Атаулы әлеуметтік көмек: кімге және қанша төленеді?
[ 2019 ] 17 сәуір, 12:40 | Саясат
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының «Адами капитал– жаңғыру негізі» атты жетінші тармағында әлеуметтік саясатқа айрықша тоқталып, жұмыспен қамту, адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту, халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жайында атап өтті. Жолдауда «Еңбекке қабілетті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін берілетін қаржылай көмек олар жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана қолжетімді болады» деп еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары күшейтілетінін баса айтты. Отбасындағы кәмелетке толмаған балаларға, бала күтімімен отырған аналарға, объективті себептерге байланысты еңбек ете алмайтын жұмыс жасындағы азаматтарға әлеуметтік көмек ешбір шартсыз тағайындалып, төленетін болады. Сонымен атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі қандай талаптарға сай болуы керек? Әлеуметтік жәрдемақылар қалай тағайындалады? Осы және өзгеде сұрақтар бойынша Маңғыстау облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қуаныш Берішбаевқа барып әңгімелескен едік.
- Атаулы әлеуметтік көмек кімге және қанша төленеді?
[caption id="attachment_77699" align="alignright" width="416"] Сурет сайт архивінен[/caption]
– Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезіндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында атаулы әлеуметтік көмек төлеу критерийі өзгерді. Ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап егер отбасының жиынтық табысы жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінің 70%-нан кем болса, аталған отбасы атаулы әлеуметтік көмекке үміткер болып табылады. Яғни үйге кіретін табыс отбасының әрбір мүшесіне 23 487 теңгеден кем болған жағдайда (ағымдағы жылғы 1-тоқсанда өңірде ең төменгі күнкөріс деңгейі 33 553 теңгені құрады) отбасы ауылдық жерде ауыл әкімдігіне, қалалық жерде жұмыспен қамту орталығына атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы өтініш білдіруге құқылы.
Бұрынғы тәртіп бойынша атаулы әлеуметтік көмек күнкөріс деңгейінің 50% есептелетін. Яғни отбасының жиынтық табысы жан басына шаққанда 16 776 теңгеден кем болған жағдайда ғана ол отбасына атаулы әлеуметтік көмек тиісті болар еді.
Мысалы, анасы мен кәмелетке торлмаған 4 балалы, отбасына кіретін табыс тек қана көп балалы отбасыға төленетін жәрдемақы алатын отбасы ескі тәртіппен 73 380 теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, жаңа тәртіппен бұл отбасына 117 435 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалатын болады.
Қорыта айтқанда, егер отбасының жан басына шаққандағы жиынтық табысы күнкөріс деңгейінің 70% жетпеген жағдайда кәмелетке толмаған әрбір балаға 23 487 теңгеден, ал ересектерге отбасының табысының 23 487 теңгеге дейінгі айырмасы атаулы әлеуметтік көмек түрінде төленетін болады.
– Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қандай құжаттар қажет?
– Бұл да – өте өзекті мәселелердің бірі. Шынын айту керек, бұрын атаулы әлеуметтік көмекке үміткер отбасы мемлекеттік органдардан көптеген құжаттарды жинақтауға мәжбүр болатын. Қазір мемлекеттік органдар мен ұйымдардың деректер қорларын бір жүйеге тоғыстыру, яғни интеграциялау арқасында тек қана адамның жеке басын куәландыратын құжатымен атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мүмкін болып отыр. Адамның жеке сәйкестендіру нөмірін жүйеге енгізу арқылы ол адам туралы мемлекет- тік деректер қорында сақталған бүкіл деректер – отбасы мүшелері, табысы, алимент, жәрдемақы, зейнетақы, кәсіпкерліктен түсетін табыс және тағы басқалары көрінеді. Міне, осының негізінде отбасының атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығы немесе мұқтаж еместігі автоматты түрде айқындалады.
– Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркелу құжаты қажет пе?
– Тұрғылықты тіркелу керек. Егер тұрақты тіркеуде болмаса, уақытша тіркеумен де қа- былданады.
– Осы жәрдемақыны рәсімдеу барысында отбасының жалпы табысын есептеу кезінде қандай табыс алынып тасталады?
– Жаңа енгізілген өзгерістерге байланысты табыстың төрт түрі отбасының жиынтық та- бысының құрамынан алынып тасталды. Олар: 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға (10504 теңге); «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған аналарға (16160 теңге), мүгедек балаға төленетін жәрдемақы, сонымен бірге стипендия табыс ретінде саналмайды.
