Бүгінгі Президент, кешегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сапары ұмытпасам, 2014 жылдың 4 ақпаны ғой деймін. Облыстық активте сол кездегі әкім А.Айдарбаевтың баяндамасынан соң, төраға Елбасымыздың Жолдауының мән-мазмұнын түсіндірген. Әр түрлі сұрақ-жауаптардан кейін ардагер аға Дүйсембі Әріпұлы орнынан тұрып, облыс тұрғындары атынан мәртебелі қонаққа алғыс сезімін білдіре және Жолдаудағы міндеттерді орындауда жерлестерінің еселі еңбек ететініне сендіре келе Қасым-Жомарт мырзаға ешкім күтпеген тосын сый ұсынды... «Мәңгілік елдің экономикалық қуаты зор болуымен бірге, – деді Дүйсекең, – жоғары деңгейде дамыған мәдениеті мен әдебиеті болуы шарт. Осы тұрғыда сол әдебиеттің көрнекті өкілі, шытырман оқиғалар (детектив) жанрының көшбасшысы Кемел Тоқаев ағамен кезінде дос, жолдас, сыйлас болған едім. Осы тұрғыдағы естелігім жазылған «Тұлғалар тағылымы» атты кітабымды Кемел ағаның рухына тағзым ете отырып, сізге ағалық ілтипатпен ұсынамын». Дүйсекең осылай деп президумға бет ала бастағанда, Қасым-Жомарт орнынан жедел көтеріліп, залға беттеді. Залдағылардың тұрып ду қол шапалақтауымен ағаның қолын қысып, кітапты алып, рақметін айтқан.
***
Дүйсекең кешкі шайын ішіп отырғанда есік қағылып, ішке екі жігіт кіріп келіп: «ҚасымЖомарт аға сізге мына кітапты беріп жіберіп еді», – деп әдемі көгілдір кітапты ұсынады. Кітапты алып қараса сыртындағы жазулар: Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әке туралы ой--толғау» деп тұр екен де, ішкі бірінші бетіне: «Дүйсембі Әріпұлы ағаға шын құрметпен және ізгі тілекпен! Тоқаев 04.02.2014 ж.» деп жазылыпты. Дүйсекең кітапты бас алмай бір демде оқып шыққанын айтып, күнделігіне пікірін былайша жазып қойыпты: «Бұл сыйлыққа қатты қуанғанымның несін жасырайын. Баға жетпес сыйлық. Қасым-Жомарт Кемелұлының «ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, кісілігіне кішіпейілділігі сай келетін, қарапайым, адамгершілігі жоғары тұлға екендігінің белгісі деп білдім». Бүгінде арамызда жоқ, күні кеше ғана ақылын айтып: «хабарласпай кеттің ғой, қолың тисе келіп кетсейші» деп отыратын Дүйсембі ағаның бұл биік пікіріне мен 100% қосыламын.***
Мән бермей жүрсек құттықтаулардың, қолтаңбалардың, арнаулардың адамның жеке өміріндегі орны бөлек екен ғой. Қайран Дүйсекең тағы былай тебіренеді: «Сол бір жүрген кездерімізде Кемекең Қасым-Жомарт атты ұлының бар екенін, оның халықаралық қатынастар институтын бітіргенін, ағылшын, қытай тілдерін жақсы білетінін, қазір Қытай еліндегі Кеңестер Одағының елшілігінде қызмет ететінін айтқан болатын. Әрине, ол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстанға Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың шақыруымен келіп, жоғары деңгейдегі жауапты жұмыстар жасайтынын, Сыртқы істер министрі, Үкімет басшысы, Парламент Сенатының төрағасы лауазымдарына ие болып, үлкен беделді қайраткерге айналатынын Кемел аға да, мен де, ешкім де білген жоқ еді...».***
Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі кітабында былай толғанады: «...Ең бастысы, біз әкешешемізден адамгершілік пен ізгілік қасиеттерді бойымызға сіңірдік. Біз әрдайым атаанамызды мақтан етеміз, ал олардың өмірден ерте кетуі күні бүгінге дейін қабырғамызды қайыстырады. Кейде олар біздің өмірде жіберген қателіктерімізді, шалыс қадамдарымызды өздеріне алғандай көрінеді. Сондықтан атаанамыздың бойымызға сіңірген биік қасиеттерін енді өз балаларымызға беруге тырысамыз...»***
Елбасымыздың тосын шешімі көбімізді абыржытып тастағаны да шындық еді. Біздер, маңғыстаулықтар өзге жетістіктерді айтпағанда Колбин жауып кеткен облысымызды тәуелсіздігімізді алмай тұрған кездің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының қайта ашып бергенін ұмытуға тиіс емеспіз.***
Нұр ағамыз ізбасарын дұрыс таңдай алды деп ойлаймын (әрине, қазақта көшбасшылыққа лайық азаматтар көп қой). Жер қозғалса да қозғалмайтын салмақты да, байсалды, кішіпейіл, халықшыл, көп сөзділіктен іске бейім, Конституция, заң талаптарын ғана темірқазық санайтын, ата-ананың адамгершілік пен ізгілік қасиетін бойына сіңірген азамат Қазақ Елі атты кеменің штурвалын дұрыс бағытта ұстай алатынына сенім мол. Қазақстан гүлдене берсін!!!Айтуар ӨТЕГЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі