Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан жастар саясатының басым бағытының бірі – кәсіби білім-білігі әлемдік стандартқа сәйкес жаһандану үрдісінің сын-талабына төтеп бере алатын жас мамандар буынын қалыптастыру. Заман үрдісіне сай әлеуметтік-экономикалық салаға тиесілі мамандықтар легі де жыл санап толығып келеді. Әлемдік деңгейде де жұмысшы мамандықтар мәртебесін арттыру, жастар арасында кеңінен насихаттауды мақсат тұтатын ауқымды жоба – «WоrldSkills» кәсіптік шеберлік әлемдік, ұлттық, өңірлік, колледжішілік чемпионаттары. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында Маңғыстау облысының білім басқармасы бірқатар жүйелі жұмыстарды жүзеге асырған. Атап айтар болсақ, алдағы уақытта жүйелі түрде білім саласында орын алатын өзекті мәселелер халық арасында кеңінен насихатталатын болады. Бүгінгі мәселе биылғы өңір колледждерінің студенттері арасында өткен «Worldskills Aktau-2020» өңірлік чемпионатын пандемия жағдайында ұйымдастыру болды. «Worldskills» өңірлік чемпионатын онлайн режимде өткізу кезіндегі туындаған мәселелер жөнінде Маңғыстау облысы білім басқармасының «Техникалық және кәсіптік білім беру» бөлімінің басшысы Жания Сармурзинамен әңгімелескен едік.
– Жания Оңалбайқызы, елімізде соңғы жылдары жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс артып келе жатқаны байқалады. Соның айғағы ретінде жыл сайын өткізілетін «Worldskills» чемпионатын айта аламыз. Осы қозғалыстың өңірімізде өткізілу жағдайы, қазіргі заманға сай мамандықтарды насихаттаудағы маңызына тоқталсаңыз.
– Жалпы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарап жаңа мамандықтарды ашу жыл санап артып келеді деп айтуға болады. Өздеріңізге белгілі, ондаған жыл бұрын маңызды болған мамандықтар жылдам дамып жатқан жаһандану заманында сұранысын жойып отыр. Осыған байланысты өңірімізге керекті, жалпы елімізге қажетті жаңа мамандықтар, соның ішінде жұмысшы мамандықтарымен толықтырып отырмыз. «Worldskills» чемпионаты туралы айтар болсақ, бұл – дүниежүзілік қозғалыс. Негізгі мақсаты – жұмысшы мамандығын дәріптеу, жастар арасында насихаттау, біздің түлектерімізді әлемнің түкпір-түкпірінде халықаралық стандарттарға сай өзінің білім-біліктілігін көрсете алатын маман ретінде дайындау. Осы игі мақсатта жыл сайын «Worldskills» өңірлік чемпионаты ұйымдастырылып келеді. Чемпионат кезең-кезеңмен өткізіледі. Оның алғашқысы колледж ішінде өтеді. Одан кейін өңірлік чемпионаттар болады. Осыдан оң ұлттық чемпионат, сосын әлемдік чемпионаттар өткізіледі. Өңірлік, ұлттық чемпионаттарымыз жыл сайын болса, әлемдік чемпионат екі жылда бір рет ұйымдастырылады. Қазақстан – 2014 жылдан бері Worldskills қозғалысының мүшесі. Елімізде бұл шара жылда өткізілетін еді, әлемдегі және еліміздегі пандемияға байланысты биылғы чемпионаттың өзгешелігі онлайн режимде өткізілуінде болып отыр. Биылғы чемпионат техникалық және кәсіптік білімнің 80 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
Білім басқармасы 2020 жылы жоспарланған «Worldskills Aktau-2020» дайындық жұмыстары жүргізу мақсатында құрылған онлайн жобаларды кезең-кезеңмен іске асырып, әлеуметтік желілерге, youtube каналына, сайтқа, мессендержерлерге орналастырды. Онлайн жоба 3 кезеңге бөлінді. І кезеңде, 14 мамыр – 5 маусым аралығында 37 құзыреттілік бас сарапшылары «Сарапшымен сұхбат», «Бас сарапшымен бір сағат» онлайн жобасы Google Meet, Zoom платформаларында вебинар өткіздік. ІІ кезеңде қатысушылардың Worldskills стандартына сәйкес құзыреттіліктер бойынша білімдерін тереңдете отырып, чемпионатқа дайындалуына бағыт бағдар көрсету арқылы жаңа көзқарастар қалыптастырып, прогрессивті ойлауға, ізденіске, жаңашылдықпен қарауға, стратегиялық түрде жұмыстарын жүйелеуге үйрету мақсатында 25-30 маусым аралығында 37 құзыреттілік бойынша «Sklils Camp» онлайн жаттығу лагері ұйымдастырылды.
Онлайн лагердің ашылуына «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы WorldSkills қозғалысын дамыту департаментінің басшысы Санжар Татибеков, «Worldskills Kazakhstan» техникалық комитетінің төрағасы Ерулан Карагулов, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы қызметкерлерінің Маңғыстау облысы бойынша кәсіподақ төрайымы Тарбия Баймбетова және жұмыс берушілер қатысып мұндай жұмыстар Worldskills чемпионаттарының келешек қатысушыларына үлкен серпіліс беретінін айтты.
ІІІ кезеңде студенттің мамандыққа деген сүйіспеншілігі мен өзіне деген сенімін, таңдаған мамандығы арқылы табысты болуға тәрбиелеу, Worldskills жобасын дәріптеу мақсатында 1 шілде – 30 тамыз Дайджест: «Менің таңдаған мамандығым» тақырыбында бейнеролик дайындалып, 26 студент youtube каналына бейнероликтерін жариялады.
– Дайындық жұмысынан кейінгі өңірлік чемпионаттың өткізілу тәртібі қалай болды? Биыл неше құзіреттілік бойынша қанша студент қатысып отыр?
– Кәсіптік-техникалық білім саласының 80 жылдық мерекесі аясында 14-23 қазан күндері жұмысшы мамандығын дәріптеу, жұмысшы мамандығының танымдылығын және қоғамдағы беделін арттыру мақсатында «WorldSkills Kazakhstan» кәсіптік шеберліктің республикалық чемпионатының өңірлік кезеңін онлайн режимде өткіздік. Өңірлік чемпионатқа 59 құзыреттілік бойынша 322 студент қатысты. Чемпионатқа қатысушыларды 205 сарапшы бағалады. Онлайн режимде өткізу мүмкін емес белгілі бір құзыреттіліктер барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, жергілікті жерлерде жүргізілді.
4 қазан күні Zoom платформасында чемпионаттың ашылу салтанаты, 15-16 қазан күндері негізгі құзыреттіліктерге сәйкес таңдап алынған он бір алаңда 32 құзыреттілік бойынша, 17-22 қазан аралығында 25 құзыреттілік бойынша колледж базаларында онлайн мастер-кластар ұйымдастырылды. Озық отандық және халықаралық тәжірибеге сүйеніп өңірлік чемпионат аясында WorldSkills қозғалысының құрамдас бөлігі негізінде «ZhasSkills Аktau» чемпионаты 15-17 жас аралығындағы студенттер арасында 11 құзыреттілік бойынша; оқушыларға кәсіптік бағдар беру үшін жаңа мүмкіндіктер жасау мақсатында білім беру ұйымдарының 14-16 жас аралығындағы оқушылар арасында «JuniorSkills Аktau» чемпионаты 5 құзыреттілік бойынша;- есту қабілеті бұзылған жастарға сапалы кәсіби білім мен жұмыспен қамтуға көмектесу, оқытудың жаңа технологияларын, кереңдерді жұмысқа орналастырудың тиімді жүйесін құру мақсатында DeafSkills кәсіби шеберлік чемпионатын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Киім үлгілеу», «Бисермен тоқу» құзыреттіліктері бойынша ұйымдастырылды. Жалпы мектеп оқушыларының арасынан да мамандыққа деген қызушылық артып қатысушылардың санының жыл санап көбейіп келе жатқаны қуанарлық жайт. Себебі ерте бастан кәсіби бағдар беріліп, өзінің қай кәсіпке икемділігін анықтаған жағдайда сапалы маман шығары айғақ.
– Биыл жұмысшы мамандығы бойынша құзіреттіліктер қатары көбейгенін аңғардық. Бұл шын мәнінде кәсіптік бағытқа жастардың бейім екенін айқындай түседі. Осы орайда қазақстандық студенттердің халықаралық жарыстардағы жетістіктеріне тоқталсаңыз...
– Иә, жыл сайын құзыреттіліктер саны көбейіп отыр. Биыл жаңадан 15 құзіреттілік қосылды. Жалпы аталған чемпионат қатысушылардан жоғары кәсіби дайындықты, әлемдік стандарттарды білуді талап етеді. Осы мақсатта біздің облыстың колледж студенттері алыс-жақын шетелдерде өткен чемпионаттарға қатысып, тәжірибе жинақтап, кәсіби білік дағдыларын шыңдап келеді. Сонымен қатар сол елдерде студентерімізбен қатар оқытушыларда тағылымдамадан өтуде. Халықаралық додаларда жүлделі орындар иеленіп жүр. Бұл – үлкен жетістік. Әсіресе Ресей, Белорусь, Өзбекстан елдерінде өткен чемпионаттарына қатысып келеді.
2019 жылы Қазан қаласында өткен әлемдік чемпионатта шәкіртіміз Тұрар Ердәулет «Майлау және безендіру жұмыстары» құзіреттілігі бойынша күміс медаль иегері атанды. Сондай-ақ «WorldSkills Abu-Dabi» әлемдік чемпионатына қатысушы Тілектес Алкуватова, Еркебұлан Сұлтанғалиев бүгінде өз колледждерінде сарапшы болып, жас чемпиондарды дайындауда.