– Көп балалы отбасыларды қолдау бойынша тағы қандай шаралар бар? Тұрғындар толық және дұрыс ақпаратты қайдан ала алады?
– Біз тұрғындарға түсінікті болу үшін әлеуметтік желілерге барлық ақпаратты жариялап отырамыз. Жұмыспен қамту орталығындағы консультанттар келген халықтың сұрағына қатысты ақпаратты береді. Сонымен қатар өңір басшысы Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес «бір терезе» қағидатымен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында тұрғындарға қызмет көрсету орталығы жұмыс жасап жатыр.
Облыс әкімінің бастамасымен атаулы әлеуметтік көмек алып отырған 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға жылына бір рет 100 мың теңге мөлшерінде көмек сәуір айынан бастап төлене бастайды. Қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек алып отырған 539 отбасына 100 мың теңге көмек қосымша құжат сұратылмастан автоматты түрде тағайындалатын болатын.
Сонымен қатар облыс бойынша көп балалы аналарға жеке кәсібін бастауға
500 мың теңге мөлшерінде қайтарымсыз 200 грант беру көзделген. Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов жергілікті жолаушыларды тасымалдайтын кәсіпкерлермен келісіп, 1 сәуірден бастап Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында, тамыздан бастап Жаңаөзенде, келесі жылдан бастап Бейнеу ауданында көп балалы аналарға қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік берілмек.
– Мүгедек жандарға қандай көмектер бар?
– Мүгедек балаларды оңалтудың екінші курсын жүзеге асыруға жергілікті жерден 50 млн. теңге бөлініп отыр. Бұрын оңалту шараларының бірінші курсы тегін, екінші курсы ақылы еді. Қазір екінші курсына да жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Мүгедек балалар Астанаға, Алматыға емделуге барады. Сол кезде олардың ата-аналарына барып-келу, барғасын онда тұру шығындары қиындық тудырып жүрген болатын. Ол жағына да жергілікті бюджеттен ақша бөлініп, оң шешімін тауып отыр.
– Қандай жастағы балалар АӘК ала алады?
– 23 487 теңге мөлшеріндегі атаулы әлеуметтік көмекті есептеу кезінде отбасының 18-ге толмаған балалары және 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын студент балалары есептеледі.
– Облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмекті неше жанұя алуда?
– Облыс бойынша қазіргі таңда 7151 адам немесе 1409 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Бұл көмек алушыларға алатын ақшалары автоматты түрде жаңа негізде көбейтіліп төленетін болады.
Бүгінгі күнде 1 сәуірден бастап 530 адамның құжаты қабылданды. Жалпы жыл аяғына дейін кем дегенде 14 мыңға жуық адамды әлеуметтік көмекпен қамтимыз деп жоспарлаудамыз.
– Аз қамтылған отбасы статусы қалай анықталады?
- Ауыл әкімдігіне немесе жұмыспен қамту орталығына өтініш білдірген жағдайда отбасының жан басына шаққандағы табысы 23 487 теңгеден кем болса бұл отбасы ресми аз қамтылған отбасы болып саналады және атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы.
- Әлеуметтік көмек алатын отбасылардың баспана мәселесі де бар. Осы бағытта көмектер көрсетіліп жатыр ма?
- Көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтуға ірі бизнес пен кәсіпорындар жұмылуда. Ағымдағы жылы көп балалы отбасылар мен мүгедектерге Ақтау қаласы бойынша 8 («K7 Group» құрылыс компаниясы – 1 пәтер, «БС Строй» ЖШС – 3 пәтер, «Құрылысстройсервис» ЖШС – 2 пәтер, «Құрылысшы-7» ЖШС – 2 пәтер), Бейнеу ауданы бойынша – 1 пәтер («Қарекет» қайырымдылық қоры), Маңғыстау ауданы бойынша – 1 пәтер («Айба жанұя» компаниясы), Түпқараған ауданы бойынша – 1 пәтер (Отаров Артур деген азамат ауыл тұрғындарының қолдауымен), барлығы 11 пәтер сыйға тартылды.
Бүгінгі күнде көмек алып отырған 539 көп балалы отбасылардың 80 пайызының жеке тұрғын үйлері жоқ.
– Е-Халық жүйесі туралы айтып берсеңіз. Аталған жүйенің мақсаты не?
