jaksylyk көп балалы ана

Маңғыстауда «3 күнде бизнес» жобасы алғашқы жемісін бере бастады. Бұл жоба Маңғыстау облысы әкімінің бастамасымен қолға алынған, республика көлемінде әрі көрші елдерде баламасы жоқ, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Айта кетейік, осыған дейін «Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан» атауымен танылған жобаның атауы «Бизнес 3 күнде» бағдарламасы болып өзгерді. Атауы ғана емес, мазмұны да түбегейлі өзгеріп отыр. Яғни бұл жобаның аясында жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық жасалып қана қоймай, нақты бір бизнеске баулитын болады.

Наурыз айында ғана қолға алынған жоба осыған дейінгі әлеуметтік бағдарламалардан мүлдем өзгеше. Бұл жоба аясында мамандар күнкөріс деңгейі өте төмен отбасыларды тауып, қандай кәсіпке икемі барын анықтайды. Содан кейін бизнесті бастап кету үшін қажетті құрал-жабдықтарын, өніміне қажет азық-түліктерін әперіп, тауар белгісін (логотип) жасақтап беріп, өндірген тауарларын сауда нүктелеріне шығаруға көмектеседі. Бизнесін ашқан отбасыларға несиесіз, кепілсіз, қайтарымсыз көмек беріледі. Мәселен, «AliTort» кондитерлік өнімін саудаға шығару үшін құрал-жабдық алуға 350 мың, тауар белгісін жасауға 150 мың теңге жұмсалған.

3 kunde biznes жоба бизнес

Бұл жобаға қолдау көрсетушілердің арасында құрылыс корпорацияларының басшылары Самат Мұсабаев және Иса Баймырза бар.

Отбасыларды, жобаларды іріктеу, жобасын соңына дейін жүзеге асыруын қадағалау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Кеше Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен жобаны іске асыру бойынша комиссияның отырысы өтіп, алғашқы нәтижелері талқыланды. Маңғыстау облысы әкімі комиссия отырысында «Бизнес 3 күнде» кәсіпкерлік жобасының аясында өңірде 370 жаңа кәсіп ашуды тапсырды. Осылайша Ақтау қаласында 100 кәсіп, Жаңаөзен қаласында 100 кәсіп, Мұнайлы ауданында 50 кәсіп, Бейнеу, Қарақия және Түпқараған және Маңғыстау ауданында 30 кәсіптен ашылмақ.

Наурызда басталған жоба өзінің алғашқы нәтижесін бере бастады. Мәселен, Жаңаөзен қаласында 50-ден аса тұрғын өз кәсібін ашып, «ZERE» аспаздық өнімдері, «XANBIBI» тігін шеберханасы, «AliTort» кондитерлік өнімі, OZEN NAN нан өнімдері, жылы жайлар, құс шаруашылығы т.б брендтер өз жұмысын бастады. Қалған 50-ге жуық тұрғын 20 сәуірге дейін кәсіпкер атанады.

3 kunde biznes жоба бизнес

Мысалы, Гүлсім есімді көп балалы ана бар-жоғы 2 күн ішінде «Zere» брендімен (кішкентай қызының есімі) үй ішілік бизнес ашып, күнделікті тауарын супермаркеттерге жөнелтіп, жеке тапсырыс қабылдап, күніне 20-25 мың теңге пайда тауып отыр.

Айта кететін бір жайт, үй жағдайында бизнес ашып, кәсібін тұрақтандырған азамат тағы 5 азаматтың кәсіп ашуына көмектессе, әр адам үшін сыйақы алады.