«Жас кәсіпқойлар» VIII Ұлттық чемпионатының финалы (WorldSkills Russia) 2020 жылдың 6-21 қыркүйегі аралығында онлайн форматта өтіп, байқауға халықаралық қатысушылар, соның ішінде Қазақстан да қатысты.
Қазақстан командасының құрамындағы қатысушылардың бесеуі – маңғыстаулық жастар. Олар «Электромонтаждық жұмыстар», «Майлау және безендіру жұмыстары», «Интернет заттар» құзыреттіліктеріне қатысты. Нәтижесінде «Электромонтаждық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша Маңғыстау энергетикалық колледжінің студенттері Кажмукан Сугурбаев пен Саламат Иргибай «Алтын медаль», «Майлау және безендіру жұмыстары» құзыреттілігі бойынша Жаңаөзен қызмет көрсету колледжінің студенті Амина Сенби «Алтын медаль» иеленді. Ресей тәжірибесі негізінде биыл өңірлік чемпионатты онлайн режимде өткіздік.
– Иә, пандемия жағдайында Worldskills өңірлік чемпионатын өткізудің өзгешелігі қандай болды? Онлайн режимде қандай да бір қиындықтар туды ма?
– Биыл өңірлік чемпионатты пандемияға байланысты мекемелер базасында өткізу мүмкіндігі болмады. Онлайн режимде өткізу барысында бірқатар мәлелер туындады. Мәселен, чемпионатқа қатысушыларды 24 сағат бақылайтын арнайы бағдарламалардың жетіспеушілігі, жасалған бұйымдардың размерін өлшеу кезіндегі қиындықтар болды. Сондай-ақ CIS жүйесіне енгізу арқылау бағалау кезінде қиындықтар туындады. Себебі жұмыс жасау барысында қауіпсіздік ережелері, санитарлық нормалары бағалау мүмкін болмады. Осындай қиындықтарға байланысты кейбір құзыреттіліктер шеберлік сабақтары арқылы өткізілді. Токарь құзыреттілігі ЧПУ (сандық бағдарламалық басқару) аппаратында өткізілетіндіктен барлық санитарлық нормаларды сақтап офлайн жүргізуге тура келді. Жалпы Worldskills чемпионатын өткізуде мынадай мәселелер туындады: WSK ұлттық сарапшыларын даярлаудың бірыңғай жүйесінің, WS чемпионаттарына үміткерлерді даярлау бойынша бірыңғай жаттығу базасының болмауы, конкурсқа қатысушылардың ағылшын тілін меңгеруінің нашар деңгейі және психологиялық дайындығының болмауы; конкурсқа қатысушыларды даярлауға тартылған колледждердің, кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының төмен деңгейі. Аталған мәселерді шешу үшін облыс әкімдігінің, білім және ғылым министрлігінің қолдауымен бірқатар жұмыстарда қолға алынған.
– Осы ретте өңірімізде жаңа мамандықтарды ашып, білікті кадр даярлау бағытында атқарылып жатқан жобалар, іске асырылған бағдарламалар жайын да айта өтсеңіз. Жоғарыда айтып өткеніңіздей колледждер мен кәсіпорындардың материалдық-техникалық жабдықталуына қаншалықты көңіл бөлінуде?
– Баршаға мәлім Елбасы Жастар жылының ашылуында Үкіметке «Жас маман» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Жобаның мақсаты – елімізде 180 колледжді және 20 жоғары оқу орнын 100 аса талап етілетін мамандықтар бойынша жаңғырту және білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Жоба бойынша 2020, 2021 жылға облыстың 10 колледжінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға қаражат қарастырылды. Биыл 5 колледждің материалдық базасы жаңартылуда. Сонымен қатар колледждерде «Жас Маман» жобасы шеңберінде құзыреттілік орталықтарын жабдықтармен жабдықтау, құзыреттер орталықтары базасында жаттығу полигондарын құру, Zhasskills, Future, Digital, Agroskills бағыттары бойынша WorldSkills қозғалысын, кәсіпорындар мен колледждер арасындағы салалық чемпионаттарды, басқа елдердің чемпионаттарына қатысу, сарапшылар қауымдастығын дамыту жұмыстары да назарға алынған. Бұған қоса ерте кәсіби бағдарды дамыту (soft skills және hard skills онлайн-диагностикасы, профпробалар, сандық платформа құру, «Болашақ паркі» мамандықтар орталығын құру, «Үздік кәсіби бағдар» конкурсын өткізу, мектеп оқушылары арасында JuniorSkills чемпионаттарын өткізу), чемпионаттардың конкурстық тапсырмаларында (өңірлік, колледжішілік) модульдердің бірін ағылшын тілінде орындауды қарастыру жұмыстары да бар. WorldSkills қозғалысын дамыту, жетілдіру бағытында бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.
– Сұқбатыңызға рақмет.
Сұқбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