– Осы жүйені толтыру жұмыстарын бастап кеттік. Бұл жүйеге біздің облыста тұратын барлық тұрғын енгізіледі. Қазірдің өзінде облыс бойынша 242 834 адам немесе облыс халқының 35,1% енгізіліп болды. Қай отбасыға бірінші кезекте көмек керек екенін осы жүйе арқылы анықтаймыз. Әлеуметтік карта жасалады. Коммуналдық төлемдер төлеп отыр ма? Тегін жолақыны пайдалана ма? Білімі, отбасылық статусы қандай деген сияқты сұрақтарға жауап алып, бес түрлі категориямен облыста қанша шұғыл көмекке мұқтаж жанұя бар екенінін анықтаймыз. Ең бірінші кезекте көмекті сол отбасы алатын болады.
Бұндай мүмкіндік мемлекеттік органдар мен ұйымдардың деректер қорын Е-Халық ақпараттық жүйесіне интеграциялау арқылы қол жеткізіліп отыр. Біздің облыстың барлық елді мекендері республикада алғашқылардың бірі болып Е-Халық жүйесіне толық қосылды. Ендігі міндет – облыс халқын толық осы жүйеге енгізу.
Е-Халық жүйесіне тұрғындарды енгізудегі мақсат – бүкіл тұрғындардың әлеуметтік портретін қалыптастыру. Базаны толық толтырған кезде әрбір отбасының жағдайын көріп, көмекке мұқтаждығы анықталатын болады.
– Жүктіліктің он екінші аптасына дейін есепке тұрған болашақ аналарға 425 мың теңге берілетіні рас па?
– Бұл мәселе Үкіметке Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан енгізілген ұсыныс, мәселеге қатысты әзірге нақты шешім қабылданған жоқ.
- Алдағы уақыттағы мақсат, жоспарларыңыз жөнінде не дейсіз?
– Біздің мақсатымыз – көмекке мұқтаж отбасыларға бірінші кезекте көмек көрсету. Облыс әкімінің қолдауымен «Жомарт жүрек» қайырымдылық шарасы қолға алынған болатын. Осы шара аясында 2 мыңға жуық отбасыға 40 млн. шамасында көмек көрсетілді. Қаржылай, азық-түлік, коммуналдық төлемдерін төлеп беру жолымен жәрдем берілді. Сондай-ақ 1842 отбасына 36,8 млн. теңгеден астам мөлшерде қайырымдылық көмек көрсетілді. Оның ішінде 1518 отбасына азық-түлік (29 926, 0 мың теңге), 7 отбасына дәрі-дәрмек (130,0 мың теңге), 12 отбасының коммуналдық қызмет түрлеріне қарызы төленді (355,0 мың теңге), 267 отбасына қаржылай көмек (1 591,0 мың теңге) көрсетілді.
Атаулы әлеуметтік көмекті алып отырған отбасы кедейлік шегінде өмір сүретін отбасы болып табылады. Мемлекеттік қолдау арқылы осы отбасыларды кедейлік шегінен шығарып, туындаған қиындықты еңсеруге қол ұшын беру – біздің басты міндетіміз. Ол үшін отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікке баулу шаралары қоса жүреді.
Қазір облыс әкімінің тікелей қолдауымен облыста «
Бизнес 3 күнде» жобасы жүзеге асырылып отыр. Жобаның басты мақсаты – көп балалы, аз қамтылған отбасыларға кәсібін ашуға қолғабыс жасау.
– Оқырманның сұрағы: Құжат тапсыруға барып едім, жолдасыңыз жұмыс жасауы қажет және зейнетақы қоры болу керек дейді. Ол қаншалықты рас?
– Егер отбасында еңбекке қабілетті жұмыс жасамайтын адам болса, атаулы әлеуметтік көмек шартты ақшалай көмек түрінде төленеді. Яғни атаулы әлеуметтік көмек төлеудің шарты – еңбекке қабілетті адамның ұсынған жұмысқа баруы немесе жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларына қатысуы. Ал объективті себептермен жұмыс жасай алмайтын адамдарға – мүгедек, зейнеткер, мүгедек балаға, қарт адамға күтім жасап отырған адам, 7 жасқа дейінгі баласы бар аналарға атаулы әлеуметтік көмек шартсыз ақшалай көмек түрінде төленеді. Яғни жоғарыда айтылған санатқа жататын адамдарға жұмысқа бару шарты қойылмайды.
Әлеуметтік жеңілдік көпшілік әлеуметтің барлық мәселесін шешіп тастайды деген сөз емес. Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау – ұлттың көбеюіне, дамуына, әлеуметтің әл-ахуалының жақсаруына сеп. Қалай десек те, қоғамнан әлеуметті ажыратып қарай алмаймыз. Демография өссін десек, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартайық. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толықтай орындай алса, әлеуеттің де әлеуеті артар еді.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР
4517
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.