе облысындағы Бекет Атамыздың Көк Асасын иеленген шәкіртінің ұрпақтарына бардым. Одан соң Атырау облысы Жылыой ауданындағы Бекет Атаның Ақмешітіне, ары қарай Маңғыстау облысындағы Оғыланды тауындағы Бекет Ата мешітіне дейін жаяу жүріп өттім. Ол сапарым туралы да сіздердің әріптестеріңіз Маңғыстау (12.11.1999), Атырау (16.12.1999), Ақтөбе (14.01.2000) газеттерінде жарыса жазып жатты.
– Мұндай сапарларға әр онжылдық сайын шығып тұратын сияқтысыз ғой? Есіңізде болса, 2017 жылы сізбен Ақтөбе облысы Байғанин ауданында кездесіп сұхбаттасқанымызда, одан кейінгі жаяу жорығыңыз туралы айтып бергенсіз
– Иә, он жылдан кейін, яғни Бекет Атаның 260 жылдығы қарсаңында Маңғыстау облысы аумағындағы Маңғыстау ауданына қарасты «Адай Ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінен Қарақия ауданы аумағындағы Шопан Ата, Оғыландыдағы және Бейнеу ауданындағы Бекет Ата мешіттеріне жаяу экспедицияға шығып, оны да ойдағыдай жүріп өттім.
– Енді сол саяхаттарыңыз туралы айта отырсаңыз
– Ол сапарымда көпшілікті қызықтыратын және алаңдататын сұрақтар: «Неге жалғыз жүресіз? Қасқыр немесе басқа да түз тағыларынан қорықпадыңыз ба?» – деген сияқты болды. Қазақта «Жүргенге жөргем ілінеді» деген сөз бар. Бұл сапарларда мені әуелі Алла, содан соң Атаның әруағы қолдаған болар. Діттеген жеріме қауіп-қатерден аман-есен, жақсы жеттім. Шопан Атадан Бекет Атаға қарай жүріп бара жатқан жолымда мәдени шараларға арнайы бара жатқан бір топ журналистермен кездестім. Олар көліктерін тоқтатып, қал-жағдайымды сұрады. Араларында «Қазақстан-Заман» газетінен Ертай Айғали деген азамат та бар екен. Кейін ол «Отпан тауынан Бекет Атаға жаяу шыққан Сәрсенбай» деген тақырыпта арнайы мақала жазыпты (05.10.2009). «Жаңаөзен» газетінің журналисі Мұратбай Ұлықпан ағамыз да мен туралы мақала жазып, сұхбатымды жариялап келеді (02.11.2017).
Журналистер көбіне «Ғылым мен техника дамыған заманда жаяу сапарға шығудың қажеттілігі қанша?» – дейді. Өте орынды сұрақ. Бірақ менің танымымда жаратылыстану ғылымын тек қана жаяу жүру кезінде сезе аласың. Теориялық білім жинағын іс жүзіндегі физикалық дене мүшелерінің мүмкіндігі арқылы бағалай білесің, яғни дене еңбегі мен ой еңбегінің балансы қатар сыналады, табиғатпен тілдесесің.
А.Эйнштейн «Шындық – іс-тәжірибенің дер кезінде сынағынан өту» дейді. Осы жолда жаяу жүрген сапарларымда өзімнің тұжырымдарыма көз жеткіземін, сұрақтарыма жауап табамын.
Қазақтың кең байтақ даласында киелі орындар, тарихи-мәдени ескерткіштер жетерлік, соның бәрі әр дәуірдегі ата-бабаларымыздың өз тұстарында қалдырған қолтаңбалары, табиғатпен біте қайнаса жүріп игерген тәжірибелері деуге болады. Бекет Ата мешіттерін зерттеу – менің көп жылдан бергі қызығушылығым.
Мұсылмандар «Құдайдың бір аты – халық» дейді. Сол халықтың айтуынша «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет». Демек, халық пір тұтқан тұлғасын Құдай қабылдаған кісілер қатарында үздік үштікке енгізуі тегін емес. Оның сырын әркім жан-жақты әдістермен зерттеп-зерделеуге тырысуы заңды. Менің әрекетімді де осы мақсаттағы талап тұрғысынан түсінуге болады.
– Ал енді биылғы «Қасиетті сапар» атты акцияңыздың мақсаты мен мазмұны туралы айтсаңыз
– Мен биылғы сапарымның жолын да ұзартып, ауқымын да ұлғайтып, мазмұнын да кеңітіп жоспарладым. Бұл саяхатымды Әл-Фарабидің 1 150 жылдығы, Пір Бекет Атаның 270 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы құрметіне арнаймын. Мақсатым – қазақ жеріндегі қасиетті жерлерді аралап дұға ету, ел мен жердің амандығы мен бүтіндігі, жарқын болашағы үшін тілек тілеу. Қазақ халқының рухани танымдарын санада жаңғырту, киелі орындар мен тарихи тұлғаларды ұлықтау, бейіттеріне зиярат ету. Жас ұрпаққа адам бойындағы жан мен тәннің мүмкіндігін көрсету. Еліміздегі рухани-мәдени туристік орындарға серпін беру, назар аударту. Сапардың жол ұзақтығы шамамен – 1 400 км, уақыт бойынша ұзақтығы – 1 ай.
Маршрут бойынша Түркістан облысының Шәуілдір ауданы (Әбу Насыр әл Фараби туған жер) – Отырар ауданы (Арыстан бап мазары) – Түркістан қаласы (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі) – Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кенті (Қорқыт Ата кешені) – Ақтөбе облысы Шалқар ауданы, Бозой кенті – Маңғыстау облысы Бейнеу ауданын (Ескі Бейнеудегі Бекет Ата мешіті) қамтиды. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін бір-бірімен байланыстырып, тұтастыру.
Міне, бүгін Бейнеу ауданына қарасты Тұрыш елді мекеніне жетіп отырмын. Алла сәтін салса, таңертең Ескі Бейнеу қорымындағы Бекет Атамның мешітіне сапар шегемін.
Саяхатымның нәтижесін негізгі жоспарым толық аяқталғанда қорытындылап, барлық сұрақтарға жауап беруге тырысамын.
– Рахмет, Сәрсенбай аға! Сіздің бұл тәуекеліңіз де, әрекеттеріңіз де, бастамаларыңыз да халық үшін қызық. Сондықтан сапарыңыздың қорытындысын асыға күтеміз. Берекелі Бейнеуімізге қош келдіңіз! Бұйырса, Пір Бекет Атамыздың мешітіне аман-есен жеткейсіз! Өзіңізбен сол жерде де кездесуге асықпыз.
Сұхбаттасқан Беркінбай ГАРАБАЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.